Accessibility links

Қазақстанда өзін өртеген Ерлан Бектібаевқа дейін де қарсылық көрсетудің мұндай төтенше амалына талай адам жүгінген. Азаттық ашық ақпарат көздеріндегі деректер бойынша кейінгі жеті жылда өзін өртеген 14 адамның тізімін құрды.

Қазанның 24-і күні 20 жастағы Ерлан Бектібаевтың Тараз қаласында президенттік «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы кеңсесі алдында өзін өртеп, сол күні қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде ғана емес, парламентте де талқыланды.​

ӨТКЕН АЙДАҒЫ ТАРАЗДАҒЫ ОҚИҒА

Қазанның 28-і күні Қазақстан бас прокуратурасы таратқан баспасөз хабарламасында «Ерлан Бектібаев аяғын ғана өртемек болған, ал акцияға қатысушылар видео түсіруге және өртті сөндіруге жауаптылардың рөлдерін алдын ала бөліп алған» деп жазылған.

«Сараптама өзін өртеген кезде Ерлан Бектібаев есірткіге мас күйде болғанын анықтады» деп мәлімдеген бас прокуратураның хабарлауынша, «Бектібаев полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне қатысты прокуратура органдарына шағымданбаған».

Бұрын сотталған Ерлан Бектібаев өзін өртер алдында видеокамераға «ешқандай жазығым жоқ» деп мәлімдеп, бірақ полиция қысымына душар болғанын, енді «Нұр Отан» партиясынан ғана қайыр күтетінін айтады. Бұдан кейін ол үстіне болжам бойынша бензин құйып өртеп, отқа оранған күйі «Нұр Отан» партиясының жергілікті кеңсесіне жүгіріп кірген.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде жұртты есеңгіретіп тастады. Орал, Атырау қалаларында азаматтық белсенділер акция ұйымдастырып, «профилактика» үшін президенттік «Нұр Отан» партиясының жергілікті кеңселеріне өрт сөндіру құралын сыйламақ болды. Парламент депутаттары «құзырлы органдар Таразда қаза тапқан жігіттің бұрын сотты әрі есірткіге тәуелді болғанына ғана назар аударып, оны өзіне қол салуға дейін жеткізген себептерді талдамады» деп мәлімдеді.

ВИДЕО: Ерлан Бектібаевты жерлеу

ТҮРКІСТАН, 2015 ЖЫЛ, МАМЫР

2015 жылы мамырдың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында №8 орта мектептің 56 жастағы еден жуушысы мектеп ауласында өзін өртеп, ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Полицияның мәлімдеуінше, оны бұл қадамға оның атынан банктен 200 мың теңге (шамамен 720 доллар) несие алып, қайтармаған мектеп лаборантының әрекеті итермелеген. Оның үстіне 2006 жылы алынған әлгі несиеге біраз мөлшерде айыпақы қосылғаны хабарланған.

ТЕМІРТАУ, 2014 ЖЫЛ, ҚАҢТАР

Қарағанды облысы Теміртау қаласы тұрғыны Павел Трофимов сүйген қызымен керісіп қалғаннан кейін 2014 жылы қаңтардың 8-і күні оның «Қарағанды» қонақүйінде орналасқан бутиктегі жұмыс орнына келген. Осы жерде ол үстіне бензин құйып, өзін өртеген. Жігіт сол жерде көз жұмған, ал бутик толық жанып кеткен.

Ол күні сүйген қызы жұмыста болмаған. Ол жуырдағы керістен кейін Трофимов жұмысқа келіп, жанжал шығарар деген қорқынышпен орнына құрбысын шығарған.

2013 ЖЫЛҒЫ ҮШ ОҚИҒА

2013 жылы қыркүйектің 11-і күні YK-news.kz жергілікті сайты Өскемен қаласында әйелімен ұрсысып қалған 44 жастағы ер адам өзін өртеп жіберді деп хабарлады. Ол үстіне канистрадан бензин құйып, сіріңкемен от қойған. Денесінің 94 пайызы күйген ер кісіні құтқару мүмкін болмаған.

2013 жылы шілденің 29-ы күні Қарағандыда жекеменшік компанияда жұмыс істеген 55 жастағы ер адамның күйген денесі табылған. Куәлердің айтуынша, өзіне қол салар алдында ол бензинді үстіне ғана құймай, ішіп те алған. Алдын ала болжам бойынша, бұл қадамға оның үстінен «жұмыс істеген компания территориясынан газ баллондарын ұрлады» деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс түрткі болған.

2013 жылы маусымның 12-сі күні Алматы облысы Көксу ауданы Балпық би кентінде 26 жастағы жігіт отбасындағы жанжалдан кейін жеке көлігінің салонында өзін өртеп жіберді. Полицияның хабарлауынша, ол отбасындағы ұрыс-жанжалдан кейін төркініне кетіп қалған әйелі мен бала-шағасын қайтару үшін Іле ауданынан келген. Ал әйелі үйіне оралудан үзілді-кесілді бас тартқан. Жанжал кезінде күйеуі үстіне бензин құйып, көлігін бекітіп алып, өзін өртеп жіберген. Жігітті құтқарудың амалы болмаған.

2012 ЖЫЛҒЫ ЕКІ ОҚИҒА

2012 жылы маусымның 8-і күні Шымкент тұрғыны өзін өртеп, қаза тапты. Сол күні таңертең жедел жәрдем қызметіне белгісіз ер адам телефон соғып, өзін өртеп, суицид жасайтынын мәлімдеген. Дәрігерлер мұны полицияға хабарлаған. Тергеу болжамынша, жедел жәрдем көлігі мен полиция келгенге дейін Шымкенттің 39 жастағы тұрғыны «Ауди» көлігімен жолдан 500 метрдей жерге тоқтап, көліктен түскен және бес литрлік пластик ыдыстан үстіне жанғыш зат құйып, өзін өртеген. Ауыр халде жатып, көп ұзамай қайтыс болуына байланысты суицид жасау себебін оның өзінен анықтау мүмкін болмады.

2012 жылы мамырдың 29-ы күні Алматыдағы ауруханада бірер күн бұрын өзін өртеп жіберген жергілікті тұрғын Светлана Тұрғамбаева қайтыс болды. Билік оны үйінен бала-шағасымен бірге шығаруға тырысқан соң өзіне қол салуды ұйғарған. Светлана Тұрғамбаева туыстары мен көршілерінің және полицейлердің көз алдында үстіне бензин құйып, от қойған. Тұрғамбаеваның отбасы тұрған үйлерін бірнеше жыл бұрын сатып алған, бірақ үйге қатысты дау туған. Сот өзге адамның пайдасына шешім шығарып, тұрғындар үйді босатуы тиіс деп тапқан. Тұрғамбаеваның туыстары әйелді өзіне қол салуға сот шешімін орындаушы итермеледі деп санайды. Ал сот орындаушысы заң аясында әрекет еткенін айтады. Әйел өзін өртегеннен кейін де шенеунік «үйден шығару туралы сот шешімі бәрібір орындалады» деп мәлімдеген.

2011 ЖЫЛҒЫ ТӨРТ ОҚИҒА

2011 жылы тамыздың 31-і күні Алматыда бес баланың анасы Кенжегүл Әлінқұлова көптеген куәлер мен балаларының көз алдында үстіне керосин құйып, өзін өртеп жіберді. Оны бұл шарасыз қадамға күйеуінің алаяқтық әрекеті үшін тәркіленуі тиіс үйінен шығаруға келген сот шешімін орындаушылар әрекеті итермелеген. Өзін өртеу актісіне қарамастан, сот орындаушылар үйді бәрібір тәркілеп, бес баланы туыстарына жіберген.

Тараздағы өзін өртеу жөнінде түсірілген КТК телеарнасы видеосюжетінен алынған кадр. 3 мамыр 2011 жыл.

Тараздағы өзін өртеу жөнінде түсірілген КТК телеарнасы видеосюжетінен алынған кадр. 3 мамыр 2011 жыл.

2011 жылы маусымның 30-ы күні Ақтөбе облысы Алға қаласы тұрғыны Айдар Сапаров қалалық прокуратура ғимаратында өзін өртеп, көшеге жүгіріп шыққан. Куәлер отқа оранған жігіттің үстіндегі жалынды өшіріп, кейін жедел жәрдем шақырған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, әлгі ер адам бұл қадамға жиенін өлтірген нақты қылмыскерді іздеумен айналыспаған полицияның әрекетсіздігіне қарсылық белгісі ретінде барған. Ол тірі қалған.

2011 жылы маусымның 20-ы күні Астанадағы «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесі алдында 50 жастағы Сәуле Өтепбергенова өзін өртеді. Келесі күні ол ауруханада қайтыс болды. Тергеу дерегінше, ол Астанаға есірткі сақтағаны үшін 10 жылға сотталған баласының үкіміне қатысты шағымдану үшін келген.

2011 жылы мамырдың 3-і күні Тараз қаласының 46 жастағы тұрғыны Хасан Парпиев көптеген куәлердің көзінше үстіне бензин құйып тұтатқан бетте екінші қабаттан секіріп кеткен. Оқиғаға оның туыстары, көршілері мен әлгі адамды үйінен шығару үшін келген сот шешімін орындаушылар куә болған. Болжам бойынша, үйін туған бауыры оның келісімінсіз сатып жіберген. 46 жастағы тұрғын үйді беруге келіспей, өзін өртеуге бел буған. Оның тірі қалғаны хабарланған.

2009 ЖЫЛҒЫ ЕКІ ОҚИҒА

Қабидолла Шолақовтың жартылай жанып кеткен аяқкиімі. Атырау. 26 мамыр 2009 жыл.

Қабидолла Шолақовтың жартылай жанып кеткен аяқкиімі. Атырау. 26 мамыр 2009 жыл.

2009 жылы қазанның 19-ы күні Атырау қаласында екі тұрғынның арасындағы дау өзін өртеу актісімен аяқталды. Бұл оқиға қала шетіндегі Жұмыскер кентінің әлдебір тұрғыны мен Атырау тұрғыны арасындағы жанжал кезінде болған. Екеуінің арасында баспанаға қатысты әлдебір мәміле жөнінде керіс туып, кент тұрғыны бензин құйылған бөтелкені жұлып алып, қарсыласының үстіне шашпақ болып ұмтылған. Бірақ жанғыш сұйықтық өзінің үстіне де төгіліп кеткен. Ол оттықты тұтатқан кезде екеуі де отқа оранған. Үстіндегі отқа оранған пиджагын шешіп үлгерген қарсыласы аман қалған. Ал от қойған адамның денесінің біраз бөлігі күйіп, жан сақтау бөліміне түскен.

2009 жылы мамырдың 25-і күні Атырауда «15 жастағы жасөспірімді өлтірді» деген күдікпен ұсталған 18 жастағы баласына қатысты тергеу амалдарының қорытындысына қарсылық ретінде Қабидолла Шолақов өзін өртеген. Оған полиция жеткілікті дәлел-айғақ жиналып, қылмыстық істі тексеру аяқталды деп хабарлаған. Бірақ күдіктінің әкесі қарсылық білдірген. Қала шетіндегі Ақжар ауылының 52 жастағы тұрғыны Қабидолла Шолақов облыстық прокуратура ғимаратына бензин құйылған екі канистраны көтеріп кірген және сол жерде әлгі канистралардың бірінен үстіне бензин құйып, от тұтатқан. Денесінің көп бөлігі күйген ол келесі күні қайтыс болды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG