Accessibility links

«Диплом жаздырту» үйреншікті іс боп барады


Диплом жазу туралы жарнама. Алматы, 15 мамыр 2013 жыл

Диплом жазу туралы жарнама. Алматы, 15 мамыр 2013 жыл

Мамыр айында студенттердің диплом жұмысын қорғау науқаны басталысымен жоғары оқу орындарының маңындағы құлақтандыру тақталарында «Диплом жазып беремін» деген жарнамалар көбейіп кетеді. Азаттық тілшісі бұл «кәсіппен» кім шұғылданатынын және неліктен мұндай қызметке сұраныс бар екенін біліп көрді.

2012 жылы университет бітірген Әсемгүл С. дипломды өзі жазбағанын айтады. Студент кезінде Алматыдағы кафелердің бірінде даяшы болып жұмыс істеген бойжеткеннің Азаттық тілшісіне айтуынша, «диплом жазуға уақыты да, ниеті де болмаған».

- 50 мың теңге төледім. Диплом жазуымен айналысатындар толық жазып берді. Тақырыбым типография, баспаға байланысты болды. Екі айда 60 беттік дипломымды жазып, шығарып, түптеп әкеп берді. Тіпті қорғау кезінде айтатын сөзіңді де дайындап береді, - дейді сұхбаттасымыз.

«ЕКІ ЖЫЛДА 20-ҒА ЖУЫҚ ДИПЛОМ ЖАЗДЫМ»

Алматыдағы университеттердің бірінде магистратурада оқитын Айбек К. екі жылдан бері диплом жазып, ақша тауып жүргенін айтады. Қазір оған студенттерден үш диплом жазуға тапсырыс түскен.

Азаттық тілшісі Айбекпен Алматыдағы ұлттық кітапханада кездесті. Ол кешке дейін кітапханада дипломға қажетті материалдың көшірмесін жасап, кешкісін үйде реттейтінін айтады. Айбектің жазған еңбегі тақырыптың қиындығына қарай бағаланады. Оның сөзінше, диплом жазу құны 50 мыңнан 65 мың теңгеге (330-дан 430 АҚШ долларына) дейін жетеді.

Көбіне өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін студенттер жаздырады. Отбасын құрған, баласы бар студенттер де көп жаздырады.


- Екі жылда 20-ға жуық «диплом» жаздым. Бір «диплом» жазу үшін бір-екі ай уақыт кетеді. Ал асығыс түрде керек десе, оны да жылдамдатып дайындап беремін. Көбіне өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін студенттер жаздырады. Отбасын құрған, баласы бар студенттер де көп жаздырады. Ал былтыр жазда «магистрлік диссертация» да жаздым. Ол 120 беттен тұрады. Үш айдың ішінде жазып, еңбегім үшін 80 мың теңге алдым. Жалпы «магистрлік диссертация» үшін 100 мың теңгеге дейін сұраймын, - дейді ол.

Айбектің сөзінше, ол диплом жазуға қажетті деректерді интернет пен әдебиеттерден көшіріп алады.

Алматыдағы университеттердің біріндегі зертханада жұмыс істейтін Жансая А. қазақ және орыс тілдерінде «диплом» жазатынын айтты.

Қазақ студенттер. Көрнекі сурет

Қазақ студенттер. Көрнекі сурет


​- Негізгі гуманитарлық - тарих, әдебиет тақырыптары бойынша жазамын. Бағасы - 60 мың теңге. Тапсырыс берген күннен бастап екі айда дайын болады. Кейде қолымда дайын немесе тақырыбы ұқсас дипломдар болады. Соларды кішкене өзгертіп, сатамын. Бірақ ондай жағдайлар жиі болмайды. Күнде кітапханада отырып, ізденіп, зерттеп жазамын. Көбіне кітаптар мен интернет материалдарын пайдаланамын. Ал антиплагиатқа салынатын үш-төрт бетті арнайы өз ойыммен қорытып жазамын. Біреуге диплом жазып беру арқылы өз біліміңді де арттырасың, - дейді ол.

КОМИССИЯНЫ АЛДАУ

Ереже бойынша, диплом жазып біткен соң оны интернеттегі антиплагиат бағдарламаларға салып, тексерістен өткізу керек. Плагиаттың бар-жоғын тексеретін сайттар мен бағдарламалар интернетте көп. Ол бағдарламалар ғылыми еңбектің тек бір-екі бетін қабылдайды. Жазылған ғылыми еңбектің салған бір-екі бетін тексеріп, қанша пайызы көшірілмегенін анықтап береді.

Алайда тапсырыс бойынша ғылыми еңбек жазумен айналысатын Айбек антиплагиат сайттар мен бағдарламаларды алдап кетуге болатынын айтады.

Антиплагиат бағдарламаға деп бір бетті арнайы жазып, соны саламыз. Ол «80-85 пайыз көшірілмеген» деп нәтиже шығарып береді. Осылайша, комиссияны да, интернетті де алдап кетуге болады.


- Ереже бойынша, диплом жазып біткен соң интернетте плагиаттыққа қарсы түрлі бағдарламалар арқылы жазғаныңызды тексеру керек. Ол бағдарлама 60 беттік дипломның тек бір бетін ғана қабылдайды. Әрине, антиплагиат бағдарламаға деп бір бетті арнайы жазып, соны саламыз. Ол «80-85 пайыз көшірілмеген» деп нәтиже шығарып береді. Соны комиссия алдына апарасыз. Олар қорғауға қол қояды. Осылайша комиссияны да, интернетті де алдап кетуге болады, - дейді сұхбаттасымыз.

Ал ҚазҰУ-да диплом қорғау комиссиясына мүше аға оқытушы Ғалия Қараеваның айтуынша, қазақ тіліндегі зерттеулерді тексеретін жеке антиплагиаттық бағдарлама жоқ.

Студенттер мен оқытушы. Көрнекі сурет

Студенттер мен оқытушы. Көрнекі сурет

- Интернеттегі антиплагиат бағдарламалардың көбі - ресейлік програмистердің жасағандары. Қазақстанның жеке антиплагиат бағдарламасы жоқ. Ресейлік бағдарламаларға қазақша мәтін салсаңыз, үш мың таңбадан артық қабылдамайды. Кейде қазақ әріптерін де танымай қалады. Осы жағынан аздаған мәселе бар. Бірақ әр бетті жеке-жеке салып тексертеміз. Ол – міндет. Бірақ қорғауға келгенде комиссияға бір беттің нәтижесін алып келеді, - дейді оқытушы Азаттық радиосына берген сұхбатында.

«ДИПЛОМДЫ ЖЕТЕКШІМ ДАЙЫНДАП БЕРЕДІ»

Кейбір студенттер дипломдарын өз жетекшілеріне жаздыратындарын айтты. Мәселен, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін биыл бітіретін Айман Н. «дипломымды жетекшім өзі дайындап береді» деп жайбарақат жүр.

- Маған жетекші ағайым істеп береді. 100 мың теңге бердім. Қорғау, комиссиядан, бәрінен өткізіп береді. Қолым босамайды. Жетекшіме жұмыс істеймін деп жағдайымды айтып едім, «Бәрін өзім бітіріп беремін» деді. Қазір сол кісі айналысып жатыр. «Уайымдама, алып беремін» деген соң алаңсыз жүрмін. Дипломды біреуге жаздырғаныма еш өкінбеймін де, намыстанбаймын да. Одан ұялудың да керегі жоқ. Менің болашағым диплом жазуға байланысты емес қой. Бастысы, дипломды алсам болды. Дипломды біреуге жаздырдың ба, өзің жаздың ба - ешкім тексермейді, - дейді студент.

Біздер мұғалімдер бұрын жазылған дипломның тақырыбын сәл өзгертіп, оны басқаларға қорғатамыз. Жазып беруден намыстанбаймыз. Біз де сол дипломды жазу үшін еңбектенеміз және соған тиісті ақымызды аламыз.


Қамбар Б. есімді студент те дипломын мұғаліміне жаздырып жатқанын айтады.

- Жетекшімді «жұқалап», 60 мыңға келістім. Диплом қорғау - мамыр айының соңында. Сол уақытқа дейін дайындап беретініне сенемін. Дипломды өзім-ақ жазғым келеді. Бірақ төрт жыл бойы жұмыс істеп, сабаққа дұрыс бармадым. Ал сабаққа бармаған соң ғылыми жұмысты жақсылап жазу қиын. Бастысы, дипломымды алсам болды, - дейді студент жігіт.

Бір таң қаларлығы - университетте сабақ беретін кейбір оқытушылар да студенттерге диплом жазып беретіндерін жасырмайды.

- Заң бойынша бір тақырыпты екі рет қорғауға болмайды. Ал біз бұрын жазылған дипломның тақырыбын сәл өзгертіп, оны басқаларға қорғатамыз. Мұғалімдер студенттеріне диплом жазып беруден намыстанбайды. Біз де сол дипломды жазу үшін еңбектенеміз және соған тиісті ақымызды аламыз, - дейді университетте сабақ беретін Майра Б.

ДИПЛОМ ЖАЗДЫРУ МЕН ПЛАГИАТТЫ ЖАЗАЛАУ


Шетелдік академиялық ортада плагиат туралы шағым сот арқылы қаралады. Бұл соттарда жергілікті немесе халықаралық құқықтық нормаларға байланысты кейде шығынды (моральдық шығын болуы да мүмкін – ред.) өтеп беру, кейде авторлық құқықты бұзған жауапты тұлғаларды бас бостандығынан айыру сияқты жазаларға дейін қолданылады.

Мәселен Ұлыбритания заңдарында идеялар мен фактілер барлық адамдарға ортақ екені анық жазылған. Сондықтан соттар плагиат деп сөзбе-сөз көшіруді түсінеді. Ал АҚШ-та сот шығармалардың құрылымын салыстырады. Сөздері өзгергенмен, құрылымы, идеялары, фактілері тұтас сәйкес келіп тұрса, онда сот мұны плагиат деп тануы мүмкін.

АҚШ-тың кейбір штаттарында студенттік эссе, курс және диплом жұмыстарын, диссертацияларды, есептер мен оқу барысындағы басқа да жазбаларды сатуға заң жүзінде тыйым салынып, заң бұзған адамдарды сот арқылы жазалау қарастырылған.


Университет оқытушысы айлығының аздығы да оны тапсырыс бойынша диплом жазуға мәжбүрлейтін негізгі себептің бірі ретінде аталады.

- Бір студенттің диплом жұмысының жетекшісі болғанымыз үшін университеттен 20 мың теңге ақша аламыз. Ол аз. Бірақ университет беретін ақша аз екен деп барлық студенттің дипломын алып, өзіміз жазбаймыз. Қайта студенттің өзі ізденгені жақсы. Бірақ бізде ізденгісі келмейтін, ерінетін студенттер баршылық, солардың жұмыстарын ақшаға жазамыз, - дейді оқытушы.

ШАРАСЫЗДЫҚ

ҚазҰУ-дің оқу үдерісі бөлімінің басшысы Жарылқасын Жаппасовтың айтуынша, диплом жазушылар мен диплом жаздырушыларды анықтау қиын.

- Университетте диплом жаздыртып және диплом жазып жүргендерге байланысты нақты факт тіркелген жоқ. Бірақ «диплом жазамын» деген жарнама көп қой. Ондай фактілер анықталса, студент, оның жетекшісі және факультетпен жұмыс жүргіземіз. Дегенмен оны анықтау - қиынның қиыны. Егер студенттердің бірі мұндай жайтты бізге келіп айтса, дереу тексереміз. Жалпы, дипломды өзі жазбаған студент қорғауда тақырыбын аша алмай, тиісті төмен бағасын алады, - дейді университет өкілі.

Ал Алматыдағы жеке меншік оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін Назима Ж. есімді қызметкер:

- Диплом жазатындар да, жаздыратындар да бар. Оларды анықтау мүмкін емес. Біздің университеттің сыртында да «диплом жазамыз» деген жарнамалар толып тұр. Сол жарнамада жазулы тұрған телефондарға жасырын түрде хабарласып, оларды анықтауымызға болар еді. Бірақ тыныш жүре береміз. Негізі, диплом жаздыратындарды және жазатындарды анықтаймыз десе, басшылық анықтайды ғой. Алайда бұл жайтты ешкім мәселе деп қарамайды. Сондықтан диплом жазушылар мен жаздырушыларды анықтау үшін ешқандай шара жүргізіліп жатқан жоқ, - деді.

Қазақстанда заң бұзу сипатына қарай плагиатор да қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Қандай да бір интеллектуалдық меншік құқығын бұзушыға шамамен 2-10 миллион теңге (13 мың – 66 мың АҚШ доллары) аралығында айыппұл салынады. Егер бұл әрекетті қылмыстық топ жүзеге асырса, 15 миллион теңгеге (99 мың АҚШ доллары) жуық айыппұл салынып, айыпкер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады (қылмыстық кодекстің 184-бабы бойынша – ред.).

«ДИПЛОМДЫ ӨЗГЕГЕ ЖАЗДЫРУ – ӨЗІҢЕ ЖАСАҒАН ҚИЯНАТ»

Студент Маржан Сейсенбаева да биыл жоғары оқу орнын бітіреді. Оның пайымдауынша, дипломды өзгеге жаздыру – өз біліміңе жасаған қиянат.

Диплом жазып жүргендер заманды кінәлап, «Жалақымыз аз. Қосымша табысымыз» деп айтар. Бірақ бұл - адамдық, ұстаздық тұрғыдан ұят іс.


- Дипломды өзім жазып жатырмын. Болашақта магистратураға түсіп, ғылыммен айналысуға үлкен көмек. Ал бакалаврдың дипломын жаза алмау – төрт жылдық уақытыңның далаға кеткені. Сондықтан төрт жыл алған біліміңнің нәтижесін осы дипломға салып, 60 беттік жұмысты жазып шығу еш қиын емес, - дейді студент.

ҚазҰУ-де оқытушы болып жұмыс істейтін доцент Мұрат Ж. Азаттық тілшісіне:

- Бұл (университет оқытушыларының студенттерге диплом жазып беруі - ред) масқара ғой. Мен естімедім. Егер университет мұғалімі осындай қадамға барса, ақшаға құныққандығы. Өз қызметіне адал оқытушы болса, мұндай қадамға бармауы тиіс. Диплом жазып жүргендер заманды кінәлап, «Жалақымыз аз. Қосымша табысымыз» деп айтар. Бірақ бұл - адамдық, ұстаздық тұрғыдан ұят іс, - дейді.

Қазақстан университеттерінде қабылданған ереже бойынша, гуманитарлық мамандықта оқитын бакалаврлар кем дегенде 60 бет, ал техникалық ғылым саласында оқитын студенттер 30 бет диплом жазуы тиіс. Магистрлік диссертация кем дегенде 80-120 бет болу керек.

Ескерту: Мақалада толық есімдерін жарияламауды өтінген кейіпкерлердің аты-жөндері қысқартылып жазылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG