Accessibility links

Студенттердің «меншікті» сырқаттары қандай?


Назым Бейісханқызы, студент. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Назым Бейісханқызы, студент. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Азаттықтың Алматыдағы тілшісі студенттер арасында қандай сырқат түрлерінің көп тарағанын зерттеп көрген еді. Олардың аурулары әлеуметтік, тұрмыстық жағдайымен тікелей байланысты болып шықты.

Назым Бейісханқызы - Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 5-курс студенті. Ол оқуы мен тұрмысына қажетті қаражатты сауда жасап табады. Студент өзінің бұл кәсібін «шәкіртақының мардымсыздығы мен жаппай қымбатшылықтың салдары» ретінде түсіндірді.

- Бірге оқитын көптеген қатарластарым кафелер мен ресторандарда даяшы болып істеймін деп жүріп сабақ үлгерімдері нашарлап қана қоймай, оқуларымен қош айтысып жатады. Бізде оқу өте қиын. Қыз балалардың жігіттерге қарағанда шығыны көбірек. Қыздарға бояғыш заттар мен киім-кешек алу керек болады. Басында жұмыс пен сабаққа үлгере алмай қиналған едім, содан денсаулығым сыр берді, қазір асқазаным ауырды. Киім сататын дүңгіршекті ұстауға туыстарым көмектесіп тұрады, - дейді студент.

«ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАР»

Алматыдағы студенттік емхананың бас дәрігері Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, «қазіргі жастар арасында ас қорыту, тыныс алу, несеп шығару жүйелері аурулары көп кездеседі».

Дәрігер «Бұл жастардың әлеуметтік ахуалы мен қоршаған ортаның ластануының салдары» дейді.

Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Ләйлә Иманғалиева, студенттер емханасының бас дәрігері. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Ләйлә Иманғалиева, студенттер емханасының бас дәрігері. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

студенттер арасында ең көп тараған - тыныс жолдары аурулары.

- Бронхит, гайморит, пневмония сырқаттарынан бөлек, олардың ішіндегі ең алаңдатарлық дерт – туберкулез. Осындай қауіпті ауруға шалдығатындардың 80 пайызы - Алматыға сырттан келген студенттер. Мысалы Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарынан келген жастардан бұл ауру жиі байқалады, - дейді бас дәрігер.

Ол аурудың пайда болу себебін «жоғары оқу орнына түскен жастардың Алматы қаласының табиғатына, жаңа өмірге, оқу үрдісіне бейімделе алмауынан» деп түсіндірді.

Студенттік емхананың дерегінше, мұнда 2012 жылы Алматының 15 оқу орнында оқитын 85 мың 738 науқас студент тіркелген. Ол жастардың ауру түріне қарай шаққандағы есебі мынау (саны және пайыздық үлесі):


Алматыдағы студенттік емхананың бас дәрігері Ләйлә Иманғалиева «түрлі сырқаттарға шалдығушылардың 70-80 пайызы жатақхана мен пәтер жалдап тұратын жастар екенін» айтады.

Бас дәрігердің байқауынша, «тыныс жолдарынан кейін зәр шығару, ас қорыту жолдарына қатысты аурулар қатары жоғары көрсеткішті құрайды».
Шәкіртақының жартысы пәтерге, жартысы жолға кетеді. Құнарлы тағам алуға мүмкіндігі жоқ. Дұрыс тамақтанбағаннан иммунитет төмендейді.

– Студенттер әлеуметтік жағдайына байланысты көбіне арзан пәтерлерде тұрады. Арзан пәтерлерді, жер үйлерді бес-алты студент бірігіп жалдайды. Студенттердің шәкіртақысының жартысы пәтерақыға, қалған жартысы жолақыға жұмсалады. Осыдан кейін, әрине, олардың құнарлы тағам сатып алуларына мүмкіндігі болмайды. Дұрыс тамақтанбаған адамның иммунитеті төмендейді. Сосын туберкулезді тез қабылдап алады, – дейді студенттер емханасының бас дәрігері.

Ол жоғарғы курс стденттерінің оқумен қатар жұмыс істеуі де денсаулыққа кері әсер етінін, сырқаттардың көбі ұйқы мен тамақтану тәртіптерінің бұзылуынан болатынын айтты.

Дәрігерлердің айтуынша, ауылда медициналық көмек көрсету деңгейі төмен болғандықтан, ауыл жастары оқуға түскен жылы ғана жүрек, бүйрек және тағы басқа ағза мүшелерінде ақау бар екенін алғаш біліп жатады.

Мамандардың дерегі бойынша, жастарға тән сырқаттар тек қана дұрыс тамақтанбауға емес, киімге де байланысты туындайды.

Cтуденттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Cтуденттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Көбінесе қыз балалар сән қуып, қысы-жазы бас киімсіз жүріп, капрон колготкилер киеді. Жатырға суық тиюден, жыныстық мәдениеттің кемшіндігінен бедеулік көрсеткіштері артып отыр, - дейді дәрігері Ләйлә Иманғалиева.

Мамандардың айтуынша, киімнен шығатын аурудың тағы бір тобы протрузия (сегізкөз ауруы – ред.), жарық (грыжа), остеохондроз, тамырлардың варикоздық кеңеюі. Дәрігерлердің сөзінше, биік өкшелі аяқ киім омыртқаның ретін бұзады, қалыпты жағдайдағы дене тепе-теңдігі өзгеріске ұшырайды.

«АШ ЖҮРІП, ЖҮЙКЕГЕ САЛМАҚ ТҮСІРУ»

Емханада гастроэнтеролог-дәрігердің қабылдауына кірмек болып тұрған студент Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) химия факультетінің 1-курсында оқитын Жансерік Шынықұл екен.

- Аш жүріп, әрі жүйкеге қатты салмақ түсіруіме байланысты асқазанымда жара пайда болды. Сабақ үлгерімімді қатты уайымдадым, әрі дайындық кезінде дұрыс тамақтануға мүмкіндігім де болмады. Асқазаным ауырғанда басында мән бермедім. Енді қатты асқындырып алып, дәрігерге қаралып жүрмін, - дейді ол.

ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 3-курс студенті Нұрлан Наурызәлі. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 3-курс студенті Нұрлан Наурызәлі. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 3-курс студенті Нұрлан Наурызәлі анемиямен (қан аздығы) ауырып жүр.

Ол бұл дерттің пайда болуын құнарсыз, тіпті химиялық негізде жасалатын сапасыз тағамдардан көреді.

- Қазір бәрі – қымбат. Қалтасы жұқа студенттердің дені тез әзірленетін қытай лапшасымен күнелтеді. «Ауру – астан» деген ғой. Жақсы тамақтанып жүрген ауыл баласы қалаға келгенде сапасыз тамақтан бірден әлжуазданып қалады. Ең арзан шетелдік киімдер де суық өткізгіш, біздің табиғатқа қолайсыз болып келеді, - дейді Нұрлан Наурызәлі.

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт және дене мәдениеті факультетінің 2-курс студенті Замира Әшімнің пікірінше, «әр адамның денсаулығы - өз қолында». Өзін спорттық жарыстарға баптап, денсаулығын күтіп жүретінін айтқан ол:

- Уақытында ұйықтап, уақытында тамақтануды әдетке айналдырғанмын, - дейді.

«ҚОҒАМНЫҢ ЕМДЕЛУГЕ, АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ЫНТАСЫ ТӨМЕН»

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сүйек және жұмсақ тіндер қатерлі ісігі бөлімшесінің дәрігер-онкохирургы Жақсылық Мәуленовтің айтуынша, онкологиялық аурудың жастар ішінде көп тараған түрі – сүйек және жұмсақ тіндердің қатерлі ісігі.

Бұл қатерлі ісік кәмелет жасқа дейінгі балалардың, 16 мен 30 жас аралығындағы жастардың арасында жиі ұшырасады.

Жақсылық Мауленов, онколог. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Жақсылық Мауленов, онколог. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

– Көп жағдайда жастар ауруларын асқындырып алып келеді. Біздің қоғамның емделуге, патологиялық аурудың алдын алуға психологиялық дайындығы төмен. Оған жағдай да жасалмаған. Ауыратындардың шамамен 40 пайызы – жастар. Қатерлі дерттің пайда болуына қан арқылы жұғу, қоршаған ортаның ластануы себепші, – дейді Жақсылық Мәуленов.

Ол жергілікті жерлердегі диагностикалық мүмкіндіктің төмендігінен қате диагноздар қойылып, ауруды асқындыру жиілегенін де айтты.

Алматыдағы студенттер саны 200 мыңнан асады деген дерек бар.

Кейбір сырқат түрлерінің таралуы
(18-29 жас аралығындағы 100 мың адамға шаққанда)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG