Accessibility links

Аз балмен грантқа түсу амалын тапқандар


«Серпін – 2050» бағдарламасымен оқу грантын жеңіп алған жастар. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

«Серпін – 2050» бағдарламасымен оқу грантын жеңіп алған жастар. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

Мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша бөлінген 1050 гранттың көпшілігін иеленген оңтүстік қазақстандық жастар солтүстік, шығыс және батыс өңірдегі оқу орындарына түсіп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының тұрғыны Мөлдір Мұратбайдың Қостанай қаласына барғанына үш күн болды. Ол биыл мектеп бітіргенде тапсырған ұлттық бірыңғай тестегі (ҰБТ) 72 балымен «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша грант иеленген. Мөлдір Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша тегін оқуға түскен.

– Оқу грантын жеңіп алғаныма қатты қуанамын. Ата-анама еш жүк салмай, өз күшіммен оқуға түскенім қандай жақсы болды. Қостанайға алғаш келгенімде қорқыныш болды. Замандастарыммен танысып, үйренісе бастадым, – дейді ол.

Жатақханаға орналасқан Мөлдір бір жылдық жамбасақысы ретінде 25 мың 140 теңге төлеген. Оның сөзінше, «жатақханада студенттерге бар жағдай жасалған – жатын бөлме ықшам, арнайы кір жуатын, шомылатын бөлме де бар».

«ОСЫНДА ҚАЛ ДЕСЕ, ҚАЛАМЫН»

Солтүстік облыстардағы оқу орындарына түсіп, мұндай грантқа ие болған жастардың енді бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Үтіртөбе ауылындағы мектептің түлегі Мәдина Әкімханқызы. Ол 67 балмен Петропавлдегі (Солтүстік Қазақстан облысы) Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетке түскен.

– Дипломды осы оқу орнынан алу ниетім бар. Осында жұмыс ұсынса, ойланып көремін, – дейді қазір университеттің жатақханасына орналасып жатқан Мәдина Әкімханқызы.

Орал қаласындағы ЖОО-ға түскен Раушан Бегалиева. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

Орал қаласындағы ЖОО-ға түскен Раушан Бегалиева. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

​Ал Мәдинаның замандасы – Ордабасы ауданындағы мектептердің бірін бітірген Раушан Бегалиева Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне түскен.

– Шынын айтсам, қызымның 68 балмен грантқа түсеріне күмәндандық. Газетке шыққанда бір-ақ сендік. Жеңілдік болғанын енді түсініп отырмын. Осы күнге шейін Оралға билет таба алмай жүрдік. 28 тамыз күні жолға шығамыз. Өзім барып, орналастырып қайтамын, – дейді Раушанның әкесі Әлім Бегалиев Азаттық тілшісіне.

Оралда күн суық болатынын білетін Әлім Бегалиев қазір Шымкенттің базарларын аралап, баласына қыстық киімдер алып жүр екен.

– «Тегін оқытса, қай қалада болсын оқы» деп рұқсат еттім. Оралда бірде-бір туған-туыс жоқ. Есі бар қыз ғой, оқуын алып кетеді деп сеніп жіберейін деп отырмыз. Жұмысқа алып қалса да, қарсы емеспін. Қайда жұмыс табылады, сонда істейтін кез ғой қазір, – дейді Раушанның әкесі.

«ГРАНТҚА СЕБЕП – ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКНОМИКАЛЫҚ АХУАЛ»

Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселесі басқармасы бастығының орынбасары Болат Жанәбілдің айтуынша, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты жоба аясында қолға алынған республикалық «Серпін – 2050» бағдарламасы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысының жастарына арналған.

Болат Жанәбіл. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

Болат Жанәбіл. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл.

​– Қазақстанның басқа аймақтарына жастарды оқуға жолдау үшін 1050 оқу гранты бөлінді. Олар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облысына тегін оқуға жолдама алды. Осы гранттың 540-ын Оңтүстік Қазақстан жастары иеленді. Қазір олардың 80 пайызға жуығы аталған аймақтардағы жоғарғы оқу орындарының жатақханаларына жайғасып үлгерді, – дейді Болат Жанәбіл.

Оның сөзінше, «ҰБТ-дан 50 балдан жоғары ұпай жинап, грантқа ие болған жастар стипендиямен, жолақымен, жатақханамен қамтылады – кейбір оқу орындары қыстық киіммен де қамтамасыз ететіндерін айтқан».

– Биыл грант тек «педагогика» мамандықтарына бөлінді. Егер алдағы уақытта техникалық және өзге де мамандықтарда оқығысы келетіндерге де мүмкіндік жасалса, оңтүстіктен бұдан да көп түлек оқуға ынталы болатын еді,– дейді Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселесі басқармасы бастығының орынбасары Болат Жанәбіл.

Оқу грантын иеленген оңтүстікқазақстандық жастарды шығарып салу жиыны:

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі «жастардың басқа аймақтарға барып білім алуы қуантатын жайт екенін, олар оқу бітірген соң сол жақта жұмысқа орналасса игілікті іс боларын» айтады.

«Серпін – 2050» бағдарламасы сайтындағы мәліметке қарағанда, жастарға мұндай грант бөлуге елдің әр өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әркелкілігі себеп болған. Сайтта: «Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Әлеуметтік нысандар, үй, мектеп, балабақша, жетпейді. Қанша адам оқу бітірсе де жұмыссыз жүр» деп жазылған. Бағдарламаны жасаушылар «керісінше елдің 7-8 облысында еңбек күші жетпей жатқанын, оған себеп – бала туу деңгейінің төмендігі және сыртқа көшіп кету миграциясы» екенін айтады.

Теміртаудағы медицина колледжі. (Көрнекі сурет)

Теміртаудағы медицина колледжі. (Көрнекі сурет)

Бағдарлама шартына сай келген 1050 жас педагогикалық 19 мамандық бойынша елдің әр өңіріндегі жеті оқу орнында – Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Ақтөбе мемлекеттік университетінде, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында, Көкшетау мемлекеттік университетінде және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында оқиды.

ҰБТ кезінде 50 ұпайдан көп балл жинай алмаған жастар да «Серпін – 2050» бағдарламасына қатысса, 23 колледжге жіберетін 1000 грантқа ие болады. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облысы мен Астана қаласындағы мұндай колледждерге барған жастар 35 мамандықтың бірін меңгереді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG