Accessibility links

Ғалымдар доңыз тұмауына қарсы вакцина ойлап тапқандарын айтады, денсаулық министрі бұл жаңалықтан хабарсыз


Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.
Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Қазақстанда соңғы кезде белгісіз науқастан аяқ астынан қайтыс болу оқиғалары тіркеле бастады. Ал денсаулық сақтау министрі олардан қауіпті вирус табылмағанын алға тартса, қазақстандық ғалымдар доңыз тұмауына қарсы вакцина ойлап тапқандарын мәлімдейді.

Жергілікті ақпарат құралдары қараша айының басында Петропавл қаласында 16 жастағы оқушы қыздың аяқ астынан қайтыс болғандығы жөнінде хабар таратылған еді. Дәрігерлер оған өкпе қабынуының салдары деген диагноз қойған болатын. Сол секілді қазан айының аяғында Астана қаласының 12 жасар тұрғыны Юлия Акимушкина да ойнап жүрген жерінде өліп кеткен. Ол жолы да дәрігерлер өкпесі қабынған деген анықтама берген.

Бірақ қайтыс болғандардың ата-аналары балаларының осыған дейін пневмониямен ауырып көрмегенін айтып, ақпарат таратқан еді. Өткен аптада Астанада тағы бір ер адамның өкпе қабынуынан қайтыс болғаны белгілі болды.

Ал Азаттық радиосына берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қайтыс болған адамдардың ағзаларынан вирус табылмағанын айтты.
Бішкек көшелеріндегі маска киген тұрғындар. 8 қараша, 2009 жыл.


- Олар өкпе қабынуы салдарынан қайтыс болған. Вирус анықталған жоқ. Яғни бұл кеселдер инфекция арқылы жұққан. Оның доңыз тұмауына ешқандай қатысы жоқ. Оның бәрін жіті зерттедік. Пневмонияның кешігіп байқалуы деген диагноз болады. Бұл – аурудың өте қатал түрі. Яғни онымен ауырған адам өзі де сезбеуі мүмкін. Ал тұмау деген күдікпен түскендердің бәрін тексеруден өткізіп жатырмыз. Әзірге ешбірінен вирус анықтаған жоқпыз, - дейді денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев.

Британиялық The Daily Mail газеттің жазуына қарағанда, таяуда жапондық ғалымдар H1N1 вирусын жануарларға тәжірибеден өткізіп, доңыз тұмауының бірден өкпені зақымдайтынын анықтаған. Сонымен бірге індеттің ауа арқылы тарайтынын да нақтылаған.

Ғалымдардың айтуынша, доңыз тұмауы әсері жағынан бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 20 миллионға жуық адамның өмірін қиған «испанка» деген індетке ұқсайды екен. Ал украиналық ғалымдар доңыз тұмауынан қайтыс болған екі адамның ағзасын зерттеген кезде, өкпелерінің қап-қара көмір секілді күйіп кеткенін анықтапты. Соңғы мәлімет бойынша, Украинада үш жүзге тарта адам доңыз вирусынан қайтыс болған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР Н1N1 ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ВАКЦИНАНЫ СЫНАҚТАН ӨТКІЗУДЕ

Ал бұл кезде қазақстандық ғалымдар доңыз тұмауына қарсы вакцина ойлап тапқандарын жариялады. Оны тапқан – Жамбыл облысында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемасы ғылыми зерттеу институты. Институт директоры Сейдіғаппар Мамадалиев бүгінде вакцинаның үш орталықта – Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы дәрі-дәрмектерді сараптамадан өткізу орталығында, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы тұмауды зерттеу ғылыми институтында және өздерінде тексеріліп, сынақтан өткізіліп жатқанын айтады.
Вакциналарды зерттеу жұмысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Сосын қаңтар айынан бастап, клиникалық тексеруге жібереміз. Осыдан кейін Қазақстанның өз вакцинасы болады...


- Вакциналарды зерттеу жұмысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Сосын қаңтар айынан бастап, клиникалық тексеруге жібереміз. Осыдан кейін Қазақстанның өз вакцинасы болады, - дейді Сейдіғаппар Мамадалиев.

Алайда, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қазақстандық ғалымдардың H1N1 вирусына қарсы вакцина ойлап тапқанынан хабарсыз болып шықты.

«Ондайды мен естімедім. Жалған ақпарат болуы мүмкін», - дейді министр Азаттық радиосына.

Бірақ Биологиялық қауіпсіздік проблемасы ғылыми зерттеу институтының директоры Сейдіғаппар Мамадалиев вакцинаны шығаруға тікелей Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің рұқсатын алғандықтарын айтып отыр.

- Біздің орталықтың елу жылдық тарихы бар. Совет Одағы кезінде вирустарды зерттейтін ең мықты зертхана болған. Совет одағы құлағаннан кейін, Қазақстанда вакцинаны ешкім шығармады. Барлығын шетелден сатып алып отырды. «Керегін сатып ала саламыз» деп отыра береді. «Өзіміз үйренейік» деген болмады. Сосын біз бірнеше ғалымдар бастама көтеріп премьер-министрге шыққан едік, - дейді институт директоры.

Зерттеу институты құс тұмауы індеті етек алған кезде де алғашқылардың бірі болып, H5N1 вирусына қарсы вакцина ойлап тауыпты. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне құстарды егуге арнап, жыл сайын 7-8 миллион дана вакцина шығарып отырады екен.

Жалпы вирустарды зерттейтін ғалымдардың айтуынша, жылдан-жылға адам ағзасының иммундық жүйесін жоятын қауіпті індеттер күш ала бастаған. Оған түрлі құрлық адамдарының жақын қарым-қатынасы әсер етеді екен. Осындай факторларды атап көрсеткен ғалым Сейдіғаппар Мамадалиев доңыз тұмауы солардың тек басы ғана екенін жоққа шығармайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2009 жылдың шілде айында шетелге барып келген жасөспірімдер арасында H1N1 тұмауын жұқтырған 17 жағдайдан басқа Қазақстанда бұл қауіпті індетті жұқтырғандар тіркелмеген. Тек Қазақстан арқылы өтетін жолаушы пойыздарынан 14 адамның тұмауды жұқтырғаны анықталған. Олар Ресейден келе жатқан қырғыз азаматтары болып шыққан.
XS
SM
MD
LG