Accessibility links

Футболшы қалай «жиһадшыға» айналды?


Талғат Төреевтің үйде ілулі тұрған портреті.
Талғат Төреевтің үйде ілулі тұрған портреті.

Оралда туып-өскен, Сирияға «жиһадқа» кетті делінген бұрынғы футболшының анасы Азаттыққа бөгде елдегі соғыста жалғыз ұлынан айрылудың қаншалықты қиын екенін айтып берді.

Оралдағы «Жастар» футбол клубының бұрынғы қорғаушысы, 27 жастағы Талғат Төреев анасы Айнаш Төрееваның айтуынша, 2013 жылы әйелімен және кішкентай қызымен Сирияға кеткен. Екі жылдан соң келіні енесіне WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы Талғат отырған автокөліктің авиасоққыдан жарылғанын, оның опат болғанын хабарлаған. Содан бері келіні байланысқа шықпаған.

«ФУТБОЛСЫЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙМЫН ДЕУШІ ЕДІ»

46 жастағы Айнаш Төреева Орал қаласының бір шетіндегі "Жұлдыз" ықшамауданында тұрады. Сирияға кеткенге дейін бұрынғы футболшы Талғат Төреев тұрған қарапайым үйдің осы аудандағы басқа жүздеген үйлерден еш айырмасы жоқ.

please wait

No media source currently available

0:00 0:22:38 0:00
Жүктеп алу

Үйдегі көрнекті тұсқа Талғаттың портреті ілінген. Айнаш қазір жылай да алмайды. Көз жасы суалған. Алдына ұлының футболдағы жетістіктері үшін алған медальдары мен марапаттау қағаздарын жайып қойған ол ұлы жайлы жан толқыта айтып берді.

Төреевтер отбасы облыстың Бөрілі ауданынан Оралға 1981 жылы көшіп келіпті. Талғат екі жасқа толғанда ата-анасы ажырасып кетеді де, ол анасының қолында қалады. 2001 жылы Талғаттың әкесі жол апатынан қаза тапқан екен.

Талғат Төреевтің медальдері.
Талғат Төреевтің медальдері.

​Айнаш Төреева ұлының бала кезден футболға қызығып, спортшы болуды армандағанын айтады. Талғат спорт мектебіне өзі барып жазылған екен.

Анасының айтуынша, 15 жасында жаттығу кезінде Талғаттың соқырішегі жарылып кетіп, ол ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Сол кезде дәрігерлер жасөспірімнің денесіне салмақ түсіретін жаттығумен айналысуына тыйым салады. Бірақ соған қарамастан оның футболға деген құлшынысы зор болған. Анасы кейінірек ұлының ауруға берілмей, жаттығуларға жасырын барып жүргенін де біліп қояды.

- Сол кезде ол маған футболсыз өмір сүре алмаймын деп еді, - дейді Айнаш.

Талғат спорттағы алғашқы қадамын «Жайық» футбол командасында ойнап бастайды. Кейін «Жастар» командасына өтеді. Ол оқушы кезінде әртүрлі республикалық жарыстарға қатысып жүріп, елді шарлап шығады.

2005 жылы Талғат мектеп бітіріп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетіне «машина құрылысы» мамандығына грантқа оқуға түседі. Бірақ футбол мен оқуды қатар алып жүру қиынға түседі. Талғат екінші курста оқуын тастап, футболға кетеді.

ДІНГЕ НИЕТ

2009 жылы Талғат Төреев Қазақстанның премьер-лига чемпионатында ойнау үшін тексерістен өте алмай, футболдан кетеді.

- Талғаттың бірден еңсесі түсіп кетті. Әртүрлі салаларда жұмыс істеп көруге тырысты. Сауда мен мұнай-газ секторында қызмет етті, бірақ орныға алмады,-деп еске алады Айнаш Төреева.

Кейін Талғат анасына намаз оқуға ниетті екенін айтады.

- "Оның саған не керегі бар? - деп сұрадым, - Онсыз да арақ ішпейсің, шылым шекпейсің". Ол болса, "алаңдамаңыз" деп қойды, - дейді Айнаш.

Олар Орал қаласы сыртындағы үйлерін салып жатқанда анасы мен ұлы пәтер жалдап тұрған. Айнаштың айтуынша, Талғат осы уақытта үйге келуін сиретіп, "мешітке барамын" деп жүрген екен.

Біраз уақыттан соң сақалын өсіреді. Анасының сөзінше, 2010 жылдан бастап Талғат үйде дайындалған асты ішпейтін болған. Мал бауыздаған кезде ұлы оны міндетті түрде өзінің танысы союын талап етіп, құрбандық шалуда дұға оқылуы қажет деген.

Талғат Төреевтің футболшы кезіндегі суреті. Отбасы альбомынан алынды.
Талғат Төреевтің футболшы кезіндегі суреті. Отбасы альбомынан алынды.

​ - "Сіздер намаз оқымайсыздар, сондықтан таза емессіздер" деп түсіндірді. Осы сәттен бастап секемдене бастадым, - дейді Айнаш.

Әйелдің айтуынша, ол жергілікті мешіттегі имам мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жергілікті департаменті мен дін істері жөніндегі комитеттің департаментіне көмек сұрап барады.

- Ұлымды дін істері жөніндегі департаментке апарған кезде онымен сөйлескен мамандар мені тыныштандырып, "алаңдамаңыз, ұлыңыз дұрыс жолда" десті. Бірақ облыстың бас имамымен сөйлесуге ұлым бармады. ҰҚК маған әшейін сұрақтар қойды да, Талғатты бақылайтынын айтқан,-дейді Айнаш Төреева.

2011 жылдың желтоқсанында Талғат облыстың Теректі ауданының тумасы – Марияға үйленеді. Талғат анасына бірден үйлену тойы болмайтынын айтады. Біраз уақыттан соң келіні қымтанып орамал тағып жүреді. Оған қоса сыртқа шыққан кезде медициналық бетперде киіп алады. Аарада жыл өтіп Талғат пен Марияның тұңғышы София өмірге келеді.

Алайда күн өткен сайын анасы мен ұлының арасында қайшылық ұлғая береді. Талғат қонақ келгенде әйелін көп алдына шығармайтынын айтады да, Айнаштың келіні жабық бөлмеде қызымен жалғыз отыратынды дағыдға айналдырады.

Әртүрлі сылтаумен ұлы отбасын алып, бірнеше рет бөлек шығып, пәтерде тұрады. Қаржылық қиындық туғанда қайтадан анасына келеді. 2013 жылдың шілдесінде Талғат әйелі және қызын алып үйінен біржола кетеді. Сол жылы ҰҚК Айнаш Төрееваға ұлының бала-шағасымен Сирияға кеткенін хабарлайды.

«ХАТ ЖАЗУДЫ ДОҒАРДЫ»

«Әуелде бес ай бойы ұлымнан еш хабар болмады» дейді Айнаш Төреева. Кейін келіні оған WhatsApp арқылы Түркияда екендерін жазады. 2014 жылы қаңтардың 20-сында Мария Сириямен шекарадан өткендерін, енді елге оралмайтындарын айтып хат жазады. Сол жақта жұмыс істейміз деген. Бірақ қандай жұмыс екенін ашып айтпаған.

- Ұлым ұзақ уақыт байланысқа шықпады. Келінім Маша арқылы ғана хабарласып тұрды. Талғат "аман-саумын, алаңдамасын" деп ғана қысқа жауап беретін. Мен одан үйге қайтуын сұрап жалындым. Бұдан соң ол хат жазғанын қойды, - дейді Айнаш Төреева.

Төреевтер отбасы осы "Жұлдыз" ықшамауданында тұрған. Орал. 7 шілде, 2015 жыл.
Төреевтер отбасы осы "Жұлдыз" ықшамауданында тұрған. Орал. 7 шілде, 2015 жыл.

Биыл 12 мамырда Мария енесіне Талғаттың қаза тапқанын, күйеуінің денесін көргенін айтып хат жазады.

Ұлының қиырдағы соғысқа кетуін анасы Талғаттың футболдағы сәтсіздігіне күйзелгендігімен және жұмысқа тұру мәселесін шеше алмай кеткендігімен байланыстырды. Ол бір жағы "баламның тәрбиесінде қаталдау болуым керек пе еді" деп өзін-өзі кінәлайды. Айнаш ҰҚК-ге де үміт артқанын айтады.

- Егер маған ҰҚК ұлымның сол жаққа кетуі мүмкін екенін сездірткенде, оны елден шығармау үшін аянып қалмас едім ғой. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салатын едім. Мемлекет өкілдерінің ешбірі маған көмектесе алмады. ҰҚК ол жаққа кімдердің кеткелі жүргенін біледі ғой. Неге олар осындай жағдайлардың алдын алмайды? Оларға айыпты болса, ұлымды түрмеге отырғызыңдар деп айттым. Тым құрығанда, аман-сау болатын еді және осы елде қалатын еді, - дейді Айнаш Төреева.

Ол бір ай бойы ұлын жоқтап күйзелген. Бертін хатым түсіріп асын берген. Енді Айнаштың өзі келінінің 87 жастағы жалғыз қарт туысын күтімге алған. Талғаттың анасы күн сайын ең құрығанда келіні мен немересінің аман-сау елге орлауын тілеп отыр.

ҰҚК-нің жергілікті өкілі Азаттыққа Талғат Төреевтің қазасы туралы ақпаратты растау немесе терістеу туралы мәлімет бермеді. Комитет Талғаттың жесірі мен қызының тағдыры жайлы да ақпарат беруден бас тартты.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG