Accessibility links

«Назарбаевтың төңірегіне топтасайық», «шайтанға ермейік» дейді үндеу иелері


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 14 Қазан 2010 жыл.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 14 Қазан 2010 жыл.


Жаңаөзендегі «басбұзарлықты» айыптаған жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және ғалымдар биліктің ұстанымын қолдайтындарын білдірді. Кеншілер мен металлургтер өздерінің осыған ұқсас үндеулерін «кейбіреулер қолдан ұйымдастырған жалған үндеу» деп санайды. Ал Қазақстанның бас мүфтиі Маңғыстау жұртын сабырға шақырды.

«Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқанда шырық бұзған басбұзарларды» айыптап, «сабырға шақыру» науқанына жеке адамдармен қатар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, тіпті ғылыми зерттеу институттары қосылды.

«Миттал стил», «Еуразиялық топ» секілді шетелдік компаниялардың меншігі болып саналатын қазақстандық кәсіпорын жұмысшылары да тұрақтылықты шайқалтуға болмайтынын еске салып, үндеу арнады. Мұндай үндеулерден көршілес Атырау облысының «тұрғындары» мен Қазақстанның бас мүфтиі де тыс қалмады.

Бұл үндеулер негізінен «мұнайшыларды арандатып отырған әлдебір күштің» бар екеніне сенімді екендіктерін айта келе «осындай сын сағатта Ұлт көшбасшысы – Елбасымыздың төңірегіне тығыз топтасуға, Қазақстанның болшағы үшін еңбекті еселей түсуге және осы үндеуді бip кісідей қолдауға» шақырады.

«ТОЙТАРЫС БЕРУІМІЗ КЕРЕК!»

Өз оқу орнын «қасиетті қара шаңырақ, қазақ жеріндегі жағдайларға үнемі үлкен жауапкершілікпен қарайтын ордалы оқу орны» деп атаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы «Жаңаөзен мен Шетпе бекетінде болған оқиғалар қоғам тыныштығын бұзуға бағытталған және ұйымдастырылған арандатушылық екені ақиқат. Біз оны ашық қылмыстық әрекет және жаппай тәртіпсіздік деп бағалаймыз» дейді.
Жаңаөзен оқиғасы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихының соңғы беттеріне дақ түсірді, «саяси мәдениетсіздік» көрінісі болды.

ҚазҰУ ұжымы, сонымен қатар «барлық қазақстандықтарды аталған оқиғаны бағалау мәселесінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға, «Ұлт көшбасшысы, біздің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіне бірігуге, қылмыстық күштерге және Конституцияға қарсы ойларға тойтарыс беруге» шақырады.

«САЯСИ МӘДЕНИЕТСІЗДІК»

Бірер жыл бұрын Астана қаласында құрылған «Мемлекет тарихы» институтының директоры Бүркітбай Аяған бастаған бір топ тарихшы «...Жаңаөзен оқиғасы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихының соңғы беттеріне дақ түсірді, «саяси мәдениетсіздік» көрінісі болды, бүгінгі бейбіт заманда өзге емес, өзімізді өзіміз әшкерелеп, сыртқы саясатта елдің беделін түсіру – «қаны қазаққа» жат қылық» деп «өкініштерін» білдірді.

«ЖОЛЫМЫЗ БӨЛЕК»

Жаңаөзен оқиғасынан соң іле-шала, яғни желтоқсанның 19-ы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «студент жастары» да дереу бас қосып, халыққа үндеу жасады.

«Көптеген дамыған елдердің ұзақ жылдар ішінде шыққан биігіне бар-жоғы жиырма жылда ғана қол жеткізген Қазақстан Республикасының қоғамдық татулығы мен саяси тұрақтылығына қарсы шыққан кepi пиғылдағы күштердің іс-әрекетін шектен шыққандық деп бағалаймыз» дейді университет жастары.
Әлемдік қауымдастықтың алдында абыройымызды төкті; мерекені атап өтуге келген бейбіт халыққа қол көтеру көңілге қайғы мен өкініш сезімдерін ұялатып, көзге жас үйірілтті.

«..Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын зор қуанышпен атап өтіп жатқан сәтте осы бip қайғылы, әpi қacipeттi оқиғаның орын алуы өте өкінішті; әлемдік қауымдастықтың алдында абыройымызды төкті; мерекені атап өтуге келген бейбіт халыққа қол көтеру көңілге қайғы мен өкініш сезімдерін ұялатып, көзге жас үйірілтті» деген олар «тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін топтармен жолымыз бөлек» дейді.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шығыс Қазақстан облысы жастарының» құрбы-құрдастарына үндеуі де «...ел сенген жастарымыз ессіздікке ұрынып, бүлікке бой алдырып қалғанын» айтады.

«Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, Алаш ардақтылары аяулы жанын қиып, арман еткен асыл құндылықтарымызды, елдегі айрандай ұйыған береке-бірліктің шырқын бұзуға ешкімнің хақы жоқ,-дейді «Шығыс Қазақстан жастары».

«АШУ МЕН АСЫҒЫСТЫҚ - ШАЙТАННЫҢ ІСІ»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «қайғылы оқиғаны іссапарда жүрген кезде естіп, асығыс оралуға мәжбүр болғанын» айтады.

«...Мереке кезінде аяқ астынан мынадай келеңсіз оқиғалардың болуы көңілімізге қаяу түсіріп отыр» деген ол «Жаратушы Иемізден бауырларыма сабыр бер деп мінәжат етіп дұға жасап, маңғыстаулықтарды сабырға, ұстамдылыққа шақырамын, өйткені қазақ қашан да дана, сабырлы да иманды халық. Ашу мен асығыстық – шайтанның ісі» дейді.

Атырау өңірінің «жұртшылығы» (зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері, мұнайшылар) халықтың барлық буын өкілдері атынан Маңғыстау мұнайшыларын сабырға шақырған үндеуде «Еселі елдің іргесін есер ағым бұзар» деген бар. Халықтың санасын улап, билікке қарсы қойып, бүлік салуға тырысушылар бар. Халықтың қамын жеген болып, жалған ұран көтеріп жүргендердің бірде-біреуі шын мәнінде сол халыққа жаны ашымайды. Олардың ойы тек қана билікті алу» деп жазды.

«КҮМӘНДІ ҮНДЕУЛЕР»

Жаңаөзен оқиғасына орай жазылған үндеулердің бір шоғырын Қазақстандағы ірі өндірістік кәсіпорын жұмысшыларының үндеулері құраған еді.

«Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасында болған тәртіпсіздік әрекеттеріне қатысты ENRC корпорациясының кәсіпорындарында өткізілген басқосулардың басты сарыны осындай болды. Еліміздің төрт өнеркәсіптік өңірінде (Павлодар, Қостанай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында) осы күндері корпорацияның 17 мың қызметкері осындай тәртіпсіздік жөнінде өз наразылығын білдіру және «Арселор-Миттал Теміртау» АҚ қызметкерлерінің үндеуін қолдау үшін жиналуда» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Андрей Цуканов, қоғамдық белсенді. Астана, 31 мамыр 2010 жыл.

Андрей Цуканов, қоғамдық белсенді. Астана, 31 мамыр 2010 жыл.


Алайда бұған дейін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының шахтерлері мен металлургтері атынан жарияланған үндеуді «Шахтерская семья» қоғамдық ұйымы «барша шахтерлар мен металлургтер атынан емес, компания әкімшілігіне ерекше жақын жүрген бір топ адамдардың атынан жасалған үндеу ретінде бағалауды сұрайтынын» жария түрде айтқан болатын.

Аталған қоғамдық ұйымның мүшесі Андрей Цуканов «Бұл үндеу әділ талап қоямыз деп қуғын-сүргінге ұшырап жатқан мұнайшылардың рухын түсіру үшін жасалған. Біз ол туралы ести сала 18 желтоқсан күні кешке үшінші ауысымға бара жатқан жұмысшыларға сұрау салдық. Олардың барлығы да «үндеу жазғандарды айыптап, өздерінің мұнайшыларды қолдайтынын білдірді» деп жазған еді.

«ЕЛБАСЫМЫЗДЫ НОБЕЛИЯ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНУЫМЫЗ КЕРЕК»

«Қазақстан» ұлттық-телернасынан айтылып, сайтында ілулі тұрған «Ағайындар-отандастар, ақылды болайық!» дейтін үндеу мазмұны өзгелерден оқшау көрінді. Үндеу авторы жеке адам, не болмаса ұжым да емес - «Еуропадағы жылаған қазақтар».

«Құдай-ау Маңғыстау облысындағы алтын-отандастарымыз-ау, ағайын мен бауырларымыз-ау: Сіздерге не болды, бүкіл әлемге қарабет қылғыларың келе ме? Европадағы қазақтардың көзінен жас емес, қан аққыздыңыздар ғой, ойбай-ай не болды соншама, алтын-отандастарымыз-ай?» дейді жаңаөзендіктерге қарата.

«Еуропадағы жылаған қазақтар» құр үндеумен шектелмей: «Сондай бұзықтық жасағанша тікелей Елбасына, не Елбасының әкімшілігіне бармадыңыздар?» деп кеңес береді және:

«...Сіздер білесіздер ме, осыдан бес жыл бұрын Европаның кейбір азаматтары «Қазақстан Ресейдің қаласы ма?» деп сұрайтын. Ал он жыл бұрын «Қазақстан Ресейдің автономиялық мемлекеті ме?» дейтін. Ал қазір Қазақстанымыз Евразияның дамыған мемлекеті екені бүкіл Европа біледі. Дұшпанға күлкі қылдыңдар-ау, ағайындар? Бұл не деген сұмдық? Біз қазақтар өз мемлекетімізді дамытуымыз керек, Елбасымызды Нобелия сыйлығына ұсынуымыз керек,-дейді.

«Нобелияны» айтпағанда, бірде «Еуропа», енді бірде «Европа» деп жазатын, әрі Еуропа қазақтарының тілдік қолданысынан гөрі, Қазақстандағы қазақ әдеби тіл нормасы мен жазу машығына көбірек ұқсайтын бұл үндеу де ресми ақпарат құралдарының бүгінгі талабына сай келген секілді.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG