Accessibility links

Сотталушы полицей ҰҚК қызметкерін айыптайды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Айдарбек Намазбаев.

Айдарбек Намазбаев.

Талдықорған сотында пара алды деп айыпталған қалалық жол полициясының бұрынғы басшысының ісі қаралып жатыр.

Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғанда бұл күндері Бауыржан Әбдірасов есімді азамат жеке қарсылық өткізіп жүр. Оның қатырма қағаздан жасалған плакатына қаламмен «Намазбаев жолдасты ҚР заңы бойынша соттау керек» деп жазылған.

ЖЕКЕ ҚАРСЫЛЫҚ

2013 жылы ол аймақтық «Вечерний Талдыкорган» газетіне сол кезде қалалық жол полициясын басқарған Айдарбек Намазбаевты айыптаған мақала жариялаған еді. Сол кезде қалалық жол полициясының бастығы болған Намазбаевты ол "автокөлікте қауіпсіздік белбеуін байламай отырды" деп жазды. Намазбаев мақаланы жала деп тауып, өзін айыптаушыны сотқа беріп, моралдық өтемақы есебінде жарты миллион теңге өндіріп алды.

- Көрдіңіздер ме, ол бәрібір заң бойынша жауап беруге мәжбүр болды. Енді тағы өткен жолғыдай құтылып кете ме деп алаңдаймын. Сондықтан осында қарсылық акциясын өткізіп отырамын, - деп түсіндірді Бауыржан Әбдірасов өзінің әрекетін.

Сот шешімі бойынша Бауыржан Әбдірасов қаржылай өтемақыдан бөлек, газетке өз мақаласын терістеп қайтадан мақала жазып, ішкі істер министрлігіне, бас прокуратура және ел президенті әкімшілігіне Айдарбек Намазбаевқа жала жапқанын мойындап, телеграмма жіберуге міндетті болды. Соттың шешімін оның толық орындағаны немесе орындамағаны белгісіз. Әбдірасов Азаттық тілшісінің осы туралы сұрағына жауап беруден жалтарды.

НАМАЗБАЕВТЫҢ ӨЗІ СОТТАЛЫП ЖАТЫР

Қалалық жол полициясының бұрынғы бастығы Айдарбек Намазбаев кәсіпкерге тыйым салынған белгілермен жүруге рұқсат ететін арнайы рұқсат қағазын беріп, одан пара алған деп айыпталады. Оның өзі әлдебір жоғары лауазымды шенеунік пен оның ҰҚК-дегі ұлының кегінің құрбандығы болдым дейді.

Намазбаевтың айтуынша, әбден бетімен кеткен кәсіпкердің отбасы жол қозғалысы ережесін жиі бұзған, полицей оларға айыппұл салған. Өз сөзін дәлелдеу үшін бұрынғы полиция бастығы бақылау камерасынан алынған көптеген суреттерді көрсетеді.

- Біздің қызметкерлер жалған нөмірмен қала ішінде жүрген «Фольксваген» маркалы автокөлікті ұстады. Бұл машина ҰҚК-де жұмыс істейтін жоғары лауазымды шенеуніктің ұлының көлігі болып шығады. Содан бері басыма күн туды, - деп мәлімдеді сотта Айдарбек Намазбаев. Айыптау материалында Айдарбек Намазбаев кәсіпкерден тыйым салынған белгілермен жүру үшін арнайы алты рұқсат қағазын бермек болып, 50 мың теңге сұраған деп жазылған.

«Белгі» соғылған ақшаны жедел уәкілдер оның қызметтік көлігінің маңынан тапты, ал айғақ заттың ізін – қолынан тапқан. Бірақ сотталушы «сол күні қол беріп амандасқан таныстардың бірі әдейі бояу жұқтырып кетті» дейді.

Сот процессіне төрелік жасаған судья Жасамұрат Сағымбеков.

Сот процессіне төрелік жасаған судья Жасамұрат Сағымбеков.

Сот қалалаық ішкі істер басқармасынан арнайы рұқсатты кез келген кәсіпкер тегін алуы мүмкін екенін анықтады. Заңсыз рәсім саналғанына қарамастан, мұндай рұқсат үнемі беріліп тұрған. Басқарма басшысының бірінші орынбасары Аман Қыпшақбаев сотта арнайы рұқсатнама берудің заңсыз екенін, оны басқарма неге беретінін білмейтінін, бұл саланы қадағаламайтынын айтты.

Сот процессіне төрелік жасаған судья Жасамұрат Cағымбеков сотталушы айтқан ҰҚК қызметкеріне бірнеше мәрте шақыру қағаз жіберген. Бірақ ол сотқа келмеген.

Алматы облысының ҰҚК департаменті бұрынғы полицейдің пара алғаны жайлы айыпталушының мәлімдемесіне түсініктеме беруден бас тартты. Мекеменің кезекші қызметкері тілшіге өздерінде заңды бұзатын қызметкердің жұмыс істеуі мүмкін емесін айтты.

Орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG