Accessibility links

Мектеп лагеріндегі «демалыс»


Жазғы лагерь
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00
Жүктеп алу

Жазғы лагерь.

Жыл сайын жаз шыққанда мектеп оқушыларының демалысын тиімді түрде ұйымдастыру мәселесі көтеріледі. Бірақ ауылдарда кейбір «мектеп лагерьлері» көз алдау науқанына айналып жатады.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Нұра ауылындағы №12 мектептің 2-сыныбын бітірген Дариға қазір мектеп жанынан ашылған лагерьге барып жүр.

«Мектепте ойнаймыз, сурет саламыз, ән айтамыз» дейді Дариға.

Жетекшілерінің айтуынша мектеп жанынан ашылған бұл жаздық лагерьге Дариғамен бірге үлкенді-кішілі 14 бала барып жүр екен. Бірақ Азаттық тілшісі бұл балалардың басым бөлігі мектеп жанындағы балабақша тәрбиеленушілері екенін аңғарды. №12 мектепте 700-ге жуық бала білім алады.

«Таңертеңгі тоғыздан түскі бірге дейін балалар осы жерде болады» деген тәрбиеші Сәуле Бектұрғанқызы «балаларды Алматының айналасындағы көрікті жерлерге апаруға қолдары қысқа екендерін» айтып жабырқап тұрды.

«Кейбір балалар өздерімен бірге су-компоттарын ала келеді. Бұл жерден балалар ешқандай тамақ ішпейді. Түскі ас кезінде үйлеріне қайтып кетеді. Егер ата-аналары келіссе, қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, аптасына бір рет парктерге апарып келуге болар еді» дейді тәрбиеші.

«ЕСКІ ПАРККЕ АПАРЫП ОЙНАТЫП КЕЛЕМІЗ»

Өзін Шолпан деп қана таныстырған №12 мектеп директорының орынбасарының айтуынша, «Балаларды кей-кейде совет заманынан қалған ауыл шетіндегі ескі паркке апарып ойнатып алады».

«Ауылдың шет жағында ескі парк бар. Биыл әкімшілік қолға алып жөндеп жатыр. Кейде сонда апарып ойнатамыз. Сосын ауылдың ішін жарып өтетін канал бар. Балалар сол каналға барып ойнайды. Ауданнан «мектептің ішінде қамап ұстай бермеңдер» деп ескертеді. Оған ақша жинап қалаға апаруға ата-аналардың қалтасы көтермейді. Ауылдық жер, ешкімде ақша жоқ» деді мектеп директорының орынбасары.

Азаттық тілшісі Талғар ауданына қарасты Туғанбай, Жалғамыс, Төңкеріс, Өстемір ауылдарындағы мектептерге де кіріп шыққан еді. Аталған мектептердің барлығы да жазғы лагерьге қалған оқушыларды мектеп ауласынан әрі ұзатпайтындарын айтты.

«Лагерь деген аты ғой. Бізде қала мектептеріндегідей жағдай жасалмаған. «Мектеп жанында лагерь болу керек» деп талап еткен соң оқушыларды күшпен ұстаймыз. Бұл жерде сіздерге көрсете қоятындай ештеңе жоқ» деп аталған мектеп директорларының бірі Азаттық тілшісін есік алдынан шығарып салды.

«ТЕГІН ОРЫНДАРҒА БАРУ»

Алматы қаласындағы №146 мектеп-гимназиясының жанына ашылған балалардың жаздық лагерінде 54 бала тіркелген. Лагерь жетекшісі Айдана Айбарқызының сөзінше, төрт топқа бөлінген балалардың таңғы асы мен түскі тамағы мектеп асханасынан беріледі.


Қазақстандағы жазғы лагердің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы жазғы лагердің бірі. (Көрнекі сурет)
«Таңертеңгі тоғыздан түскі үшке дейін мектепте болады. Қала ішіндегі парктерге ойын алаңдарына апарамыз. Бұған дейін Орталық Горький саябағы, Family паркі, президент мұражайы секілді орындарға саяхаттап қайттық. Мүмкіндігінше кіруі тегін орындарға баруға тырысамыз» деді ол.

Психолог Анна Құдиярова Қазақстанда жазғы лагерьді жоғарыдан ұйымдастырып, бір орталықтан басқарудың совет заманынан келе жатқан үрдіс екенін, мұның көп жағдайда науқаншылдыққа соқтыратынын айтады. «Бірақ үкіметтің бағдарламасы болмаса, тұрмысы нашар отбасылардың балалары мүлдем ешқайда шыға алмай қалып жатады» деп те ескертеді ол.

Қазақстанда мемлекеттік жоғары және орта білім беру мекемелеріне қарайтын балалардың демалыс және сауықтыру орталықтарынан басқа бірқатар ұлттық компаниялар да жаз айларында лагерь ұйымдастырып жатады. Бірақ соңғы уақытта мұндай аз санды балабақшалардың өзі біртіндеп жабыла бастады. Мысалы, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 2012 жылы «тиімсіз актив» ретінде өзіне қарайтын барлық балабақшалар мен лагерьлерді жаба бастады.

Анна Құдиярова Қазақстанда жекеменшік компаниялар мен дәулетті адамдардың жеке бастамасымен құрылған, әлеуметтік жағдайы нашар топтардан шыққан балаларға тегін жолдама беретін балама демалыс орындардың жоққа тән екенін айтып қынжылады.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «жазғы демалысты ұйымдастыру және сауықтандыру жұмыстары 1-10 сыныптарда оқитын 1 миллионнан астам оқушыны қамтиды».
XS
SM
MD
LG