Accessibility links

«Болашақ» стипендиясына өтініш қабылдаудың ерекшеліктері


Капитолий алдында ту ұстап тұрған студент. Вашингтон. Көрнекі сурет.
Капитолий алдында ту ұстап тұрған студент. Вашингтон. Көрнекі сурет.

Шетел университеттерінде оқу үшін «Болашақ» стипендиясын алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру науқаны 2014 жылдың 3 наурызынан басталады.

20 жастағы Рауан Жаңабек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) «Экономика және бизнестің жоғары мектебі» факультетінің екінші курсында оқиды. Ол төрт тілді - ағылшын, түрік, орыс және қазақ тілдерін меңгерген.

Келешекте «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алудан
ҚазҰУ студенті Рауан Жаңабек. Aлматы. 27 ақпан 2014 жыл.
ҚазҰУ студенті Рауан Жаңабек. Aлматы. 27 ақпан 2014 жыл.
үміттенеді. Бірақ бұл үшін әуелі оқуын тәмамдап, жұмысқа орналасуы тиіс. Еуропаны көруді армандайтын жас жігіт өзінің білімі мен мүмкіндігіне сенімді. Ағасы мен достары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатыр.

- Бұл бағдарлама бойынша оқу үшін бар күшімді саламын. Қазір стаж талап етеді, сондықтан Қазақстан банктерінің бірінде жұмысқа тұрып, стаж жинап алу керек, - дейді Рауан Жаңабек Азаттық тілшісіне.

ҮМІТКЕРЛЕР МЕН ҚҰЖАТТАР ТУРАЛЫ

Биыл халықаралық «Болашақ» стипендиясын алуға магистратура, докторантура, ғылыми педагогикалық, медициналық және инженер-техникалық тағлымдама бағдарламалары бойынша құжаттар қабылданады.

«Болашақ» бағдарламасының жаңа талаптарына сәйкес, стипендия алудан үміткердің міндетті түрде жұмыс стажы болуы тиіс. Жұмыс берушіден «стипендиаттың жұмыс орны сақталады» деген қолхат сияқты кепіл қажет. Оқуын бітіріп келген соң жас маман сол компанияда 3-5 жыл жұмыс істеуі тиіс.

- Егер Қазақстанның белгілі бір компаниясында жұмыс істемесе, кез келген үміткер «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқи алмайды, - дейді халықаралық бағдарламалар орталығының вице-президенті Айгүл Нәдірова.

Құжат тапсыратын мемлекеттік қызметшінің соңғы 12 айды қосқандағы жалпы стажы екі жылдан кем болмауы, бакалавр немесе мамандығы туралы диплом қосымшасындағы орташа балл 4,00 немесе 5,00 болуы тиіс.

«Ғылыми немесе педагогикалық қызметкерлер» категориясы бойынша құжат тапсыратын үміткерлердің стажы бір жылдан кем болмауы тиіс.

Студенттер. Көрнекі сурет.
Студенттер. Көрнекі сурет.
- Үшінші категория бойынша құжат тапсыратын үміткер Қазақстан ЖОО түлегі әрі жоғарғы оқу орнының ғылыми қызметкері немесе оқытушысы болуы шарт және осы ЖОО-ның дипломы болуы тиіс. Мәдениет және БАҚ қызметкерлерінің де жұмыс стажы бір жылдан кем болмауы тиіс. Ал соңғы категория «Магистратура, резидентура, докторантура, тағлымдамаға өздігінен түсетіндер категориясы бойынша үміткерлердің жұмыс стажы 2-3 жылдан кем болмауы тиіс, - дейді Айгүл Нәдірова.

Үміткерлер мынадай құжаттар өткізу тиіс: сауалнама, өтініш-негіздеме, жұмыс берушінің «үміткердің жұмыс орны сақталады» деген кепіл-хаты, жеке куәлік пен паспорттың көшірмесі, дипломның нотариалды куәландырылған көшірмесі, 0-82/у формадағы медициналық анықтама, зейнетақы қорынан үзінді көшірме, қазақ тілі мен шет тілінен емтихан тапсырғанын растайтын ресми сертификаттың көшірмелері.

КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУ

Үш турдан тұратын конкурстық іріктеу 3 айдан 8 айға дейін созылады. Бірінші тур бойынша үміткер мемлекеттік тіл мен шет тілін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында тест тапсырады және психологиялық тестен өтеді.

Іріктеу конкурсының барлық кезеңі Астанада өтеді. Ал шет тілінен тест тарсыру Алматы мен Астанада өтеді. Тест тапсыратын күн әр үміткерге емтиханнан 5-6 күн
Студенттер кездесуі. Көрнекі сурет.
Студенттер кездесуі. Көрнекі сурет.
бұрын хабарланады.

- Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдағаннан кейін стипендия иегері 90 күн ішінде келісім-шартқа отырады. Оқу немесе тағлымдамадан өтуге байланысты барлық шығындарды өтеу үшін осы шарт негізінде ақша аударылады, - дейді халықаралық бағдарламалар орталығының вице-президенті Айгүл Нәдірова. Шетелдің 200-ге жуық жоғары оқу орнында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 - 2,5 мыңдай қазақстандық студент оқиды және қазір 500-ге жуық адам оқуға аттануды күтіп отыр.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG