Accessibility links

«Ағза мүшелерін сатам» деушілер ақшаға мұқтаж


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда соңғы жылдары өзінің дене мүшелерін саудалаған адамдар көбейіп барады. Белсенділер бұл тенденция елдегі әлеуметтік ахуалдың нашарлығын байқатады деп санайды.

Азаттық тілшісі интернеттегі «ағзаларымды сатамын» деген хабарландыру иелеріне хабарласып, сөзге тартты.

Астаналық Нұржан «дене мүшелерімнің барлығын сатуға дайынмын» дейді. Ол осылайша 50 миллион теңге (350 мың доллар) табуды ойлайды. Оның сөзінше, өзінің «өмірде ештеңеге жарамайтынын» түсінген соң осы іске бекінген.

– Ең болмаса өзгеге көмектесіп, әке-шешеме 50 миллион теңге қалдырып кетсем де жаман болмас, – дейді 31 жастағы Нұржан.

Нұржан хабарландыру берген бір жыл ішінде бір адам ғана хабарласып, бүйрегін 15 мың долларға сатуға сұрағанын, бірақ ол бағаға келіспегенін айтады.

– Қазір қызметім, жақсы жалақым бар. Бірақ дене мүшелерімді сату ойымнан айныған жоқпын, – дейді Нұржан.

Ал мүшелерін сату жайлы хабарландыру берген екінші азамат – Виктор есімді алматылық жігіт «Иә, бүйрегімді сатамын. Ақша керек. Басқасында шаруаңыз болмасын» деп қысқа қайырды.

«БҰЛ ЖАҚСЫ ТЕНДЕНЦИЯ ЕМЕС»

«Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, «ағзасын сатушылардың пайда болғаны – мемлекеттегі әлеуметтік ахуал жақсы емес екендігінің көрсеткіші».

«Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина.
«Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина.
– Органдарды сату мен сатып алу – алкоголь, есірткі және қару-жарақ сатумен тең. Сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Бізде донорлық мәдениеті жоқ. Қоғамдағы білім, денсаулық пен экономикалық жағдайдың (қарыздар мен несие проблемасының) шешілмеуі осындай қадамға итермелейді. Бұл жақсы тенденция емес, – дейді қоғамдық белсенді.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова да «дене мүшелерін сатқалы жүргендер – қаржыдан қысылып, материалдық жағдайын түзеп алуды көздеген адамдар» деген пікірді қостайды. 30 жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар Түменованың сөзінше, бір бүйрегін сатқан адам екінші бүйрегі сау болса, өмір сүре береді, бірақ денсаулығына төнетін қауіп те ұлғаяды.

– Осыған қарамастан дене мүшелерін сатушылардың тәуекелге баруы сұраныстың көбейгенін көрсетеді. Қазақстанда бір ғана бауырын ауыстыруды қажет ететін пациенттер саны 2 мыңнан асып жығылады, – дейді Бақыт Түменова.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Оның пікірінше, жақындары бір-бірін құтқару үшін, не өлім аузында жатқан адам басқа біреуді аман алып қалу үшін ағзасын берсе, ол – жақсы құбылыс, ал қаржы тапшылығы үшін адамның өзін бөлшектеп сатуы – «қорқынышты әрекет».

– Жалпы, бұл жақсылықтың белгісі емес. Мүмкін, олар дене мүшесін сату қылмыс екенін білмейтін де шығар, – дейді Бақыт Түменова.

«АРЫЗ ТҮССЕ ҒАНА ІС ҚОЗҒАЙМЫЗ»

Қазақстанның қылмыстық кодексі бойынша адам денесінің мүшелерін мәжбүрлеп ауыстыру, я сату қылмысқа жатқызылып, қудаланады. Бірақ өз еркімен ағза органдарын сатушыларға қатысты полиция қандай да бір шара қолдануда тосылып қалады.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек дене мүшелерін сатушылар мен алушыларға қатысты тергеу жүргізбегендерін айтады.

Бүйрек. (Көрнекі сурет)
Бүйрек. (Көрнекі сурет)
– Біздің практикада ондай істер жоқ. Хабарландыруларға қатысты шара қолдану үшін негіз жоқ. Негіз ретінде азаматтардан арыз түсу керек. Онсыз біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз, барлық тергеу амалдарымыз заңсыз болып шығады, – деді Алматы қалалық ішкі істер департаменті өкілі Азаттық тілшісіне.

Ал адвокат Абзал Құспанов полицияға бұл жайлы арыз түсетініне күмәнданады.

– Нотариалды түрде расталмаса, азаматтың ағзасын сатып ақша алғанын ешкім дәлелдей алмайды. Әдетте сатушы мен алушы ауызша келісіп жатады. Бұл жағдайда кім полицияға арыз түсіреді? Сондықтан бұл істі сотқа жеткізу оңай емес, – дейді Абзал Құспанов.

Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексі трансплантация жасауға рұқсат етеді. Бірақ заң адамның тіндерін және ағза бөліктерін мәжбүрлеп алуға және ауыстырып салуға, сатып алуға және сатуға тыйым салады.
XS
SM
MD
LG