Accessibility links

«Жамағатшылар» ісі мен «бірлестіктің сыры»


Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №1 қылмыстық істер соты ғимараты. Қарағанды, 1 ақпан 2016 жыл.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №1 қылмыстық істер соты ғимараты. Қарағанды, 1 ақпан 2016 жыл.

Қарағандыда «Таблиғи Жамағат» қызметін ұйымдастырып, оған қатысты деп болжанған үш күдіктінің сотында олардың достарынан жауап алып жатыр. Сотталушылар айыптарды жоққа шығарады.

«Жамағатшылар» деп болжанған үш адамды қылмыстық қудалау 2013 жылы Астана сотының шешімімен «Таблиғи Жамағат» діни ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан территориясында оның қызметіне тыйым салынғаннан кейін басталған. Ұйым «ұйым әрекеттері ел заңдарына қайшы, экстремистік, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, елдің конституциялық құрылысына, тәуелсіздігі мен тұтастығына қатер төндіреді» деп жарияланған.

Тергеушілердің мәлімдеуінше, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №1 қылмыстық істер сотында ісі қаралып жатқан үш сотталушы сот тыйымы жайлы «анық біле тұра» ұйымның Қарағанды облысындағы қызметін «белсенді түрде әрі бірлесіп қолдау арқылы» «оның идеологиясына, ұйымның өзіне адалдығынан» бас тартпаған. Олар - «Таблиғи Жамағат» ұйымының аймақтық басшыларының бірі деген 33 жастағы Айдын Шәкентаев (діни есімі - Муас), 33 жастағы Мұрат Шопенов және 38 жастағы Бауыржан Серіков.

Мемлекеттік айыптаушы Ольга Кирьянованың мәлімдеуінше, сотталушылар 2010 жылы танысқан, ол кезде «Таблиғи жамағат» ұйымына Қазақстан заңы бойынша әлі тыйым салынбаған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, сотталушылар «Таблиғи Жамағат» ұйымы идеологиясын таратуға құлшына кірісіп, жиын, мәжіліс өткізу арқылы ұйым мүшелерінің арасында біртіндеп бедел жинап, көсемдеріне айналған».

Кейін Айдын Шәкентаев ұйым қызметін басқаруды өз қолына алып, жаңа мүшелер тартумен айналысқан, тыйым салынған ұйымды насихаттауға белсенді түрде кіріскен. Тергеу болжамынша, 2013 жылдың наурызында ол Үндістанның Дели қаласына барып, «Таблиғи Жамағат» орталығында дәріс тыңдап, арнайы оқудан өткен. Бұған қоса, оның «Қырғызстанға 40 күндік дағуатқа» аттанып, түрлі қалаларда дәріс тыңдап, оқығаны айтылады.

Қазақстан билігі 1926 жылы Үндістанда құрылған «Таблиғи Жамағат» ұйымының басты мақсаты - Қазақстан сияқты елдердің бірінің территориясында халифат құру деп санайды.

КУӘГЕРЛЕРДІ ТЕРГЕУ

Қазір сотта қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан бірнеше куәгер үш сотталушыны көптен бері танитынын әрі дос ретінде араласатындарын мәлімдеді.Олар «Таблиғи Жамағат» ұйымының Әбу-Ханифа мәзхабынан айырмашылығы не?» деген сұраққа «бірлестіктің қыр-сырын» білмейміз деген уәж айтып, жауап бермеді. Айтуларынша, Қазақстанда «Таблиғи жамағат» қызметіне тыйым салынғанын олар мешітте естіген.

Сотталушылар Айдын Шәкентаев, Мұрат Шопенов және Бауыржан Серіков тағылған айыптарды мойындамайтындарын мәлімдеді. Үшеуінде де 2-5 баладан бар. Сотталушылардың бірінің жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломы бар.

Үшеуі 2015 жылдың қазанынан бері қамауда отыр. Айыпталушыларды сотқа бетперде киген арнайы күзетпен әкеледі. Сот залында журналистерге фото және видео түсіруге тыйым салынған. Судья Жанат Егембердиева аудио жазуға ғана рұқсат етті.

Сотталушылардың мүддесін қарағандылық және астаналық бірнеше адвокат қорғайды. Олардың бірі бұрын «Ахметов ісі» бойынша жоғары лауазымды шенеунік мүддесін қорғаған. Сотталушылардың бірінің туысы көмек сұрап жүгінген Қазақстан адам құқығы бюросы өкілі сотқа бақылаушы ретінде қатысып отыр. Ол Азаттыққа сот барысына қатысты әзірше комментарий бере алмайтынын айтты. Баспасөз өкілдерімен сөйлесуден айыпталушылардың жақын туыстары да қашқақтайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG