Accessibility links

Олимпиадаға Қазақстаннан үш таэквондошы барады


Қазақстандық таэквондошы Феруза Ергешова. (Сурет спортшының жеке архивінен алынды).
Қазақстандық таэквондошы Феруза Ергешова. (Сурет спортшының жеке архивінен алынды).
Лондон олимпиадасында таэквондо спортынан жүлделер сегіз салмақ бойынша сарапқа салынады. Олимпиадаға 63 елден 128 таэквондошы жиналады.

Әзірге белгілі ақпараттар бойынша, таэквондо бәсекесі Лондондағы орталық көрме залында өтеді. Ұлыбритания, Египет, Мексика, Ресей, АҚШ - төрт-төрт спортшы, Қазақстан, Өзбекстан, Жаңа Зеландия, Канада, Куба, Иран - үш-үш таэквондошы апарады. Лондонға Қырғызстаннан бір спортшы аттанады.

ЛОНДОНҒА БАРАТЫН ҮШЕУ

Лондонға Қазаұстаннан 58 килограмм салмақта - Нұрсұлтан Мамаев, 67 килограмда - Гүлнафис Айтмұхаметова және 67 килограмнан жоғары салмақта Феруза Ергешова барады. Үшеуі де жолдаманы 2011 жылы Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен іріктеу жарысында жеңіп алған.

Нұрсұлтан Мамаев - 2010 жылы Сингапурде өткен І жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Тауэр көпіріндегі олимпиада белгісі. Лондон, 27 маусым 2012 жыл.
Тауэр көпіріндегі олимпиада белгісі. Лондон, 27 маусым 2012 жыл.

Ал Гүлнафис Айтмұхаметова - Қазақстанға Ресейден келген оралман спортшы. Ол - 2009 жылы Белградта (Сербия) өткен бүкіләлемдік универсиада чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.

Феруза Ергешова - 2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2012 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Олимпиада ойындарында таэквондо бәсекесі тамыздың 8-і күні басталады.

БҰРЫНҒЫ ОЛИМПИАДАЛАР

Таэквондо олимпиада бағдарламасына 2000 жылы енгізілген. Бірақ Сиднейдегі ойындарға қазақстандық таэквондошылар жолдама ала алмаған еді.

2004 жылғы Афина олимпиадасында Әділбек Сағындықов қатысып, бірінші кездесуде жеңіліп қалды.
Таэквондо сайысы. Көрнекі сурет
Таэквондо сайысы. Көрнекі сурет

2008 жылы Пекинде атыраулық Арман Шылманов қола жүлдегер атанды. Ол алғашқы кездесуінде грекиялық Александрос Николаидистан ұтылып қалды. Грек спортшысы финалға шығып, Қазақстан спортшысы қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Шылманов қола жүлде үшін болған кездесуде марокколық Абделкадер Зроирды және кубалық Ангел Матосты (Сидней олимпиадасының чемпионы) ұтты. Биыл Арман Шылманов олимпиадаға жолдама ала алмады.

Пекинде Қазақстанның тағы бір спортшысы Лия Нуркина француз Гвладус Эпангиден ұтылып, жарысты аяқтаған.
XS
SM
MD
LG