Accessibility links

Жұмыс істейтін студент қанша?


Жатақханаларының алдында отырған алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)
Жатақханаларының алдында отырған алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы жұмыспен қамту веб-сайтының дерегінше, жұмыс іздеген адамдардың 163 мыңға жуығы өзін студент ретінде көрсеткен. Яғни елдегі бүкіл студенттің ширек бөлігіне жуығы сабағына дұрыс көңіл бөлмей, жұмыс істеп жүрген болуы мүмкін.

Қазақстанда жоғары оқу орны (ЖОО) студентінің стипендиясы - орташа есеппен 17 мың теңге (шамамен 50 доллар), бұл – бәрібір өте аз. Стипендиясы студенттің күн көрісіне жетпейтін елдер көп, бірақ Қазақстандағы мардымсыз стипендия студенттерді сабаққа көңіл бөлмей, жаппай жұмыс іздеуге мәжбүрлеп отыр. Бірақ жұмыс істейтін студенттерге қатысты әлдебір статистикалық деректер немесе сараптама табу мүмкін емес.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге қатысты шағын зерттеу жүргізді.

ТҮНДЕ - ЖҰМЫС, ТАҢЕРТЕҢ – САБАҚ

Алматылық студенттер Айнұр Серікова мен Руслан Алданғазов сабақтан кейін жұмыс істейді. Айнұр - мейрамханада даяшы, Руслан - қара жұмысшы. Екеуі алматылық студенттердің жартысына жуығы сабақтан бос уақытында жұмыс істейтінін айтады әрі мұны сөкет санамайды.

- Студенттердің көбі кафе, мейрамханаларда даяшы, мега-орталықтарда консультант, көшеде тұрып парақша тарататын промоутер болып жұмыс істейді. Даяшы болып жұмыс істейтін студент күніне кемі 2-3 мың теңге таба алады. Кәмелетке толғандардың жұмыс істеуіне болмайды деген заң жоқ қой, жасымыз 18-ден асып кетті, сондықтан өзімізді асырауымыз керек, - дейді Айнұр Серікова Азаттыққа.

Алматылық студенттер Айнұр Серікова мен Руслан Алданғазов.
Алматылық студенттер Айнұр Серікова мен Руслан Алданғазов.

Екі студент екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Олар тапқан ақшасын пәтер жалдауға, оқу ақысын төлеуге және тамаққа жұмсайды. Студенттер «бәріне үлгереміз - түнімен жұмыс істеп шығамыз да, таңертең душқа түсіп, сабаққа барамыз, сабақтан үйге қайтамыз» дейді. Руслан «ұйықтамай-ақ қоюға да болады» дейді.

Бірақ ЖОО оқытушылары студенттердің сабақ кезінде жұмыс істегенін онша құптамайды. Қабдұллақазы Наурызбаев атындағы қазақтың бас сәулет-құрылыс академиясының жалпы құрылыс факультеті деканының пікірінше, кешкі, қашықтан және сырттай оқитын студенттер болмаса, күндізгі бөлім студенттеріне жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.

- Күндізгі бөлімде оқитын студенттер сабақ оқуы тиіс. Студенттердің көбі ресми тіркелмей жұмыс істейді. Меніңше, студенттер мына дағдарысқа байланысты жұмыс істейтін шығар, бірақ олар бәрібір көп ақша таппайды. Соңғы курста оқитын студенттердің жұмыс істеуіне болады. Ал төменгі курс студенттерінің жұмыс істегенін құптамаймын. Менің білуімше, студенттер күніне бірер сағат жұмыс істейді. Бірақ біздің студенттеріміз сабақтан қалмайды, - дейді факультет деканы Азаттыққа.

Азаттық тілшісі сауалнамаға қатысқан ата-аналардың студент балаларының жұмыс істеп, ақша тапқанына бөгет жасамайтынын байқады. Олардың көбі ер жеткен баласының жұмыс істеп, ақша тапқанына қарсы емес. Шеттен келген студенттер ғана емес, әке-шешесімен бірге тұратын қалалық студенттер де жұмыс істейді.

ЖҰМЫССЫЗДАР АРАСЫНАН ЖҰМЫС ІЗДЕУ

Азаттық дерегінше, қала билігі Алматыда жұмыс істейтін қанша студент бар әрі олардың көбінесе қайда жұмыс істейтінін білмейді. Статистика департаменті өкілдері Азаттыққа «біз мұндай ақпарат жинамаймыз» деп жауап берді, департаментке қарасты еңбек басқармасы да мұндай мәліметтер бермеді. Департамент өкілдері «Ел халқының жұмыс істемейтін бөлігі ретінде күндізгі оқу бөлімінде оқитын 18-27 жас аралығындағы студенттер санына қатысты статистиканы ғанажүргіземіз. Бізде өзге ақпарат жоқ» дейді.

Әуезов ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығы Мирас Нысанәлінің айтуынша, ауданда елдің әр аймағынан келіп оқитын 31 мың студент бар.

- Біздегі тәртіп бойынша 18 жасқа толған студенттер ғана каникул кезінде, яғни маусым-қыркүйек айлары аралығында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істей алады. Ал колледж студенттеріне 18 жасқа толмағандықтан, жұмыс істеуге рұқсат етпейді, - дейді Мирас Нысанәлі.

Қала билігі өкілі «егер студент жұмыс істесе, бұл – оның құқығы, бірақ ол сабағы нашарлап кететінін ұмытпағаны жөн» дейді.

Жұмыс іздеген жұрт көп пайдаланатын Rabota.nur.kz сайтының маркетинг және PR бөлімі қызметкері Даниил Гаянцевтің дерегінше, қазіргі кезде сайтта жұмыс іздеп тіркелген 163 мыңға жуық адам өзін студент деп көрсеткен. Студенттердің көбі сауда менеджері, бухгалтер, офис-менеджер, сатушы- кеңесшінің жұмысын іздейді. Сауда өкілі, клиентпен жұмыс істейтін менеджер, көлік жүргізуші, заңгер, кассир, даяшы сияқты жұмыс іздейтіндер де бар.

Біздегі тәртіп бойынша 18 жасқа толған студенттер ғана каникул кезінде, яғни маусым-қыркүйек айлары аралығында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істей алады. Ал колледж студенттеріне 18 жасқа толмағандықтан, жұмыс істеуге рұқсат етпейді.

Алматыдағы 20 кафе, мейрамхана өкілдері Азаттық сауалына «бізде студенттер жұмыс істемейді» деп жауап берді. «Ақ алтын», Grand opera, Solod, Vivaldi және өзге мейрамхана өкілдері «студенттердің сабақ кестесі біздің жұмыс кестемізбен сәйкес келмейтіндіктен, оларды жұмысқа алмаймыз» деп жауап берді. Олар «жұмыс сұрап келетін студенттер бар, бірақ мекеме әкімшілігі оларды алмайды» дейді.

Азаматтық белсенді Ерсайын Ерғожаның мәлімдеуінше, жұмыс берушілер артық проблемадан қашып, қызметкерлері жайлы (оның ішінде студенттер де бар) дұрыс ақпарат бергісі келмейді. Оның пікірінше, мұның себебі біреу - жұмыс берушілер студенттерге жалақыны құжат бойынша төлемейді. Ерғожа «олар жұмыс істейтін студенттер туралы ақпаратты жасыруға мәжбүр» дейді.

- Мен қазір студенттер алып жүрген 17 мың теңге стипендияны көбейтуді ұсынамын. Бұл ақша неге жетеді? Студенттердің көбінің әке-шешесі жұмыссыз, күнін әрең көріп отыр. Студенттер амалсыз жұмыс істейді. Білім министрлігі қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін анықтау үшін мониторинг жүргізіп, жұрттың жұмысқа орналасуына көмектесуі тиіс,- дейді Ерсайын Ерғожа Азаттыққа.

Қазір Қазақстанда 139 ЖОО бар, онда 630 мың студент оқиды. Алматыдағы 42 ЖОО-да 186 мыңға жуық студент оқиды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG