Accessibility links

Қазақстандық Қырым татарлары ATR арнасын қолдады


Қазақстандағы ATR арнасын қолдау видеосынан скрин-шот.

Қазақстандағы ATR арнасын қолдау видеосынан скрин-шот.

Қырым татарлары тілінде хабар тарататын ATR телеарнасы «Роскомнадзор» тіркеуінен өте алмай отыр. Қазақстандық Қырым татарлары да телеарнаны тіркеуге үндеп бейнеролик түсірді.

Қырым татарлары тілінде хабар тарататын Қырымдағы жалғыз телеарна – ATR жабылуы мүмкін. Қазақстандық Қырым татарлары «арна жабылса, отанымызбен мәдени байланысымыз үзіліп қалғалы тұр» дейді.

Қырым түбегінде орналасқан ATR Қырым татарлары телеарнасын Ресейдің «Роскомнадзор» мекемесі 2014 жылдың қазан айынан бері тіркеуден бас тартып отыр. Телеарна наурыз айының соңына дейін тіркеле алмаса, жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Телеарнаның жабылуына қарсы «ATR-ды жоймаңыздар!» атты әлемдік акцияға жақында Қазақстандық Қырым татарлары да қосылды.

Алматыдағы қырым-татар жастары. 10 наурыз, 2015 жыл.

Алматыдағы қырым-татар жастары. 10 наурыз, 2015 жыл.

Мәселен, YouTube желісінде жарияланған уақыты «2015 жыл, 30 наурыз» деп көрсетілген роликте Ремзие Султанова «Қырым татарларының орталығы - «Ватандаш» (Отандас) және Қазақстандағы Қырым халқы ATR арнасының жабылуына қатты алаңдап отыр. Бұл арна - біздің Қырымымыздың бір бөлшегі, оны жабу мүмкін емес. Осы арна арқылы біз өзіміздің мәдениетімізбен, әдет-ғұрпымызбен, дәстүрлерімізбен байланыс ұстап отырмыз. Біз оларды ұмытқымыз келмейді. Біздің арнамызды жаппаңыздар» дейді.

«ТІЛІМІЗ БЕН МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ ШЫРАҒЫ»

Алматыдағы Қырым татарлары түсірген видеороликте бірнеше адам сөйлеген. Олардың пікірлері «ATR – әлемдегі Қырым татарлары тіліндегі жалғыз телеарна, егер ол жабылса,Қырым татарлары мәдениеті мен тілі де шектеуге ұшырайды» дегенге саяды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ ҚЫСЫМНЫҢ КҮШЕЙГЕНІН АЙТАДЫ

Олардың баяндауынша, «ATR арнасын тек Қырым, Украина, Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстандағы Қырым татарлары да көреді. Бұл арна олардың этникалық тұтастығын шетте жүрсе де сақтауға септеседі».

Арнаның тұрақты көрермендерінің бірі, Алматы тұрғыны Кемал Бекиров «отбасымен бірге АТR телеарнасын бірнеше жылдан бері үздіксіз (интернет арқылы) көріп келеді».

ATR арнасын қолдау акциясы. Киев. 28 наурыз, 2015 жыл.

ATR арнасын қолдау акциясы. Киев. 28 наурыз, 2015 жыл.

Оның айтуынша, «Қазір Қырым татарлары жастарының шамамен 80-90 пайызы ана тілін ұмытып барады. Оларға ана тілін үйрететін үлкендер де азайып барады». Кемал Бекировтың сөзіне қарағанда, «ATR арнасы - жастарды ана тілімен жалғастыратын жалғыз көпір, егер ол жабылса, Қазақстандағы Қырым татарлары мәдени дағдарысқа ұшырайды». Ол Азаттық тілшісіне:

- Арна – ана тіліміздің жалғыз қайнар көзі. Мұнда жастардың көбі акцентпен сөйлейді. Біз тіпті ана тілімізде қалай сөйлейтінімізді оларға көрсете де алмаймыз. Егер арна жабылса, онда мәдениетімізге қауіп төнеді, - дейді.

Акцияға қатысқан Алматы тұрғыны Лилия Алимова «АТR қызметі жастар үшін өте маңызды екенін» айтады.

- Халқымыз 70 жылдан астам өз ойын айтып, өзін өзі тану мүмкіндігінен айырылды. Бұл арна ұлтымыздың өзін өзі тануы жолында үлкен міндет атқарып отыр. Біз үшін арнаның жұмыс істеп тұрғаны өте маңызды. Ол мәдениетімізді дамытып, қолдап тұру үшін керек, - дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫНЫҢ ҮРЕЙ АСТЫНДАҒЫ ӨМІРІ

Алматылық Қырым татарлары бұл акцияларының қаншалықты нәтижелі болатынын білмейді. Алайда арнаны сақтап қалуға үлес қосуды өздерінің міндеті деп санайды. Алматылық Қырым татарлары жастарының бірі Урие Курташирова:

ATR арнасының жабылар алдындағы бағдаламасынан алынған көрініс. 29 наурыз, 2015 жыл.

ATR арнасының жабылар алдындағы бағдаламасынан алынған көрініс. 29 наурыз, 2015 жыл.

- Біздің үніміз – теңізге қосқан тамшыдай ғана дүние. АҚШ-та да жастар осындай жеке-жеке клип түсірді. Әлемнің түкпір-түкпірінен телеарнаны қолдап, видеоүндеулер жасалып жатыр. Бәлкім, біздің сөзімізді Ресей билігі еститін шығар, - дейді.

Ресей Қырымды аннексиялағаннан бері (2014 жылдың наурызы – ред.) ATR телеарнасы биліктен қысым көріп келеді. Осы жылдың басында Ресей полициясы Симферопольдегі телеарна ғимаратына тінту жүргізді.

ATR телеарнасы 2014 жылдың қазан айынан бері үш рет тіркеуге өтініш түсірген. Үш жолы да «құжаттардан қате кеткені» жөнінде ескерту алып, тіркеуден өтпей қалған. ATR директоры Эльзара Ислямова «Ресей билігі телеарнаның қызмет еткенін қаламайды» деген пікір айтады. Ал Қырымдағы жергілікті билік басшысы Сергей Аксенов "ATR құжаттарын қасақана дұрыс өткізбей, тіркеу мәселесін күрделендіріп отыр" дейді.

ATR медиахолдингі құрамына ATR және Lale балалар арнасы, FM толқынында хабар тарататын «Мейдан» және орыс тіліндегі «Лидер» радиосы, «15 минут» атты интернет-басылым кіреді. «Роскомнадзор» мекемесі холдингті тіркемеген жағдайда, ATR сәуірдің 1-інен бастап жұмысын тоқтатады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG