Accessibility links

Ақтөбедегі атыста аман қалған жігітке үкім шықты


Құрманқұл Ғабит Азаматұлы, Ақтөбеде полиция мен қарулы топ арасында болған қақтығыс кезінде тірі қалған шабуылдаушы.

Құрманқұл Ғабит Азаматұлы, Ақтөбеде полиция мен қарулы топ арасында болған қақтығыс кезінде тірі қалған шабуылдаушы.

Маусым айында Ақтөбеде арнайы жасақпен атыста жараланып, аман қалған Ғабит Құрманқұл 12 жылға сотталды.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ғабит Құрманқұлды 12 жылға бас бостандығынан айырды.

Жәбірленуші тарап - оққа ұшқан полицей Темірбек Жақсылықбаевтың туыстары «діннің атын жамылған террористерге ату жазасы ғана лайық» деп санайды. Ал сотталушының анасы мен адвокаттары үкімге разы емес.

«КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДЫҚТАН ЖАЗА ЖЕҢІЛДЕДІ»

Үкімді оқыған судья Шапағат Әлнияздың айтуынша, ол қылмыстық кодекстегі 24-баптың (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) 3-тармағы, 96-баптың (адам өлтіру) 2-тармағының «а,б,е,ж, л, н» бөлімдері, 179-баптың (қарақшылық) 4-тармағының «а» бөлімі, 233-баптың (терроризм) 2-, 4-тармақтары, 251-баптың (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 3-тармағы, 255-баптың 4-тармағы (қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш заттарды күзету жөніндегі мiндеттердi тиiсiнше атқармау) бойынша кінәлі деп танылды.
Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл

Полициямен қарулы қақтығыс болған Краснощеков көшесіндегі №46 үй. Ақтөбе, 25 маусым 2012 жыл


Судья сотталушыға қарата айтқан сөзінде:

- Тағылған кейбір айыптардың жазасы ауыр. 15 жылдан басталады. Бірақ сот сіздің қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмағаныңызды ескеріп, жазаны жеңілдетті, - деді.

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында 1994 жылы туған сотталушы Ғабит Құрманқұл 18 жасқа осыдан үш апта бұрын тергеу изоляторында толған болатын.

Жәбірленуші тарап - маусымның 21-і күні қызмет бабымен жүріп оққа ұшқан жол инспекторы Темірбек Жақсылықбаевтың туыстары сот үкімі әділ болды деп санайды. Марқұм Жақсылықбаевтың туысы Төлеубай Сарбаев:

- Қазақстанда ату жазасына мораторий жарияланбағанда және бұл жігіт қылмысты кәмелетке толып жасағанда атылып кететін еді. Діннің атын жамылған террористерге ату жазасы ғана лайық! Келінім - жесір, төрт жасар сәби жетім қалды. Оның өтеуін кімнен сұраймыз? Өз басым соттың үкіміне разымын, - деді.

Өзін «отставкадағы полиция полковнигімін» деп таныстырған Төлеубай Сарбаев тергеу материалдарымен танысып шыққан.

- Ғабит Құрманқұл біреудің қаруын ұрлап алып, сыбайластарына әкеп берген. Темірбек Жақсылықбаев сол қарудың оғынан қаза болды. Бәленің бәрі осыдан басталып отыр, - деді ол.

Ал Ғабит Құрманқұлдың адвокаты Раушан Тәжімова облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Сотта «Ғабит Құрманқұл экстремизмді насихаттады» деп куәлік берген төрт азаматтың төртеуі де үстерінен іс қозғалып, тергеуге тәуелді болып отырған адамдар. Тергеуге тәуелді адам қандай жауап беруі мүмкін? Әрине тергеудің мүддесіне сай жауап береді.

- Менің қорғауымдағы азаматқа тағылған айыптардың басым бөлігіне тергеу заңды дәйектер келтіре алған жоқ. Яғни нақты дәлел болған жоқ. Сотта «Ғабит Құрманқұл экстремизмді насихаттады» деп куәлік берген төрт азаматтың төртеуі де үстерінен іс қозғалып, тергеуге тәуелді болып отырған адамдар. Тергеуге тәуелді адам қандай жауап беруі мүмкін? Әрине тергеудің мүддесіне сай жауап береді, - деді Тәжімова.

Адвокаттың айтуынша, маусымның 21-іне қараған түні «пышақ жарақатын алдым» деп полиция шақыртқан такси жүргізушісі сот алдында «Ғабит Құрманқұлды емес, Жолмырза Бекбауовты ғана көрдім» деп жауап берген.

Адвокат жәбірленуші тараптың Ғабит Құрманқұлдан материалдық не моральдық шығын талап етіп отырмағандығын да алға тартты. Тәжімованың пікірінше, өйткені жәбірленуші тараптың өзі күні кешеге дейін Ғабит Құрманқұлдың кінәлі екеніне сенбеген.

- Менің қорғауымдағы азаматқа тағылған көп айыптың бірі - қару ұрлау және оны тасымалдау. Бірақ оның қару ұрлағанын да, тасымалдағанын да көзімен көрген адам жоқ. Жанындағы екі жігіт полициямен атыста қаза болды. Тірі қалған - жалғыз өзі. Енді бар жазаны бір өзі тартпақшы, - деді Раушан Тәжімова.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шапағат Әлнияз үкімді оқыған кезде сот залында отырған Ғабит Құрманқұлдың анасы Балзира Тымақбаева:

- Үкімге риза емеспін. Біреулердің жетегіне ерген жап-жас балаға осындай ауыр жаза кесуге бола ма? Адвокаттармен ақылдасып, әлі де қуынып көремін. Бірақ бұл үкімнің өзгеретініне күмәнім көп. Елдегі жағдайды білесіздер ғой, - деді.

АТЫСТЫҢ ТАРИХЫ

Маусымның 21-іне қараған түні Ақтөбеде полицей Темірбек Жақсылықбаев оққа ұшты.

Жақсылықбаев пен тағы бір полицей "Кірпішті" ауданында таксиске шабуыл жасалғаны туралы хабарды естіп, оқиға болған жерге барғанда, Жақсылықбаевты тасада тұрған белгісіз адамдар атып өлтірді деп хабарланған еді.
Атыс болған маңда жүрген полицейлер. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.

Атыс болған маңда жүрген полицейлер. Ақтөбе, 23 маусым 2012 жыл.


2012 жылы маусымның 23-і күні Ақтөбе қаласының Краснощеков және Лермонтов көшелерінің қиылысы маңындағы жер үйге бекініп алған үш адамнан тұратын топ пен полиция арасында жеті-сегіз сағатқа созылған атыс болды.

Полициямен атысқандардың облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Жаксылықбаевты атып кеткендер екені де хабарланды.

Маусымның 23-і күні түнгі сағат ондарға тақау аяқталған операциядан кейін прокуратура мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде "Шабуыл жасағандар: 1991 жылғы Жолмырза Бекбауов, 1994 жылғы Ғабит Құрманқұл және 1989 жылғы Ерназар Мырзағали. Олар Краснощеков көшесі, №46 үйден табылды. Екеуі қарсы атыспен жойылып, біреуі жарақат алды" деп жазылған. Мәлімдемеде оларға алдымен берілу жөніндегі ұсыныс жасалғаны, Бекбауов, Құрманқұл және Мырзағалидың қарулы қарсылық көрсеткені айтылған.

Ғабит Құрманқұл - Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында тұратын Балзира Тымақбаеваның жалғыз ұлы. Көршілерінің айтуынша, Құрманқұлдың анасы - күйеуі өмірден ертерек өткен жесір әйел. «Жалғыз ұлын жеткіземін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін» дейді көршілері.

Бұл мақаланы журналистің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG