Accessibility links

Жұмыссыз оралман аналар жол жағалап жүр


Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман ана. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман ана. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

Алматы қаласының іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылының тұрғындары жарық, су, көліктен көрген қиындықтарын айтады. Ауыл әкімі тұрғындардың сөзін жоққа шығарады.


Күнмен таласа тұрып, жол бойына топталып тұратын әйел адамдарды жиі көретін едім. Араларында алпысты алқымдаған ақ жаулықты аналар да бар. Кейде әлдебір шағын автобустарға мініп, бір жаққа кетіп жататын. Бүгін де жол бойында топталып тұрған аналарды көріп, бұрылған едім.

КҮНДІК ТАБЫС – МЫҢ ТЕҢГЕ

– Атым – Биғайша. Өзбекстанннан көшіп келген оралманмын, – деп таныстырған әйел адам: – Поляға (егіс алқабына – Азаттық) барамыз. Картоп жинаймыз, помидор тереміз, – деді.

Ол кісінің айтуынша, тұрақты жұмысы жоқ аналар ауыл маңындағы егістікке барып, күні бойы жұмыс істейтін көрінеді.

– Жаз айында жақсы. Арам шөп жұлдыру үшін өздері келіп алып кетеді. Ал қазір осы жерде отырмыз. Егер жұмыс күші керек болып, біреу-міреу келіп жатса - жақсы, болмаса - отырып-отырып қайтамыз, – дейді Биғайша.

Азаттық радиосы тілшісінің «Сонда қанша ақша табасыздар?» деген сұрағына:

– Қайбір жетіскен ақша дейсің! Таңертеңнен кешке дейін тыным таппай жұмыс істегенде беретіндері – 1000 теңге ғана, – деді Биғайша апаның Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

қасында тұрған әйел. Аты-жөнін айтқысы келмеген бейтаныс апамыз: – Әй, қарағым, атымды сұрап қайтесің! Оралман апа десең, жетіп жатыр, – деді.

Оралман апаның айтуынша, басқа жұмыс жоқ болғандықтан амалсыз картоп, қызанақ теруге тура келеді.

– Қалаға жақын болғанымен автобус жоқ. Бір ғана автобус бар. Оның өзі күніне төрт-бес мәрте – таңғы 6-да, 9-да, содан кейін түскі 1 мен 4-те жүреді. Ауыл адамдары сыймайды. Таксимен қатынап жұмыс істеу мүмкін емес. Еріксіз ауылда осылайша аз ақша үшін әркімге бір жалданып күнелтеміз, – дейді оралман апа.

Бұл кезде сөзге араласқан Биғайша апа да:

– Азанда осы жерге 15 әйел келген болатынбыз, жаңа ғана оны жұмысқа кетті. Біреулер бұрыш тергізуге алып кетті. Егер тағы біреулер келіп жатса, біз де кетеміз. Болмаса, әкелген ас-суымызды қайта арқалап үйге қайтамыз, – дейді.

«КӨКТЕМНІҢ ТЕЗ ШЫҒУЫН АЛЛАДАН ТІЛЕП...»

Биғайша апаның бес баласы бар екен. Бір ұлы ғана үйленген. Немересі бар, оншақты адам бір үйде тұрады.

– Балам 30 мың теңге үшін қалаға барып жұмыс істейді. Бес жүз теңгесі жолға шығады. Күнделікті тамағы бар. Қалтасында қанша қалатынын өзің есептеп көр. Ал келінім барахолкада майда-шүйде сатады. Оның да тапқаны жолы мен тамағынан аспайды, – деген Биғайша апа ауыз судың да азабын тартып отырғандарын айтты:

– Ақшасы барлар құдық қаздырып алды. Ал біз секілді ақшасы жоқтар олардан бес жүз теңгеге суды сатып аламыз. Болмаса екі шақырымнан жаяу тасимыз, – дейді.

Оралман апа да мұңын шақты:

– Біз анау поляның ортасында тұрамыз. Су түгілі свет те жоқ. Әкімді танымаймыз. Көрген жоқпыз. Іздеп барсақ, орнында болмайды. Біресе «Талғарға кетті», біресе «Талдықорғанға кетті» деп, конторында отырған қыз шығарып салады. Бізбен ешкім санаспайды.

Ол кісінің де бес баласы бар екен. Бірақ ешқайсысының тұрақты жұмысы жоқ.

– Жаз бойы әркімге бір жалданып, ақша тапқан болады. Күн суыта бастағанда топталып, бір үйге жиналып отырамыз, көктемнің тезірек шығуын Алладан тілеп, – дейді оралман апа.

«ҚОЛДАН КЕЛГЕНІН ЖАСАП ОТЫРМЫЗ»

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қалаға қатынап жұмыс істегеннен пайда жоқ. Себебі тапқандары жол шығынынан аспай қалатын көрінеді.

– Біз әрбір 10-15 минут сайын демейміз, әкім тым болмағанда сағат сайын қалаға, базарға қатынайтын автобус шығарып берсе, – дейді жол шетіне жиналғандар.

Ал Қайнар селолық округінің әкімі Қасенхан Әуелбаев тұрғындардың жарық, су, көлікке байланысты шағымдарын теріске шығарды.

– Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жаңа құрылыс аумағына толығымен жарық берілді. Енді шамасы келгендері өздері құдық қаздырып алып жатыр. Ал ауыз су мәселесі алдағы жылдың бюжетінен шешілуге тиіс. Сондай-ақ қазіргі жүріп тұрған бір автобустың өзіне әрең қол жеткіздік. Себебі осыдан екі жыл бұрын бұл ауылға автобус мүлдем жүрмейтін. Қолдан келген мүмкіндіктерді жасап отырмыз. Мен әр аптаның сейсенбі күндері тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдаймын. Аптаның басқа да күндері қабылдай беремін, – дейді ауыл әкімі.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG