Accessibility links

Оқуды жұмыспен ұштастыру үйреншікті құбылысқа айналды


Колледж студенті Ренат Қоныбаев Семейдегі "Авангард" сән театрында шаштараз әрі негізгі модель болып жұмыс істейді. Семей, 5 ақпан 2013 жыл.

Колледж студенті Ренат Қоныбаев Семейдегі "Авангард" сән театрында шаштараз әрі негізгі модель болып жұмыс істейді. Семей, 5 ақпан 2013 жыл.

Оқып жүріп жұмыс істеу - қазіргі студенттің әдеті. Алайда уақытын тек жұмысқа арнаған студенттер де көп. Кей адамдар «жеке меншік оқу орны студенттерінің оқиды деген аты ғана» дейді.

Бақыткелді Сүтібаев Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Ол Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің стоматология факультетінің алтыншы курсында оқиды.

«100 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ТАБАМЫН»

- Жұмысты төртінші курста іздей бастадым. Өзіме жақсы практика. Жеке меншік клиникаларда істедім. Қазір науқастардың алдында жүрексінбейтін болдым. Жоғары оқу орнында тек теория алып шығасың. Ал мұнда нағыз тәжірибе жинайсың, - дейді Бақыткелді Сүтібаев.

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің стоматология факультетінің алтыншы курс студенті Бақыткелді Сүтібаев. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің стоматология факультетінің алтыншы курс студенті Бақыткелді Сүтібаев. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Бақыткелді Сүтібаев сабақтан кейін – күндізгі сағат екіден кешкі тоғызға дейін стоматологиялық клиникада жұмыс істейді.

- Әуелі меңгерушіге көмектесіп жүрдім. Әр клиенттен күніне 500 теңгеден 1500 теңгеге дейін алатынмын. Қазір өз клиенттерім бар. Прейскурант бойынша түсетін ақшаның 30 пайызы - менікі. Кейде күніне 10 мың теңгеге дейін табамын, - дейді Бақыткелді Сүтібаев.

Бақыткелді достарымен бірге Алматыда пәтер жалдап тұрады. Пәтерге ай сайын шамамен 25 мың теңге (170 долларға жуық) төлейді. Ол әке-шешесі мен осы қалада оқитын кіші інісіне көмектеседі.

- Кейде аудармашы болып та жұмыс істеймін. Медицина тақырыбындағы мәтіндерді орыс тілінен қазақ тіліне аударамын. Бір бетіне 500-ден мың теңгеге дейін аламын. Тапқан ақшам тұрмысыма жетеді. Жазда үйленбекпін, - дейді ол.

ТАКСИСТ СТУДЕНТТІҢ ТАБЫСЫ

Қуаныш Игібаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) философия және саясаттану факультетінің екінші курсында оқиды. Қуаныш оқуға жылына 432 мың теңге (3 мың долларға жуық) төлейді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің екінші курс студенті Қуаныш Игібаев. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің екінші курс студенті Қуаныш Игібаев. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

- Оқуымның ақшасын әке-шешем төлейді. Бірақ өзім де табыс табуға тырысамын. Жеке көлігім бар, кешкісін адам тасимын. Мереке күндері 20 мың теңгеге дейін табуға болады. Жұмыс күндері табысым 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін барып қалады, - дейді Қуаныш Игібаев.

АУДАРМАШЫ СТУДЕНТ

Ал Зарина Бекхожина – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар факультетінің үшінші курс студенті.

Ақылы бөлімде оқитын ол сабақтан соң Алматы қаласындағы заң компанияларының бірінде аудармашы болып істейді. Оның айтуынша, айлық табысы - 60 мың теңге (400 долларға жуық).

- Тапқан ақшам косметика сатып алуға, жолыма, фитнеспен шұғылдануға жетеді. Жеке клиенттерге неміс тілінен орыс тіліне аударма жасаймын. Реті келсе, кейде 100 мың теңгеге дейін табамын. Бұдан бөлек репетиторлықпен де айналысамын. Біздің университет студенттерінің көбі қосымша жұмыс істейді, - дейді Зарина Бекхожина.

«ЖҰМЫСТЫҢ ОҚУҒА ЗИЯНЫ ЖОҚ»

Алмагүл Құрманбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің оқу-әдістеме және тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары болып істейді. Азаттық тілшісіне ол университеттің оқытушылары жұмыс істейтін студенттерді қолдайтынын айтты.

Алмагүл Құрманбаева.Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.​

Алмагүл Құрманбаева.Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.​

- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде 620 бакалавр, 55 магистрант, екі докторант оқиды. Қазір жағдай қиын, қымбатшылық, оқу да ақылы. Біздің студенттеріміз де қосымша жұмыс істейді, - дейді Алмагүл Құрманбаева.

Журналистика факультетінің біраз студенті республикалық, облыстық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында істейді.

- Студенттеріміздің редакцияда болып, мақала жазғаны туралы түрлі басылымдардан күнделікті ақпарат алып отырамыз. Диплом алған соң жұмыс істеуі тиіс екенін әр студент біледі. Сондықтан оларға тыйым сала алмаймыз. Жұмыстың оқуға тигізер зияны жоқ, - дейді Алмагүл Құрманбаева.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін студенттер сабақтан қалмауға тырысады.

- Студенттің бәрі диплом алғысы келеді. Қанша сабақтан қалғанын әр студент өзі біледі. Сондықтан біз «сен мына сабаққа, ана сабаққа келмедің» демейміз. Сабақтан көп қалса, екінші жылға қалатынын өздері де біледі. Яғни бір жылдың несиесін қайта төлеуі тиіс болады. Екі рет төлеуді әркімнің қалтасы көтере бермейтінін өзіңіз де білесіз. Мұны жақсы білетін студенттер сабақтан қалмауға тырысады. Олар жұмысты сабақтан кейін істейді. Студенттің жұмыс істегенін оғаш дей алмаймын. Қазір заман солай. Әркім күнін көруі тиіс, - дейді Алмагүл Құрманбаева.

ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ТЫЙЫМ САЛУ

Елнұр Бейсембаев қазіргі Қазақстанның әлеуметтік және саяси мәселелерін зерттейді. Оның айтуынша, шығармашылық туралы заңда сабақ оқитын адам жұмыс істемеуі тиіс деп жазылған.

Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуден кейін тарап бара жатқан студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуден кейін тарап бара жатқан студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Студент оқумен шұғылдануы тиіс. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттеріне ресми түрде жұмыс істеуге тыйым салынған. Бірақ студенттер жұмысқа ресми түрде тұрмайды, жалақысын қолма-қол ақшамен алады. Ресми түрде жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені, біріншіден, білімі жоқ. Екіншіден, егер әлеуметтік төлемдер аударса, шәкіртақы алатын студент үшін қиындық тууы мүмкін, - дейді Елнұр Бейсембаев.

Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, қазақстандық студенттердің көпшілігі ақылы бөлімде оқиды. Бұл жағдай оқытушылардың жұмыс сапасын төмендетеді. Оның пікірінше, студент оқудың ақшасын төлеп қойғандықтан, оқытушылар тиісті деңгейде білім бермейді.

- Студенттердің сабаққа мүлде келмейтінін білемін. Өйткені ақшасын төлеген соң оның айтқаны болады. Оқытушылар да студенттен сабаққа кел деп талап етпейді. Несіне талап етсін? Ақшасын төлеп қойған. Бір жаманы, бізде білім беру бизнеске айналып кетті. Білім беру бизнеске айналған елдің келешегін ойлаудың өзі қорқынышты, - дейді Елнұр Бейсембаев.

Қазақстандағы студенттердің көбі Алматы қаласында оқиды. Елдегі 175 жоғары оқу орнының 64-і осы қалада орналасқан.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG