Accessibility links

Саусағын кескен белсенді енді қол жинауға кірісті


Азаматтық белсенді Тахиржан Ахметов.
Азаматтық белсенді Тахиржан Ахметов.

Белсенді Тахиржан Ахметов президент Нұрсұлтан Назарбаевты соттарда «әділ төрелік орнатуға» шақырған петициясына қол жинап жатыр. Бұған дейін ол осындай талаппен өз саусағын кескен еді.

Тахиржан Ахметовтің есімі Азаттық оқырмандарына сот жүйесіндегі әділетсіздікке қарсылық білдіріп бірнеше төтенше наразылық акциясын өткізген азаматтық белсенді ретінде таныс. 2008 жылдың шілде айында сол қолының шынашағын кесіп алып, қыркүйекте оны ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) Алматыдағы өкіліне тапсырмақ болған. Бір жылдан кейін осы тұрғыда наразылық танытып тағы бір саусағын кеспекші болғанымен, ол әрекеті сәтсіз аяқталған еді.

Өткен аптаның аяғында Тахиржан Ахметов әлеуметтік желілерде және Avaaz.org сайтында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған петициясын жариялады. Оның пікірінше, заңда «судья дәлел-айғақтарды заңға және ар-ұятына сүйене отырып... өзінің ішкі сенім-пікіріне сәйкес бағалайды» деп жазылғандықтен, қазіргі заңдар судьялардың субъективті шешім қабылдауына жол береді.

Тахиржан Ахметов 2008 жылы наразылық ретінде сол қолының шынашағын кескен.
Тахиржан Ахметов 2008 жылы наразылық ретінде сол қолының шынашағын кескен.
Ахметов президент Нұрсұлтан Назарбаевты судьялар дәлел-айғақтарды бағалау барысында «заң мен дұрыс мән-мағынаны» ғана басшылыққа алуы тиіс деген ережені заң жүзінде бекітуге шақырады. Бірақ Қазақстан президенті бұл петицияны қарауы үшін бір миллион адамның қолын жинау шарт. Avaaz.org сайты статистикасына қарағанда, қазір петицияға ондаған адам ғана қол қойған.


СОТ ӘДІЛДІГІ – УТОПИЯ?

Азаттық тілшісінің «Сот қызметіне ресми қатысы жоқ Назарбаевқа шағым жолдау арқылы Тахиржан Ахметов соттарда әділ төрелік орната ала ма?» деген сұрағы оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлімі туралы қылмыстық іс бойынша Талдықорғанда қайта басталған сот процесінде жүрген азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова жүрегіне ауыр тиді.

Маржан Аспандиярова – Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасының, қайта басталған сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысып жатқан Рысбек Сәрсенбайдың әйелі. 2006 жылдың тамыз айында сот «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге сол кезде парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев тапсырыс берген» деп таныған еді. Енді кісі өлтіру қылмысына қатысты ашылған жаңа жайттарға байланысты билік бас прокуратураның «саясаткерді өлтіруге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелде қашып жүрген күйеу баласы Рахат Әлиев тапсырыс бірген» деген жаңа болжамын тексере бастады.

Азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова. Талдықорған, 10 қаңтар 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова. Талдықорған, 10 қаңтар 2014 жыл.
Аспандиярованың пікірінше, ең алдымен президенттің өзі құрған бүкіл билік жүйесін өзгерту қажет, ал «Назарбаевты әділ сот төрелігін орнатуға шақыру – утопия». Маржан Аспандиярова бұған дәлел ретінде Ержан Өтембаевтың кісі өлтіруге тапсырыс бергенін мойындаған «өкініш хатын» 2006 жылдың наурыз айында парламентте оқып берген Қазақстан президенті «бұл әрекеті арқылы тергеу мен сот процесін қай бағытта жүргізу керектігін алдын ала өзі белгілеп берді» деген уәж келтіреді.

Оның пікірінше, Сәрсенбайұлын өлтіруге нақты кім тапсырыс бергені туралы сұрақты Назарбаевтың сол кездегі «Кімнің басынан не өтпейді?» деген сөзі жауып тастаған.

Маржан Аспандиярова Тахиржан Ахметовтың петициясы утопия болып көрінгенімен, мұндай азаматтық белсенділік танытудың пайдасы бар деп санайды. «Ол бір миллион қол жинауы да мүмкін. Жұрт әлеуметтік желілерде өздерін батылдау сезінеді әрі интернеттегі петицияға үйде отырып қол қою ыңғайлы емес пе?» дейді ол.

ОППОЗИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ СЕНБЕЙДІ

Азаттық тілшісі бұл сұрақты телефон арқылы «Табиғат» экологиялық қоғамы жетекшісі Мэлс Елеуізовке де қойды. Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында орналасқан, бірақ жуырда белгісіз біреулер қиратып кеткен «экологиялық алаңда» жүргенін айтқан белсенді «соның шаруаларымен жүр едім, қазір комментарий бере алмаймын» дегенімен, әділ сот төрелігі туралы тақырыпты оптимизммен қабылдады.

– Тахиржан Ахметовтың петиция жазғаны дұрыс. Мүмкін, бір пайдасы тиіп қалар, - дейді Мэлс Елеусізов.

«Табиғат» экологиялық қоғамы жетекшісі Мэлс Елеуізов.
«Табиғат» экологиялық қоғамы жетекшісі Мэлс Елеуізов.
2011 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеліп, сайлауға түскен азаматтық белсенді «экологиялық алаңды бұзып кеткен белгісіз біреулер - сот қызметкерлері жалдаған жұмыссыздар болуы мүмкін» деген болжам айтады. Кезінде сыншылар Елеусізов «сайлауға оппозициялық кандидатқа берілген дауыстарды президент Назарбаевтың пайдасына бұрып әкету үшін түсті» деп, оның рөлін «ойынға» балаған еді. Сайлау өткен 2011 жылдың 3 сәуірі күні президенттіктен үміткер Елеусізов «бүкіл отбасыммен Назарбаевқа дауыс бердік» деп мәлімдеген болатын.

Сайлау науқанынан кейін Елеусізов «бейресми қозғалыстардың өрістеуіне» рұқсат берілген Горбачевтің қайта құру заманынан бері айналысып келе жатқан үйреншікті экологиялық қызметіне қайта оралды. Былтыр желтоқсан айында Алматы қаласы әкімдігі өкілдеріның талап арызы қаралған сотта Мэлс Елеусізов жеңіліп, сот әлгі алаңда қоқыс жинап, сұрыптауға тыйым салды. Бірақ Мэлс Елеусізов қоқыс сұрыптау жөніндегі экспериментін тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Соңғы кезде Алматы қаласы соттарында қиындыққа тап болған несие алушылардың мүддесін ақылы кеңесші ретінде қорғап жүрген азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев Тахиржан Ахметовтің «судья заңға сүйеніп қана шешім шығаруы тиіс» деген ұсынысын құптап, «кейде судьялар тараптардың сұрақтары мен уәждерін елемейді» дейді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев.
– Сот шешімі қисынды, тараптар қоятын сұрақтарға жауап беретіндей дәйекті болуы тиіс, - дейді.

Бірақ Нарымбаев Тахиржан Ахметовтің бір миллион адамның қолын жинау мүмкіндігіне сенбейді:

– Меніңше, ол 10 мың адамның да қолын жинай алмайды, - дейді ол.

Оппозициялық журналист Сергей Дуванов Тахиржан Ахметовтің ел президентін «соттарда әділдік орнатуға» шақырған жолдауын пайдасыз әрекетке балайды. Дувановтың пікірінше, Назарбаевтың өзі сот, ал судьялар оның шешімдерін орындаушылар ғана.

Дувановтың пікірінше, Қазақстандағы қазіргі азаматтық қоғам биліктің ықпалында болғандықтан, Ахметовтің петициясына қол қоятын бір миллион адам табылмайды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG