Accessibility links

Cтуденттер сайлаушылар тізімін жасау үшін оқудан босатылды


Қазақ гуманитарлық заң академиясының кіреберісіндегі ғимаратта 194-ші сайлау учаскесінің орналасқаны туралы жазу. Астана, 16 наурыз 2011 жыл

Қазақ гуманитарлық заң академиясының кіреберісіндегі ғимаратта 194-ші сайлау учаскесінің орналасқаны туралы жазу. Астана, 16 наурыз 2011 жыл

Сайлау учаскесі орналасқан Қазақ гуманитарлық заң академиясының бір топ студенті Астанада сайлаушылардың тізімін тексеру үшін үш күнге сабақтан босатылды. Құқыққорғаушылар білім және сайлау туралы заңның бұзылғандығын айтып отыр.


Наурыздың 15-і күні радиомыздың сайтына оқырмандар тарапынан мынадай хат келіп түсті: «Наурыздың 15-інен бастап Қазақ гуманитарлық заң академиясының студенттерін үйлерді аралап, Назарбаевты насихаттауы үшін үш күнге сабақтан босатты. Барлығы наразы. Олар үйлерді аралап қаңғып емес, сабақ оқығысы келеді. Біз ақшаны бұл үшін төлеген жоқпыз деп айтып жатыр...» делінген хабарламада.

КӨМЕКТЕСУ МЕ, ӘЛДЕ МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?

Сәрсенбі күні таңертең Азаттық тілшісі бұл ақпараттың растығына көз жеткізді. Бірақ студенттер хабарламада айтылғандай «Назарбаевты насихаттау үшін емес» сайлаушылар тізімін анықтау үшін сабақтан босатылған.

Нұрлан және Айгүл есімді студент әрбір топтан бірнеше студентке осындай міндет жүктелгенін айтты.

- Бірақ ешкім бізді күштеп бұл іске салып қойған жоқ. Мұнда бәрі еркін, жақсы. Біздің одан бас тартуымызға да болатын еді. Ол үшін ешкімді жазаламайды, - деді Нұрлан.

Тілшіміз әңгімелескен келесі бірнеше студент те университетте сайлауға дайындық жұмыстарының қызу жүріп жатқанын, бірақ сайлау жұмыстарын атқаруға студенттерді ешкім мәжбүрлеп жатпағанын айтқан.

- Студенттердің арасында сайлаушылардың тізімін анықтап көметесуге бел буған еріктілер де бар, - деді студенттердің бірі.
Студенттеріміз бар-жоғы сайлаушы-лардың тізімін анықтап жатыр.

Ал академияның ректоры Марат Қоғамов болса, студенттердің сайлау жұмысына көмектесуін қалыпты жағдай деп есептейді. «Студенттеріміз бар-жоғы сайлаушылардың тізімін анықтап жатыр» деп жауап берген ректор әрі қарайғы сұрағымызға наразы боп, тіпті шүйлікті.

- Мұны не үшін сұрап отырсыз? Сіз ректор емессіз ғой? Оларды не үшін босатқаным бұл сіздің шаруаңыз емес. Мен тәртіптің адамымын. Сондықтан бұл мәселелерге уайымдамай-ақ қойыңыз. Мен айттым ғой, біз сайлаушылардың тізімін анықтап жатырмыз. Себебі, осыдан кейін студенттер барлық үйге сайлауға келу жөнінде хабарлама таратады. Бұл қалыпты нәрсе. Себебі, бізде жаңа аудан. Сіз қараңыз, университеттің айналасында не көше, не нөмір жоқ. Мен сайлау учаскесі комиссиясының төрағасымын. Ертеңгі күні менде проблемалар туындамас үшін, алдымда тұрған адамның нақты сол адам ба, сол емес пе екенін білуге тиіспін, - деді оқу орнының ректоры наурыздың 15-і күні Азаттық радиосына.

ҚУАНУҒА СЕБЕП

Ақпарат бойынша, наурыздың 18-іне дейін барлық сайлау учаскелеріне сайлаушылардың тізімін тіркеу жөнінде тапсырма берілген. Қазақстан республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес, сайлаушылардың тізімін тіркеу, түзету жұмыстарымен жергілікті әкімшілік айналысады. Сондықтан бұл мәселеге байланысты Орталық сайлау комиссиясына хабарласқанда, комиссия өкілдері «бұл біздің шаруа емес, бізге тек нәтиже ғана керек» деп жауап берді.
Әр азамат осылай көмектессе, бәріне жақсы болмай ма? Ертеңгі күні сайлаушылардың тізімі анық, таза болады.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов радиомызға берген сұхбатында «дегенмен егер бұл қоғамдық іске студенттер жұмылдырылса, несі айып?» деп бұған қатысты жеке көзқарасын да айта кетті.

- Егер студенттердің келісімі болса, онда оған біз тек қуанамыз. Сіздер де қуануға тиіссіздер. Әр азамат осылай көмектессе, бәріне жақсы болмай ма? Ертеңгі күні сайлаушылардың тізімі анық, таза болады, - деді наурыздың 15-і күні Бақыт Мелдешов Азаттық тілшісіне.

Ал «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының заңгері Нұргүл Мәліктің пікірінше, оқу орны басшылығының студенттерді оқу уақытында босатып, сайлау жұмысын атқаруға итермелеуі тек Сайлау туралы ғана емес, сонымен қатар Білім туралы заңға да қайшы келетінін айтады.
Жоғары білім алу – студенттің басты құқығы. Қандай шара ұйымдастырылып жатса да, оларды оқудан босатып, жұмсауға құқықтары жоқ.

- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 47-ші бабында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқығы мен міндеттері нақты жазылған. Онда жоғары білім алу – студенттің басты құқығы деп көрсетілген. Қандай шара ұйымдастырылып жатса да, оларды оқудан босатып, жұмсауға құқықтары жоқ, - деді заңгер.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG