Accessibility links

Сот: «Сирияда соғысуға шақырушы» сырттай қамалсын»


"Сирияға аттанған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан алынған скриншот.

"Сирияға аттанған қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан алынған скриншот.

«Қазақстандықтарды әлеуметтік желіде Сириядағы қарулы қимылдарға қатысуға шақырды» деген айыппен Ақмола облысының тұрғыны «сырттай қамауға» алынды.

Ақмола облыстық прокуратурасының мәлімдеуінше, осы облыстың А. Жансейітов есімді азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланды. Бұған «Жансейітовтің әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтарын Сириядағы қарулы қимылдарға қатысуға шақыруы» себеп болған.

«Жансейітовке қылмыстық кодекстің 233-1 бабының екінші тармағы бойынша, яғни «терроризм мен экстремизмді насихаттау немесе терроризм ұйымдастыруға шақыру» айыбы тағылды. Оны сырттай қамауға алу туралы сот шешімі шықты» деді Ақмола облыстық прокураторасының баспасөз хатшысы Аққу Мирсалимова Азаттыққа.

Прокуратураның баспасөз қызметі Жансейітовтің әлі ұсталмағанын, оған іздеу жарияланғанын хабарлады.

Ресми орган сырттай қамауға алынған Жансейітовтің суретін, туған жылы мен жері сияқты жеке бас мәліметтерін беруден бас тартты.

Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша сырттай қамауға алу туралы бап іздеу жарияланған күдіктілерге қатысты қолданылады. Мұндай күдікті ұсталған жағдайда бірден қамауға алынады.
Қазақстанда іздеуде жүргендердің көпшілігі – сырттай қамауға алынғандар болуы мүмкін.

Заңгер Амангелді Шорманбаев Азаттыққа «сырттай қамауға алынғандар» туралы ресми органдардың жеткілікті мәлімет бермейтінін айтты.

«Қазақстанда іздеуде жүргендердің көпшілігі – сырттай қамауға алынғандар болуы мүмкін. Олар жайлы көп ақпарат берілмейді» дейді маман.

2013 жылдың қазан айында YouTube желісінде Toran Wahood есімді қолданушы «Сирияға қоныс аударған ондаған жиһадшы қазақстандық» туралы видео жариялаған еді. Ол видеода қазақша және орысша сөйлеген азаматтар «жиһад жасау үшін бала-шағамызбен бірге Қазақстаннан Сирияға келдік» деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл видеоны «Сириядан тыс жерде де жасалуы мүмкін үгіт-насихат материалы» деп сипаттап, клиптегі азаматтардың кім екенін анықтап жатқанын хабарлаған. Кейін Азаттық ол видеодағы бірнеше ер адам мен жас балалардың расымен қазақстандықтар екенін анықтаған болатын.

Ал биылғы қаңтар айының басында Қырғызстан астанасы Бішкекте «Сириядағы соғысқа жалдамалы болып баруға үгіттеді» деген айыппен екі қазақстандықтың да ұсталғаны хабарланған еді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG