Accessibility links

"Күйеуім түрмеде денесін тілді" дейді әйелі


Гүлжаһан Нуриддинованың айтуынша, түрмеде денесін тіліп тастаған сотталушы Қанат Орынбеков.

Гүлжаһан Нуриддинованың айтуынша, түрмеде денесін тіліп тастаған сотталушы Қанат Орынбеков.

Жұбайының сөзінше, Тараз түрмелерінің бірінде отырған ері наразылық білдіріп, денесін тіліп тастаған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан түрмелерінде тұтқындарды азаптау азаймады деп сынайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Гүлжаһан Нуриддинова қаңтардың 22-сі күні Азаттыққа "Тараз қаласындағы 158/1 жазалау мекемесінде жазасын өтеп жатқан күйеуім Қанат Орынбеков" деп сипаттаған адамның суретін жіберді. Суретте ер адам кеудесін тіліп жазу жазған. Гүлжаһан Нуриддинова ол жазуды «менің өліміме Оразгелдиев кінәлі» (жұбайының сөзінше, тұтқын колония бастығы Ақылбек Оразгелдиевті айтады – ред.) деп оқыды.

Гүлжаһан Нуриддинова бұл суретті қаңтардың 20-сы күні алғанын, содан бері күйеуінің өміріне қатты алаңдап отырғанын айтты.

- Суретті алысымен қаңтардың 21-і күні түске дейін түрменің алдында болдым. Мекеме бастығынан күйеуімді көрсетуімді сұрадым. Бірақ ол «болмайды» деп бірден кесіп айтты. Не істерімізді білмейміз. Күйеуім "туыстарыммен заң бойынша көрсетілген уақытта кездестірмейді, ұрады-соғады" деп наразылық танытып отыр, - дейді ол.

Гүлжаһан Нуриддинова 2013 жылдың аяғынан бастап күйеуімен жылына екі рет үш күндік кездесуге заң бойынша рұқсат етілгенін, «бірақ колония басшылығы оны орындамай отырғанын» айтады.

- Біз бұған қатысты бас прокуратураға шағым жазған едік. Желтоқсан айында жауап келді. Онда "үш күндік кездесуге құқығы бар" деп көрсетілген. Сонда мекеменің өзі оны орындамай отыр. Бәлкім, ұрып-соққаннан кейін көрсете алмай отырған болар, - дейді Гүлжаһан Нуриддинова.

Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылы «тонау» бабы бойынша 13 жылға сотталған Қанат Орынбеков 2013 жылдың қыркүйегіне дейін Тараздағы 158/7 колониясында жазасын өтеп келген. Кейін оны 158/1 түзету мекемесіне ауыстырған.

- Ең алғаш рет осы колонияға ауыстырған кезде оны подвалға апарып ұрып-соққан. Соңғы рет қазан айында онымен анасы жолықты. Содан бері жақындары Қазақстандағы түрмелердің бірінің қоршауы. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы түрмелердің бірінің қоршауы. (Көрнекі сурет)

көре алмай келеді. Оның жағдайынан мүлде бейхабармыз. Біз онымен жолықтыруын сұраймыз. Оның өміріне қатты алаңдап отырмыз, - дейді тұтқынның жұбайы.

Тараз қаласындағы 158/1 түзету мекемесі бастығының орынбасары Шамғон Қаипов ол түрмеде Қанат Орынбеков есімді сотталушының барын растады. Бірақ оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы сұраққа, "түрмеде тұтқынды ұрып-соққаны" жайлы сауалға "ресми хат жолдаңыз немесе түрмеге келіңіз" деп жауап берді. Қаипов тұтқын Орынбековтің заң бойынша ұзақ мерзімдік кездесу ала алмайтынын айтты.

- Өйткені қатаң режим. Оның үстіне ол қатаң режимдегі жағдайда жатыр. Тек осыны ғана айта аламын. Қалғанын ресми хатпен жолдаңыз, - деді Тараз қаласындағы 158/1 түзету мекемесі бастығының орынбасары Шамғон Қаипов қаңтардың 22-сі күні Азаттық тілшісіне. Азаттық қамау мекемесіне ресми хат жолдады.

Қазақстан түрмелеріндегі тұтқындарды азаптау жайы Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының 21 қаңтарда жарық көрген баяндамасында да айтылды. Ұйым 2013 жылы сотталушыларды азаптағаны үшін бірнеше полиция жазаға тартылса да, қысым азаймағанын жазады. Human Rights Watch 2013 жылдың алғашқы жартысында азаптау туралы 201 арыз түскенін теріс құбылыс ретінде көрсеткен.

Қазақстандағы тұтқындарды азаптау оқиғасы жайлы Польшадағы «Ашық диалог қоры» құқық қорғау ұйымы өкілі Людмила Козловска Азаттыққа берген сұхбатында да айтқан. Оның сөзінше, азаптау – түрмелерде ғана емес, күдікті ретінде ұсталған жандарға қылмысты күшпен мойындату үшін де қолданылатын практика. "Тұтқындарды азаптаудың көп таралғаны соншалық, бұл проблеманың бар екенін тіпті ресми билік өкілдері де мойындайды" дейді ол.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG