Accessibility links

Сейсембаев, Қуанышев және Швейцариядағы шоттар


HSBC банкіне тиесілі кеңселердің бірі. Көрнекі сурет

HSBC банкіне тиесілі кеңселердің бірі. Көрнекі сурет

Швейцария банкіндегі құпия ақпарат тарап кетіп, екі қазақстандықтың есімі аталды. Барлығы 82 қазақстандық клиенттің құпия есеп-шоты табылған.

Әлемдегі екінші ірі банк болып саналатын HSBC банкінің Швейцария бөлімшесіндегі құпия құжаттар жарияланып кетіп, осы аптаның басында тағы бір халықаралық жанжал туған кезде көптеген құпия есеп-шот иелерінің аты-жөндері белгілі болды. Бұл жолғы жанжалдың негізгі аргументі – «банк клиенттерінің салықтан жалтаруына көмектескен» деген болжам. Жаңа жанжалға қазақстандық бай адамдар да ілінген.

МАРҒҰЛАН СЕЙСЕМБАЕВ

Irish Times газеті вебсайтының жазуынша, құпия есеп-шот иелерінің тізімінде кезінде «Альянс банк» «активімізді жымқырды» деп айыптаған қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев та бар.

48 жастағы бизнесмен Марғұлан Сейсембаев ірі бизнеспен 1990 жылдары айналыса бастаған. Ол «Сеймар» компаниясын құрған бизнесмен әрі «Альянс банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы ретінде белгілі. 2009 жылдың күзінде бауыры Ерлан екеуіне «банк қаражатын жымқырды» деген айып тағылған. Марғұлан Сейсембаев қысқа мерзімді эмиграциядан Қазақстанға 2010 жылдың қазанында оралған. Оны «банк қаражатын заңсыз пайдаланды» деген айыппен екі жыл шартты мерзімге соттаған.

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер

Азаттық тілшілері Facebook әлеуметтік желісінде бизнесменнің есімімен тіркелген аккаунт иесіне хабарласты. Тілшілерден не туралы комментарий алғысы келетінін сұрап, білген соң «Марғұлан Сейсембаев» аккаунтының иесі Азаттықтың сұрағын жауапсыз қалдырды.

ТИМУР ҚУАНЫШЕВ

«Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы» тағы бір қазақстандық бизнесменнің есімін атайды. Ол – мұнай саласының магнаты, 2006-2007 жылдары есеп-шотында 10 миллионнан аса доллар болған Тимур Қуанышев. Кезінде Тимур Қуанышев пен әйелі Әлфия Қуанышеваны Ұлыбритания ханзадасы Уильямстің үйлену тойына шақырған. Ерлі-зайыптылар - «Ханзада Чарльздің балалар және өнер қорының» демеушілері , әрі Лондондағы Королева опера театрына қаржылай көмектеседі.

«Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы» ұйымы жариялаған мәліметтің скриншоты

«Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы» ұйымы жариялаған мәліметтің скриншоты

Азаттық тілшілері Қуанышевтар отбасына тиесілі «БАТТ» корпорациясының Алматыдағы кеңсесіне хабарласып, комментарий сұрады. Өзін Аслан деп таныстырған қызметкер Тимур Қуанышевпен сұхбатқа «алдын ала жазылу қажет» деді. Азаттық редакциясы оның өтініші бойынша Тимур Қуанышевтің құпия есеп-шоттары туралы батыс баспасөзінде жарияланған мақалаларға қатысты комментарий беруін өтініп, жазбаша сауал жолдады.

Forbes журналының дерегінше, Тимур мен Әлфия Қуанышевтар отбасы Қазақстанның ең бай 50 адамы рейтингіне кіреді. «БАТТ» корпорациясы - Маңғыстау облысындағы Теңге мұнай-газ кенішін игереді әрі толық қожайыны. Ерлі-зайыптылардың тағы бірнеше ірі бизнес-жобалары бар.

Тимур Қуанышев – Қазақ ССР нан өнімдері министрі Оразбек Қуанышевтің баласы.

Жанжал аясында банктің 100 мыңнан аса клиентінің есімдері аталады. Олардың ішінде халықаралық деңгейдегі қылмыскерлер, бизнесмендер, саясаткерлер мен өзге де атақты адамдар бар. Болжам бойынша, HSBC банкі 200-ден аса елдің азаматтарына Швейцарияда құпия есеп-шот ашу арқылы салықтан жалтаруға көмектесуді ұсынған.

«Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумының» хабарлауынша, Швейцария банкінен Қазақстанмен байланысы бар 82 клиенттің 251 құпия есеп-шоты табылған. Әлгі есеп-шоттарда барлығы 435 миллион 300 мың доллар жатқаны анықталған. Ең көп ақша – 145 миллион доллар бір клиенттің есеп-шотынан табылған. Әзірше есеп-шот иелерінің аты-жөндері толық жарияланған жоқ.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG