Accessibility links

Тәжікстан билігі "ғасыр жобасы" атанған "Рогун" құрылысын аяқтау үшін елге алақан жайып отыр


"Рогун" құрылысына апаратын жол.

"Рогун" құрылысына апаратын жол.

Тәжікстан билігі "Рогун" стансасының жобасын аяқтау үшін халықтан бір айлық еңбекақыларын сұрап отыр. Бұл бастаманы тәжік үкіметі ел болашағы үшін маңызды деп атап көрсетуде. Ал жергілікті жұрттың әл-ауқаты 80 доллардан аспайтын орташа жалақымен өлшенеді.

Тәжікстан билігі «ғасыр жобасы» деп аталып кеткен «Рогун» бөгенін салып бітіруді армандайды. Ресмилердің айтуынша, бұл жоба аяқталса, елдің электр қуаты проблемасына нүкте қойылуы мүмкін және ол аймақтық энергия шығаратын зауытқа айналуы ықтимал.

Бұл жобаның негізгі бөлігі жүзеге асырылған, алайда өткен ғасырда салына бастаған «Рогун» бөгенін толық аяқтау үшін ірі көлемдегі қаржы керек. Уәде етілген шетел көмегі әлі берілмеді. Енді Тәжікстан жетекшілері қарапайым халықты бұл бастаманы қаржыландыруға көмектесуге шақырып отыр. Билік орындары бұл кедей елдегі жұмыс істейтін әрбір азаматтан бір айлық жалақы көлеміндегі ақша қосуын сұрауда.

40 ЖЫЛДАН БЕРІ СОЗЫЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚҰРЫЛЫС

1970-ші жылдардың аяғында басталған жобаның директоры болған Николай Савченков Азаттық радиосына берген сұхбатында Тәжікстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруі «Рогун» зауытына байланысты деп атап көрсетті.

«Рогун Тәжікстанның барлық экономикалық проблемаларын шеше алады. Біріншіден, Тәжікстан ол арқылы электр қуатын өндіріп, оны сатып, пайда көре алады. Екіншіден, Рогун су тапшылығы проблемасын шешеді. Рогунның айналасындағы бөгендер мен қазіргі Нүрек электр станциясы ұзақ жылдар бойы Вахш өзенінің суын жинайды», - деді Савченков.

Болжамдарға сәйкес, суға бай Тәжікстан жылына 300 миллиард киловатт-сағат электр қуатын өндіре алады. Алайда әр қыс мезгілінде бұл елде энергия тапшылығы орын алып, электр қуатына байланысты өз көршілеріне тәуелді болады.
"Рогун" электр станциясындағы жұмысшылар. 3 шілде 2009 жыл.


Мұндай проблеманы жоюға тырысқан тәжік үкіметі соңғы жылдары Ресейге қайрылып, «Рогун» жобасын аяқтауға көмектесуді сұрап келеді.

Жылына 3.6 миллиард киловатт электр қуатын өндіре алатын «Рогун» Орталық Азиядағы ең ірі су электр станциясына айналады, 335 метрлік бұл бөген әлемдегі ең биік тоған болады деп жоспарланған еді. Бірақ Совет одағының ыдырауынан біраз уақыт бұрын бұл жоба тоқтап қалған болатын.

"РОГУН" ЖОБАСЫНА РЕСМИ ТАШКЕНТ ҚАРСЫ

2007 жылы Ресейдің «РусАл» алюминий компаниясымен арада аталған жобаны қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ бұл келісім жоба ауқымына қатысты келіспеушіліктер мен Өзбекстанның қарсылығына байланысты жүзеге аспай қалды. Ресми Ташкент «Рогун» бөгені аймақты экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін деп қауіптенеді.

Бірақ аймақтағы бірқатар елдер, олардың ішінде Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан электр қуатын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Мұны және «Рогунның» мүмкіндіктерін ескере отырып, Тәжікстан саясаткерлері бұл жобаны толық жүзеге асыруды қалайды.

Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасының басшысы Махмадсаид Убайдуллоев таяуда «егер жұмыс істейтін әрбір тәжік азаматы бір айлық жалақысын қосса, «Рогун» жобасын қаржыландыруға 154 миллион доллар жинаймыз» деп атап көрсетті. Ал үкімет «Рогун» бөгенінің құрылысына 2010 жылғы мемлекеттік бюджеттен 130 миллион доллар бөліп отыр.

Алғашқы жоспарға сәйкес, бұл жобаны жүзеге асыру үшін, оның 6 бөлімін аяқтау мақсатында шамамен 3 миллиард доллар керек делінген. Тәжік жетекшілері жергілікті қаржыны пайдалана отырып алдағы 5 жылда оның кемінде 2 бөлімін бітіруге болады дейді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "Рогун" электр станциясындағы сапарында.
Осы айдың басында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тәжік халқы қолдарынан келгенше «Рогун» жобасын аяқтауға көмектесетін болады деп мәлімдеді.

"РОГУН" АКЦИЯЛАРЫН САТЫП АЛЫП ЖАТҚАНДАР БАР

Тәжікстан заң шығарушылары болса халықты 2010 жылы елдің құнды қағаздар нарығында пайда болатын «Рогун» акцияларын сатып алуға шақырды.

Тәжікстан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, мемлекеттік қызметтегілердің кейбірі «Рогун» жобасына ақша қосуларын бастаған, ал басқалары, олардың ішінде Тәжікстанның исламшыл қайта жаңғыру партиясы «Рогун» акцияларын сатып алуға ниет білдірген.


ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТҚА "РОГУННАН" ГӨРІ ТҰРМЫС ТАУҚЫМЕТІ ЖАҚЫНЫРАҚ

Тәжікстанда орташа жалақы 80 доллар шамасында. Сондықтан халық арасында «Рогун» жобасына ақша қосуға қарсы болғандар да аз емес.

Худжанд қаласындағы кәсіпкер Қодир Хожаев Азаттыққа берген сұхбатында «алдағы бес жылда не болатынымен шаруам жоқ, алдымен көптеген басқа да проблемаларымды шешіп алуым керек» деп мәлімдеді.

«Көптеген тәжік азаматтары кедейлікте өмір сүреді, біздің тапқанымыз тамаққа әрең жетеді. Бұған қоса, қалайша мен үкіметтің «Рогун» жобасы бес жылдан кейін жүзеге асады деген уәделеріне сенемін? Біз бұдан бұрын да биліктің бос уәделерін естіп келдік», - дейді кәсіпкер Хожаев.

Бұл елдің бір адамға шаққандағы жалпы ішкі өнімі шамамен 1800 долларды құрайды. Бұрынғы Совет мемлекеттері арасында Тәжікстан ең кедей елдердің қатарында.

Хожаев неге «Рогун» жобасына шетелдік көмек қаржысы жұмсалмайды деп алаңдайды.

«Халықаралық ұйымдар мен Азия даму банкі сияқты тағы басқа қаржылық мекемелер Тәжікстанның дамуына көптеген ақша бөледі. Біз бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп жатамыз. Халықтан ақша сұрағаннан гөрі Рогунды «ғасыр жобасы» деп атаған жетекшілеріміз оны жүзеге асыру үшін шетел инвестициясын пайдалануы тиіс», - дейді Хожаев.

Ал Душанбедегі экономикалық сарапшы Хожимухаммад Умаровтың айтуынша, «Рогун» электр қуаты тапшылығы проблемасын толық шеше алады. Бірақ Тәжікстан өз мақсатына жетуі үшін көршілес елдерімен ынтымақтасуы керек болады.

«Тәжікстан "Рогун" жобасын аяқтауы үшін көршілерімен жақсы қарым-қатынаста болуы тиіс. Бұдан бұрын Қазақстан мен Түркменстан "Рогунға" инвестиция құюға әзір екендерін мәлімдеген болатын. Тәжікстан осы елдерден инвестиция сұрауы керек», - дейді Умаров.

Тәжікстанда мұнымен қатар Сангтуда-1 мен Сангтуда-2 су электр станциялары құрылып жатыр.
XS
SM
MD
LG