Accessibility links

«Сопылар ісіне» байланысты кассациялық шағым қарала бастады


Сопылық ағым жетекшісі Исматулла Әбдіғаппар сот залында. Алматы, 19 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Сопылық ағым жетекшісі Исматулла Әбдіғаппар сот залында. Алматы, 19 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сәуірдің 20-сы күні Алматы қалалық сотында «Сопылар ісіне» байланысты берілген кассациялық шағым қаралып, бірінші сот отырысы өтті. Қорғаушы жақ «алғашқы инстанцияда алқа билер құрамына қатысты өрескел заң бұзу болғанын» айтып, сот үкімін кері қайтару туралы өтініш берді.

Сопылық ағым жетекшілеріне қатысты сот үкімі 2011 жылдың қазан айында шыққан еді. Былтыры қараша айында кассациялық алқаға берілген шағым бес айдан астам уақыттан кейін, бүгін қаралып отыр.

Бұл шағымды судья Әріповтің төрағалық етуімен, құрамында судьялар Елшібаев мен Кейкібаева бар кассациялық алқа қарайды. Отырысқа сотталушылар қатысқан жоқ – бұған екі тарап та қарсы болмады.

«557-БАПҚА ҚАЙШЫ»

«Заң бойынша алқа билердің негізгі және қосымша құрамы сотқа толық қатысуы тиіс» екенін айтқан адвокат Шынқуат Байжанов бірінші сотта он адамнан құралған алқа билер сотының кейбір мүшелері сотқа толық қатыспағанын мәлімдеді.

– Алқа билер сотының мүшесі Шырынай Маханова сот отырысына 25, 27 және 29 шілде, 1 тамыз күндері қатыспаған. Бұған құжаттай дәлелдеріміз де бар. Оған
Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
Адвокат Шынқуат Байжанов. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
қоса, сот хаттамасы бойынша, Рафикова сотқа екі ай бойы қатыспаған. Бірақ соған қарамастан сот үкімі шыққан кезде олар сотқа үздіксіз қатысқан алқа билер құрамында болды, – дейді Шынқуат Байжанов.

Адвокаттың айтуынша, бұл қылмыстық кодекстің 557-бабына қайшы келеді. «Мұндай жағдайда сот үкімі кері қайтарылуы тиіс» дейді ол. Қорғаушылардың бәрі бұл ұсынысты қолдады.

Сот алқасының төрағасы Әріпов «бұл мәселе ашық қалатынын» айтып, сот отырысының тәртібін белгіледі.

«ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ АЙЫПТАРЫ ДӘЛЕЛДЕНБЕДІ»

Әуелі адвокаттар сөйледі. Олар алғашқы инстанцияда көптеген заң бұзу болғанын қайталап айтты.

Исматулла Әбдіғапардың адвокаты Теңгебек Байымбетов алдын-ала тергеу кезінде өзі қорғап отырған азаматқа қарсы жауап берген жәбірленушілердің «таққан дәлелдері нақтыланбағанын, кейбір жәбірленушілердің сот кезінде жауаптарынан бас тартқанын» айтты.

Ал адвокат Абзал Құспановтың айтуынша, «айыпталушы Саят Ыбыраев қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айыпталып, алты бап бойынша да кінәсі дәлелденбеген».
Адвокат Абзал Құспанов.
Адвокат Абзал Құспанов.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, алдын-ала тергеу кезінде Саят Ыбыраевқа қарсы жауап берген «17 жәбірленушінің төртеуі сотқа мүлде келмеген, қалған 13-інің бірде-біреуі сотта айыпталушыға қарсы жауап бермеген».

– 13 жәбірленушінің бірде-біреуі «мені Саят Ыбыраев өз еркімнен тыс қамады немесе ұрды-соқты» деген жоқ, – дейді Абзал Құспанов.

Адвокаттар жәбірленушілердің жауаптарында қарама-қайшылықтар көп болғанын, тіпті айыптау тарапынан келген сарапшының да жауабынан бас тартқанын айтты.

– Бірақ бұлар турасында судьяға өтініш бергенімізбен, мұның бәрін ескерген жоқ. Сот оған көз жұма қарады. Сотталғандардың кінәсі дәлелденбегендіктен оларды ақтау туралы үкім шығару керек, – дейді адвокаттар.

Прокурор Тұрмашев «адвокаттардың өтініштеріне қатысты сұрағы жоқ екенін» айтып, үнсіз отырды.

Сот барысында судья «Кассациялық соттың ерекшелігі - мұнда дәлелдердің нақты болғаны-болмағаны тексерілмейді. Бұл – бірінші соттың құзыреті. Мұнда тек процессуалды заң бұзу туралы ғана айтыңдар» деп, адвокаттарға ескерту жасады.

Үзіліс кезінде адвокат Абзал Құспанов судьяның ескертуімен келіспейтінін айтты:

– Дәлелдерді зерттеу барысында қандай заңды талаптар бұзылғандығын кассациялық алқа тексеруге міндетті. Әріптестерім «Біз осындай дәлелдеме тапсырдық, бірақ оны тіркемей тастады. Іс жүргізу кодекстерінің талаптарына сәйкес, оны тіркемеуге құқығы жоқ» деп жатыр. Судья айыптау жағының дәлелдемелерін алады екен, неге қорғау жағының дәлелдемелерін алмайды? Осыны айтсақ, «Жоқ, айтпаңыздар, қажет жоқ» деп отыр.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ШАҒЫМДАНАМЫЗ»

Айыпталушы Саят Ыбыраевтың әйелі Ләззат Ыбыраеваға қоғамдық қорғаушы ретінде сөз берілген кезде ол «сот алқасы қоғамдық пікірді ескеру керек; сот үкімі
Профессор Саят Ыбыраев.
Профессор Саят Ыбыраев.
өзгеріссіз қалса, жоғарғы сотқа, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз» деді.

Бүгінгі сотта адвокаттардың бірі алғашқы үкім бойынша бес жылға сотталған Арнур Куникинге байланысты рақымшылық заңын қолдану туралы өтініш берді. Сот бұл өтінішті де ашық қалдырып, келесі сот отырысын сәуірдің 25-і күніне белгіледі.

Сот отырысына сотталған адамдардың туыстары да келді. Олар да үзіліс кезінде «айыпталушылардың әділетсіз қамалып отырғанын, алдыңғы соттың тым біржақты болғанын» айтты.

Адвокаттардың айтуынша, «Сопылар ісі» бойынша сотталған сегіз азамат қазір Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Бұл азаматтарға қатысты үкім 14 ай бойы тергелген қылмыстық іс бойынша, 2011 жылы қазанның 19-ы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында шыққан еді.

Сот үкіміне сәйкес, «сопылық ағымның жетекшісі» аталған Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев – 12 жылға, Ербол Исабеков – 9
Алты жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың ері Қайрат Сатынқанов екі баласының бірін - 4 айлық сәбиін ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
Алты жылға сотталған Жадыра Сүлейменованың ері Қайрат Сатынқанов екі баласының бірін - 4 айлық сәбиін ұстап тұр. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
жылға, Ербол Рахымбаев – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнур Куникин – 5 жылға, ал Әлия Әшірқұлова – екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

«Сопылық ағым жетекшілері» Исматулла Әбдіғаппар мен Саят Ыбыраев «қылмыстық ұйым құрды» деп айыпталған. Оларға, сонымен бірге олардың «ізбасарларына» «экстремизм», «маскүнемдік пен нашақорлықты адамдардың денсаулығына зиян тигізе отырып емдеу», «адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру», т.б. қылмыстар бойынша айып тағылған.

Адвокаттардың дерегінше, Исматулла Әбдіғаппарға - 12 бап бойынша, Саят Ыбыраевқа - 6 бап бойынша айыптар тағылған. Сот екі азаматқа да жазаларын қатаң режимде өтетіп, мал-мүлкін тәркілеу жазасын тағайындаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG