Accessibility links

Душанбе: Түркияда ұсталғандар Ресейден барған


Сирия-Түркия шекарасы. (Көрнекі сурет).

Сирия-Түркия шекарасы. (Көрнекі сурет).

Түркияда Сирияға өтпек болған бірнеше тәжікстандықтың ұсталғаны хабарланды. Тәжікстан елшілігі бұл жайында ресми расталмағанын айтады

Тәжікстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) түркиялық ақпарат құралдары Түркияда Сирияға өтпек болып ұсталды деп хабарлаған тәжікстандық азаматтардың Ресейден барған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

ІІМ ресми өкілі Джалолиддин Садриддиновтың бүгін Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, ұсталғандардың Түркияға "Тәжікстаннан баруы мүмкін емес".

- Негізінен Ресейдегі еңбек мигранттары арасында жүрген делдалдар өз құрбандарын аңдып жүріп қолға түсіріп, Сирияға аттандырып жібереді, - деген Садриддинов.

Ол бұған қоса Түркияда ұсталған тәжікстандықтар туралы хабарсыз екенін де айтқан.

Тәжікстанның Түркиядағы елшілігі де Түркия-Сирия шекарасында тәжік азаматтарының ұсталғаны туралы әзірге ресми ақпарат алмағанын хабарлады.

Тәжікстанның Анкарадағы елшісінің көмекшісі 13 шілдеде Түркия билігі елшілікті Түркия-Сирия шекарасында орналасқан Газиантеп қаласында бір топ Тәжікстан азаматының ұсталғаны туралы әлі ресми түрде ескертпегенін айтқан.

Түркиялық ақпарат құралдары 12 шілдеде автобус станциясында 25 адамның ұсталғанын, оның көпшілігі Тәжікстан азаматтары екенін хабарлаған. Кейбір деректер бойынша, ұсталғандардың кейбірі отбасымен бірге болған және "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымына қосылу үшін Сирияға бармақ болған.

Түркия ақпарат құралдарының дерегінше, соңғы үш күнде елде "ИМ қатарына қосылу үшін Сирияға өтпек болды" делінген 45 шетелдік ұсталған.

21 шетел азаматынан тұратын алғашқы топ 10 шілдеде Стамбулда ұсталған. Тағы 25 шетелдік, оның ішінде көпшілігі Тәжікстан азаматтары делінген топ 12 шілдеде Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантепте ұсталған. Қауіпсіздік қызметі әлі күнге 45 азаматтың нақты қаншасы тәжікстандық екенін анықтамаған.

Түркияның Сириямен ортақ шекарасы 800 километрден асады, ал Иракпен ортақ шекарасы 331 километрді құрайды. Түркия территориясы содырлардың Сирия мен Иракта әрекет ететін ИМ және басқа да террористік топтарға қосылу үшін өтетін транзиттік аумақ саналады. Түркия қауіпсіздік күштері ИМ қатарына қосылу үшін Сирия мен Иракқа өтпек болған басқа ел азаматтарының ұсталғаны бұрын туралы талай рет хабарлаған. Бірақ шетелдіктердің саны көп тобының ұсталғаны бірінші рет хабарланып отыр. Бұған дейін Сирияға өтпек болған осынша көп тәжікстандықтың ұсталғаны туралы да хабарланбаған.

Тәжікстан билігі бұған дейін жас тәжік азаматтарының ИМ мен Таяу Шығыста әрекет ететін басқа да террористік ұйымдар қатарына қосылып жатқанына алаңдаушылық білдірген.

Ресми Душанбенің мәліметіне қарағанда, қазірге дейін Тәжікстанның 412 азаматы Сирия мен Ирактағы әскери іс-қимылдарға қатысып жүр. Бұл екі елдегі соғыс қимылдарында 100 тәжікстандық қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG