Accessibility links

Табылдыдан айырылғанымызға биыл бес жыл болыпты. Бұл ешкім күтпеген қаза болды. Шығармашылық өрлеуді республикалық деңгейде енді бастаған, жоспарлары шексіз, тепсе темір үзетін, алпамса денелі жігіт 2010 жылдың күзінде дүниеден озды. Биыл, 2015 жылы, ол 50-ге толатын еді. Бірақ билік жағынан еш нұсқау болмағандықтан, бұл мерейтой атаусыз өтті. Әйтсе де, құрдастары, өзінен кейін шыққан жастар қолдап, оның кештерін өткізіп, әндерін айтып, Табылды қазір XXI ғасыр басындағы жаңа ұрпақтың баскөшші таңба белгісіне айналуда. Ол таңбаның мәнісі неде? Міне, біз осыған үңілуіміз керек. Көріп тұрғанымыздай, біріншіден, ол - қазіргі билікке оппозициядағы құбылыс, екіншіден, жаңа ұрпаққа деген ықпалы арқасында, еліміздің дамуының жаңа жолдарын, тосын мүмкіндіктерін көрсете алатын құбылыс.

Ал енді Табылды табыстарының табиғатына келсек, ол - бард-ақын, қазақтың тұңғыш толыққанды барды. Бұл «бард» сөзінің бірнеше мағынасы бар, ортағасырлық Еуропа елдерінде бардтар, біздің жыраулар секілді, өзін түрлі музыкалық аспаптармен сүйемелдейтін дәстүрлі поэзияның өкілі болған. Демек, бардтар құбылысында музыка мен поэзия бір-бірінен ажырамайды. Екіншіден, бардтар құбылысы жаңа заманда, әсіресе, ХХ ғасырдағы Ресейде қайта жаңғырады. Оған түрлі себептер болады. Біріншіден, кеңестік Ресейде орыс басылымдарында цензура күшті болады. Сондықтан шындық айтушы ақындар өздерінің достары ортасында гитарамен ән айтып, бардтар құбылысын қалыптастырады. Ең қызығы ол кезде адамды адам қылатын нәрселердің бәріне тиым салынған еді. Кеңестер Одағында секс болмайды дегесін, онда махаббат лирикасы қайдан болсын? Ал сол кездегі орыс бардтары махаббат, достық сезімдерін, алыс сапарға шығу романтикасын жырлады. Олардың қатарында Булат Окуджаваны, Юрий Визборды, Владимир Высоцкийды атауға тиіспіз. Кейін, 80-жылдары оларға Сергей Башлачев қосылды.

Міне, Табылды Досымов өзінің бардтық өнерінде бір өзінде осы төртеуін біріктіргендей. Ол Окуджава сияқты өз қатарлары арасында аңыздық фигураға айналып келе жатыр еді, Высоцкий сияқты ғажап азаматтық қарсылықтағы поэзияны жасады, Башлачев сияқты үлкен ұлтжанды лирика тудырды. Ал меніңше, оның табиғаты бәрінен де бұрын Юрий Визборға жақын. Табылды - Визбор сияқты, ең нәзік сезімдердің қыл пернесін дөп басушы ғажап лирик. Оған жас кезіндегі, студенттік кезіндегі шығармашылығы айғақ. Мысалы, «Ақ дидарың-ай сенің, ақ дидарың-ай!». Ал жалпы, кеңес кезеңіндегі бардтар поэзиясы ол кеңестік билікке қарсы бағыттағы поэзия болған. Сол сияқты поэзиядағы жолын қазақты мақтаумен бастаған Табылды өзінің кемел шағында «Қазақ едім дегенше» әнін шығарады. Мұнда марқайған ақынның өз елін қаншама танып білгені көрінеді. Өйткені ол өз замандастарынан Абай сияқты еш негіз таппайды. Бәрі мінсіз, мұңсыз, дымсыз...

Сонымен,Табылды Досымов - тек қана бард ақын емес, ол біздің ұлы ұлттық ақынымыз. Оған 2000 жылы Алматыда шыққан «Жанарымның жарқылы» деген кітабы айғақ. Бұл кітапқа енген өлеңдерінің біразы Табылдының бұрыннан айтып жүрген әндері. Бірақ олардың кітапқа енуі кітап дәрежесін еш түсіріп тұрған жоқ. Тағы бір назар аударатын нәрсе, «Ұлылармен ұғысу» деген топтамасында Абайға арнаған өлеңі бар.

Бард ақын Табылды Досымовтың жары Қарлығаш пен балалары (алдыңғы қатарда) ақынды еске алу кешінде отыр. Ақтөбе, 25 сәуір 2012 жыл.

Бард ақын Табылды Досымовтың жары Қарлығаш пен балалары (алдыңғы қатарда) ақынды еске алу кешінде отыр. Ақтөбе, 25 сәуір 2012 жыл.

Міне, бұл өлеңінде Табылды біздің заманымыз туралы үлкен шындықты айтып отыр. Өйткені біздің заман негіз ауыстыру заманы, Шығысқа қайта ену заманы. Ал бірақ қазір батыс мәдениетінің қанымызға сіңгені сондай, шығысқа қайтуға қанша тырыссақ та, автомобильге жапқан ер-тұрман сияқты жасанды болады да тұрады.

Міне, Табылды осындай жасандылықты кешірмей, сынап-мінеп отырады. Себебі, оның ең түпкі мақсаты, қазақтың шығыстық болмысын табу емес, қазақтың өзіндік қазақ болмысын табу. Ал ол болмыстың табиғаты қазақтың жырау болмысында жатыр.

Жырау дегеніміз кім? Жырау - әрқашанда шындықсүйгіш қазақы еркін болмысты дәріптейтін ақын. Ол - бір жағынан билік пен халық арасындағы дәнекерші болса, екінші жағынан, биліктің алдында халық сөзін айтушы, оның мүддесін қорғаушы тұлға. Егер бір кездері қазақ біртұтас болса, ол - халыққа да адал, билікке де әділ біздің жанкешті жырауларымыздың еңбегі.

Міне, Досымовты бард қылып отырған осы жыраулық болмысы. Ол бард сөзінің ортағасырлық және қазіргі мағынасында да бар. Ең түпкі негізінде, ол қазақ дәстүрлі жыраулар мәдениетінің өкілі болса, екінші жағынан, қазіргі авангардистік, модернисттік мәдениетінің өкілі. Бұл туралы бір лирикалык өлеңінде ол өзі де жазады:

Қос құрлықта екенбіз біздер толғансам,

Алыс та, жақын екі ара.

Арғы беттесің – Азиядасың сен болсаң,

Мен болсам – Европада.

Меніңше, бұл арада ақын Азия мен Европа ұғымдарын сапалық мағынада алып отыр. Азия - мәңгі ұйқыға шомған рух, сондықтан онда ешнәрсе өзгермейді, бәрі сол ежелгі қаймағы бұзылмаған қалпында қала береді. Ал Европа - ол да Азия болуы мүмкін, бірақ, ол - ұйқысынан оянған Азия. Енді ұйықтай бермейтін, көзі ашылған, сергек Азия. Сондықтан Азия болу үшін біз Еуропаға айналуға тиіспіз. Табылды сияқты, қазақы, бірақ жаңа заман талаптарына ұшқыр Еуропаға.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG