Accessibility links

Таразда түрменің сыртындағылар да соққыға жығылып, сотқа тартылды


Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимараты алдында жылап отырған тұтқынның туысы. Көрнекі сурет.
Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимараты алдында жылап отырған тұтқынның туысы. Көрнекі сурет.

Тамыздың 27-іне қараған түні Тараздағы УЧР ЖД 158/2 жалпы режимдегі колониясында қамаудағылардың ондаған жақындарын полиция соққыға жығып, сотқа тартты. Олар "полицияның дегеніне бағынбады" және "заңсыз жиын өткізді" деп айыпталып отыр. Заң орындары олар түрмені басып алуға әрекеттенді дейді.


Қылмыстық атқару жүйесі комитеті олар "ішімдік ішіп алған" дейді. Комитет басшысының айтуынша, түрмедегі жағдай тұрақты. Алайда, түрмедегі азаматтың анасы баласының денесінде соққының ізі бар екендігін байқаған.

ТУЫСТАРЫНА БАРҒАНДАРДЫ ТӨПЕЛЕП ТАСТАДЫ

Сол түні колонияға ішкі әскер кіргізілген. Қамаудағылардың жақындарының айтуынша, колонияға құқық қорғаушылармен қоса, жедел жәрдем көліктері келген. Дәрігерлер оларға түрмедегілердің ішінде 50 шақты адам өздерінің күре тамырларын кесіп, төрт адамның терезеден секіріп кеткендігін айтқан. Соған алаңдаған қамаудағылардың туысқандары топтасып, колонияға барған.

Осы себеппен оқиға орнында болған Нұрлан Саршаев қабырғаның ар жағында бірдеңе өртеніп жатты дейді.

- Біз түтін көрдік. Сол жерде бірдеңелердің жанғаны анық. Онда төрт УАЗ машинасы, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жасағы, ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастығы мен прокурор әйел болды. Сосын «іске кірісіңдер!» деп бұйрық бергенде ұра бастады. Сөйтіп, қамаудағылардың жақындарын полиция соққының астына алды,- деді Нұрлан Саршаев Азаттық радиосына.

"ҮНІҢДІ ШЫҒАРСАҢ, АТЫП ТАСТАЙМЫН!"

Ильмира Орманова есімді әйелдің баласы осы колонияда жазасын өтеп жатыр. Ильмира қарттар мен балалардың да соққыға жығылғанын айтты.

- Барлығын ұрып тастады. Соққыға жығылып, ес-түссіз жатқан әжемді ауруханаға алып кетті. Мені басымнан ұрды да, шашымнан сүйреп машинаға кіргізді. Мен "көмектесіңдер!" деп айқайлай бастағанда, ол басыма пистолет кезеп, "үніңді шығарсаң, атып тастаймын!" деп айтты. Мен қорыққанымнан көліктен жүгіріп шықтым. Сосын біз өз көлігімізбен аудандық ішкі істер басқармасына барып, арыз жазбақ болдық. Барсақ, бізге қарсы арыз жазылыпты. Бізді сотқа алып кетті. Енді кімге шағымданарымызды білмейміз,-деді Ильмира Орманова.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғаділбекова. Aстана. 27 тамыз 2011 жыл.


Сотталушылардың туысқандарының айтуынша, жақындарын көруге барған адамдардың саны шамамен 50-60 адам болған. Айтуларынша, соның 35-і ұсталып, қалғаны полициядан қашып үлгерген.

КӨРГЕНДІ АЙТҚЫЗБАҒАН ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

Тамыздың 27-сі күні қылмыстық атқару жүйесі комитеті Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, қамаудағылардың туыстары айтқан колония ішіндегі жағдайды жоққа шығарды.

- Жамбыл облысы Тараз қаласы заңдылықты сақтау прокуратурасының арнайы прокуроры келіп түзеу мекемесінің аумағына кіріп, сотталғандырдың жақындары талап еткен сотталғандармен әңгіме жүргізді. Олардың жағдайы жақсы екеніне көздерін жеткізді. Бұдан басқа, түзету мекемесінің аумағына сотталғандардың туыстары кіргізілді. Олар да осы түзету мекемесінің аумағында бүліктің болып жатпағанына көздерін жеткізіп шықты,- деді комитеттің ресми өкілі Самал Ғаділбекова.

Алайда, Ильмира Орманова өзінің колонияның ішіне баласын көруге кіріп шыққанын басқаша жеткізді.

- Мен кіргенде баламның беті ісіп кеткен, көзінің асты көгеріп кеткен екен. Мен шығып бара жатқанда менің колонияға кіргізген адам «Барлығы дұрыс деп айтатын бол! Сыртта тұрған адамдарды тыныштандыр да, оларды алып кет!»,-деді. Мен қорыққанымнан тура солай айттым, -деді Ильмира Орманова.
Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов. Aстана. 27 тамыз 2011 жыл.


60 ШАМАЛЫ АДАМНАН ҰСТАЛҒАНЫ - 38

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, тамыздың 26-сында күндіз түрмеде тінту шаралары жүргізілген. Ешкім денесін зақымдамаған. тінту шараларын комитет қызметкерлері жүргізген. Шара барысында бір килодан артық, арасында героин бар, есірткі, 70-ден астам ұялы телефон, 300 шамалы тыйым салынған кесетін құралдар табылған.

«Тінту шарасы барысында мекеме аумағынан төрт самосвал тыйым салынған зат шығарылды" делінген ресми хабарламада.


Комитеттің хабарлауынша, тексеру аяқталғанда, сағат 23:00 шамасында түрме маңына қамаудағылардың туыстары жинала бастаған. Басында он шақты болған олардың саны жарты сағатта 60 шамалы болғанын комитет те растап отыр.

- Бұлар, негізінен ішіп алған жастар еді. Бұл - жастарды ішкізіп, осында жиналуға бағытталған ұйымдасқан арандату шарасы. Біз ішкі істер органын құлақтандырғанда, күзет экипаждары жетті. Дабыл қаққанда, осы мекемені қорғайтын ішкі әскер көтеріліп, прокуратура қызметкерлері келді,-дейді қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов.

- Қалай болғанда да 60 адам аз емес. Осы рұқсат етілмеген жиынның негізгі ұйымдастырушыларын ұстау жөнінде шешім қабылданды. 38 азамат ұсталды,- деген Күсетовтың айтуынша, ұсталғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

- Осылай біткеніне де шүкір, әйтпегенде мекемеге шабуыл болуы да мүмкін еді,-дейді комитет төрағасы.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Самал Ғаділбекова бұның "жоспарлы шара" екенін айтты.
"Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов.


- Бұл - тек Жамбыл облысының түзету мекемесінде ғана емес, республика бойынша жүргізілетін жедел шара,- деді ол.

Тараздағы УЧР ЖД 158/2 жалпы режимдегі колониясында "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов қамауда жатыр. Оның жұбайы Раушан Есіргепова Азаттық радиосына күйеуінен еш хабар ала алмай отырғанын айтты.
XS
SM
MD
LG