Accessibility links

Қыршын ғұмырын тәрк еткісі келетін жасөспірім


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

100 мың тұрғынға шаққанда 13-тен көп суицид оқиғасы тіркелген Қазақстан суицид деңгейі жоғары елдер тізіміне кіреді. Азаттық өмір сүргісі келмей, осы статистиканы толықтыруға тырысқан алматылық жасөспірім туралы баяндайды.

Журналистпен Алматы орталық көшелерінің бірінде түскі сағат екіге белгіленген кездесуге Марлен Сүлейменов (өтініші бойынша тегі өзгертілді) кешкі сағат беске таман келді. Жас жігіт кешіккен себебін «проблемаларымды елдің бәріне жария еткім келмейді» деп түсіндірді. Бірақ әңгімелесуден қашпады.

Өмірмен қош айтқысы келетін жасөспірім
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:04 0:00
Жүктеп алу

- Түбі бәрібір өзіме қол салып өлемін, анамсыз өмір сүргім келмейді, - деп бастады әңгімесін Марлен Сүлейменов.

Алматы мектептерінің бірінде оқитын 14 жастағы жеткіншектің қасіретті тағдыры үш жыл бұрын - анасы Эльмира өзіне қол салып қайтыс болғаннан кейін басталған. Марлен - отбасындағы екінші бала, медициналық университеттің бірінші курсында оқитын студент әпкесі, төрт жасар інісі Аслан бар. Анасы Асланның бір жасында өзіне қол салып қайтыс болған.

«ӘКЕМ БАСҚА ӘЙЕЛГЕ КЕТТІ»

Марлен болған жайттың бәріне әкесі Қанатты кінәлайды. Алматы қаласындағы кинотеатрлардың бірінде жұмыс істеген әкесі түнгі ауысымнан кейін қызметкерлерді үйлеріне тасумен айналысқан. Сондай күндердің бірінде әкесі ерінен ажырасқан әрі Марленнің шешесінен сәл жастау әйелмен көңіл қосқан. Ақыры әкесі тағы бір ұлды болған, бірақ ол некесіз туған.

- Мұны білген кезде анам қатты қайғырып, турасын айтқанда, жүзіндегі күлкі мүлде өшті. Кішкентай баласына қарамастан, ажырасайық деді, оған әкем келіспеді. Бұған қоса, әлгі әйел үйімізге келіп, анама тиісіп, талай рет жанжал шығарды, - дейді Марлен Азаттыққа.

Анасының бұл азаптары тура бір жылға созылған. Әкесі үйде түнеуді қойған, ал келсе болды, анасын ұрып-соғатын болған. Бір күні анасы бір уыс таблетка ішіп алып, жан сақтау бөліміне түскен. Шаңырақты шайқалтқан қасіреттің түпкі себебін туыстарының ешқайсысы білмеген. Марлен «әпкем екеуміз атам мен әжеме, әкемнің бауырларына бәрін айтыңыз деп өтіндік, бірақ анам ақылға келер деген оймен уақытты соза берді» дейді.

Бір күні тағы бір жанжалдан кейін әкем әлгі әйелге кетіп қалды.

- Бір күні тағы бір жанжалдан кейін әкем әлгі әйелге кетіп қалды. Бәріміз ұйықтауға жаттық. Сол күні анам інімді ұйықтатып, әпкемнің жанына жатқызды, ал таңертең оны өлі күйінде таптық. Ол халатының белдігіне асылып қалыпты, - дейді Марлен.

Анасының жылын өткізгеннен кейін әкесі әлгі әйелді үйге ертіп әкелген. Сол күннен бастап балалардың шырқы кеткен. Өгей шеше оларды қорлап, ас әзірлемегені аздай, балаларды ұрып-соққан. Балалардың қалай тамақ ішкенінде, үйді қалай тазалағанын да жақтырмаған. Марлен «бізді жамандай берген соң әкем бізді көп ұратын болды» дейді.

Бірде әкесі Марленді қатты соққыға жығып, ол бас сүйек-ми зақымымен ауруханаға түскен. Марлен әлгі оқиғадан кейін өмір сүргісі келмегенін айтады.

- Сабақтан кейін үйге барғым келмейді. Қарасай ауданында жерленген анамның бейітіне бара беремін. Күре тамырымды қиюға тырыстым, таблетка ішіп, ваннадағы суға да тұншығып көрдім, көпірден де секірдім. Өлейін деп қанша тырыссам да Құдай өмір сүргенімді қалап, құтқарып қалады. Шынымды айтсам, бұдан ары осылай өмір сүргім келмейді, - дейді Марлен.

ӘПКЕ – ІНІ

Әпкесі бауырының өмірі үшін күресе бастаған. Оны психолог маманға, «бойындағы жынды қуатын» халық емшілеріне көрсеткен, бірақ ештеңе шықпаған. Марлен «енді анамның тағдырын қайталау ғана қалды» дейді.

Ол әкесін де, оның екінші әйелін де жек көретінін, өз күнін өзі көре алатындай адам болу үшін әлі талай жыл керек екенін мойындайды. Екеуімен бір шаңырақтың астында тұру азапқа айналған. Ол анасын өзіне қол салуға дейін жеткізген екі «қылмыскердің» еш алаңсыз, рахаттанып өмір сүріп жатқанын көріп, қиналады. Марлен «қазір әлі күнге дейін шырқырап анасын іздейтін інім үшін ғана өмір сүріп жүрмін» дейді.

Марленнің әпкесі - Мәриям. Алматы, 12 қыркүйек 2016 жыл.
Марленнің әпкесі - Мәриям. Алматы, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Азаттық тілшісіне Марленнің әпкесімен сөйлесудің сәті түсті. Ол сайт оқырмандарына өзін Мәриям деп таныстыруды сұрады. Ол ересек өмірге енді қадам басқан жеткіншекті қасіреттен арылту үшін отбасы көп күш салып жатқанын айтады.

- Марленді айына екі рет жеке психолог маманға апарып жүрмін, ақшаны әкем береді. Психолог онымен бір сағат шұғылданады. Марленнің жағдайы «Суицидтік мінез-құлық» деп аталады екен, ондай адам ауыр күйзеліске түсіп, өмірге деген құлшынысын жоғалтады, сабағы нашарлайды. Ол проблемаларын менімен бөліседі, онысына да тәуба, сондықтан жамандықтың алдын алуға болатынына сенемін. Психолог «Сырласатын адамымен суицид жайлы ойларымен бөліссе, суицидке итермелейтін ойлардың қаупі сейіледі» деген болатын, - дейді Мәриям Азаттыққа.

Бойжеткеннің айтқандарына қарағанда, жасөспірімнің сабаққа келген-келмегенін мектеп инспекторы күнделікті тексереді, достарына оны әрдайым бақылап жүруді, ал кейде тіпті үйіне дейін шығарып салуды тапсырып қойған. Бұған қоса ықшам ауданға бекітілген учаскелік инспектор олардың пәтеріне келіп, айына бір рет полиция бөлімшесіне шақырып тұрады.

Оған анасының мейірімі жетіспейді, оның өлгісі келмейтінін жүрегім сезеді, сондықтан оған жол бермеу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

- Інім жүйке ауруына шалдыққан адам емес, демек, оны өзіне қол салу ойынан арылтуға болады. Достарынан, мұғалімдерімен сөйлесіп, інімнен сырт айналмай, оған қолдау көрсетіп, мейірімділік танытуларын сұрадым. Інімді солар құтқарып қалуы мүмкін. Оған анасының мейірімі жетіспейді, оның өлгісі келмейтінін жүрегім сезеді, сондықтан оған жол бермеу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Бұған уақыт керек, бір жылдан кейін мына сұмдық бітетініне сенімдімін, - деп аяқтады Мәриям әңгімесін.

Марлен «Сыныптастарымның көбі есалаң санап, менен қашқақтайды» дейді. Сынып жетекшісі суицидке бейімдік оған анасынан берілген, сондықтан өзіне қол салуы мүмкін деп қауіптенеді. Фотоға түсуден бас тартқан Марлен шын тегін де айтқысы келмеді.

Қазақстандағы ДСҰ бюросы дерегінше, кейінгі жылдары 15-24 жас аралығындағы жастар арасында өзіне қол салғандар саны екі есеге артқан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG