Accessibility links

Танков түрме ремонтына ақша жинау жайын айтты


Евгений Танков, сотталған заңгер
Евгений Танков, сотталған заңгер

Сотталған қарағандылық заңгер Евгений Танков барагын жөндеу үшін туыстарына екі плафон, сылақ пен линолеум сатып алуды тапсырды. Түрме әкімшілігі колония жөнделген дейді.

"Судьяға шыбын ұрғышпен шабуыл жасағаны үшін" үш жылға сотталған қарағандылық заңгер Евгений Танковтың анасы Қарағанды маңындағы Қарабас кентіндегі ұлы отырған колонияға ол сұратқан құрылыс материалдарын жеткізетін көлік іздеп жүр. Валентина Танкова ұлын этаппен түрмеге жеткізгесін бірінші рет қарашаның 6-сында көрген. Оның сөзінше, заңгер колонияның төртінші бөлігіндегі 83 адамдық баракта отыр.

Валентина Танкова Facebook әлеуметтік желісінде: «Жағдайы дұрыс сияқты. Бірақ достарына хабарласып, баракты жөндеу үшін 2 плафон, 2 қап сылақ және 6х3 линолеум жеткізуді сұрап әбігер етті. Ақша табам, бірақ көлік пен жүк тасушы шықпай тұр. Көмектессеңіздер» деп жазды.

Постың астындағы форумға пікір жазғандар не себепті Танковтың өз есебінен баракты жөндеуге мәжбүр екенін түсінбей дал болған. Қамаудағы заңгердің шешесіне айтқан бұл өтінішін өздерінше түсіндіруге тырысқандары да бар.

Қамаудағылар өздерінің камералары мен барактарын дұрыстап жөндей бастайды. Әлбетте оғаш жағдай. Бірақ отыратын жері болғасын бит пен тарақаннан тазартқанды қалайды ғой.

Айдос Уйсембеков есімді қолданушы: "Біздің елде бәрі қызық, әуелі түрмеге отырғызады, сосын оны жөндеуге мәжбүрлейді. Мемлекет түрмеге қыруар ақша жұмсайды, онысы жетпей талан-таражға түседі-ау деймін. Бәрі президентпен бірге жемқорлық деп шулайды. АҚШ, Канада, Германия мен Түркияда да қамаудағылар түрмені өздері жөндей ме екен?" деп жазады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина: "...Спецприемникте отырған адаммын. Қамаудағылар өздерінің камералары мен барактарын дұрыстап жөндей бастайды. Әлбетте оғаш жағдай. Бірақ отыратын жері болғасын бит пен тарақаннан тазартқанды қалайды ғой" деп коммент қалдырған.

"Көмек" адам құқықтарын қорғау ұйымының азаматтық белсендісі Руслан Оздоев Азаттыққа берген комментариінде түрмелерді жөндеуге ақша бөлінетінін, бірақ "ерікті" түрде ақша жинаудың да бар екенін айтады. Оған адамдар осы мәселе бойынша шағым айтқан.

"Бюджеттен түрмеге ақша бөлінеді, бірақ қамаудағылардың туыстарына құрылыс материалдарын мәжбүрлеп алғызады. Ал әуелгі ақшаның қайда кеткені белгісіз. Отряд басшылары ұзақ мерзімді көрісу бөлмелерін жөндеу сияқты дұрыс мақсат қояды, бірақ оны осындай жолмен жүзеге асырады" дейді Оздоев.

Колонияда ремонт баяғыда, қыркүйекте біткен. Қазір ешкім жөндеу жасап жатқан жоқ.

Белсендінің сөзінше, мұндай ақша талап етуді дәлелдеу қиын, ал қамаудағылар жағдайы қиындап кететін болғасын өз еркімен жөндеу жасатуға мәжбүр болады.

"Мұндай құрылымда адамның өмірі мен денсаулығы үшін әмәнда қатер бар. Сол себепті бәрін мәжбүрлеп жасатады" дейді ол.

Қарабастағы АК-159/18 колониясының өкілі қамаудағыларға құрылыс материалдарын алғызу әрекетін жоққа шығарады. Түрме басшысы Игорь Бендерский Азаттыққа жөндеу қаржысы бюджеттен бөлінетінін айтты.

"Бірінші рет естіп отырмын. Сұраған, сұрамағанын білмеймін. Телефонмен интервью бермеймін. Келіңіздер, көрсетейік. Колонияда ремонт баяғыда, қыркүйекте біткен. Қазір ешкім жөндеу жасап жатқан жоқ" деді Бендерский.

Қарағандылық заңгер Евгений Танков биылғы шілдеде үш жылға сотталған. Оған "заң шешімін орындауға байланысты қоқан-лоқы көрсетіп, зорлық-зомбылыққа барды, сотқа дөрекелік көрсетті" деген айып тағылған. Ол өзі заңгер ретінде қатысқан сот отырыстарының бірінде судья Арай Алшынбековті шыбын ұрғыш дуэліне шақырмақ болғанын айтады. Билік оның бұл символдық әрекетін судьяға шабуыл жасау деп бағалады. Қарашаның 18-і күні Евгения Танковтың қарсы шағымын кассациялық сот қарайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG