Accessibility links

Университеттің лицензиясыз қалуы студентке уайым болды


Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің кітапханасында отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің кітапханасында отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Тараздағы жабылып қалған университеттің студенттері жаңа оқу жылында қайда барарын білмейді. Олардың өзге оқу орындарына кешігіп ауысуын министрлік пен оқу орны бір-бірінен көреді.

Биыл көктемде «студенттерінің тиісті нәтиже көрсете алмауына байланысты» лицензиясынан айрылған Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің (ЖГТУ) студенті Тұрар күзде қай оқу орнында оқитынын білмей басы қатып жүр.

– Бізді ауыстырып жібере ме әлде осы оқу орнында қаламыз ба – білмей отырмыз. Өз басым оқуымның бір жерде біткенін қалаймын. Бірақ жабылса, амал жоқ ауысамыз. Өзім 4-курстың ақшасын, жылына 180 мың теңгені төлеп қойғанмын, – дейді Тараз қаласындағы оқу орны дене шынықтыру факультетінің 3-курс студенті Тұрар.

ЖГТУ-дің Азаттық тілшісімен сөйлескен өзге студенттері де Тұрардың жауабын қайталап, оқу орны жабылатынын ешкім ресми түрде хабарламағанын айтады. Солардың бірі – мұнда университет ұсынған жеңілдік бойынша оқып келген 1-курс магистранты Нағима.

– Оқу ақысының 50 пайызын ғана төлеймін. Университет үздік студенттеріне, әлеуметтік жағдайы нашар студенттерге сондай жеңілдіктер ұсынатын. Енді басқа университетке барсақ, бізге ондай жеңілдікті ешкім бермейді ғой. Оған қоса ғылыми жетекшілеріміз ауысады, бұған дейін жазған дүниелеріміз керексіз болып қалады, – дейді Нағима.

ЖГТУ: «МИНИСТРЛІК БЛАНК БЕРМЕЙ ОТЫР»

ЖГТУ-дің күндізгі бөлімінде оқыған 1600-ден астам, сырттай оқу бөлімінде оқыған 2 мыңнан астам студенттің өзге оқу орындарына әлі ауысып бітпеуін университет басшылығы мен білім және ғылым министрлігі бір-бірінен көреді.

Қазақстандық студенттер. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық студенттер. (Көрнекі сурет)

Университет өкілдері студенттерді басқа оқу орнына көшіру үшін оларға академиялық анықтама беру қажет екенін айтады. «Оқу орнында арнайы бланкіде толтырылуы тиіс құжаттың саны жетіспегендіктен және министрлік оны бермей отырғандықтан барлық студенттерді көшіруге мүмкіндік жоқ» дейді ЖГТУ басшылығы.

– Бұған қоса жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы қымбат болғандықтан оны төлей алмайтын студенттер бар. Соған байланысты күндізгі оқу бөлімінен 720 студент «сырттай оқу бөліміне ауысамыз» деген өтініш жазып отыр, – деді университеттің ректоры Жомарт Қошқаров Азаттық тілшісіне.

Ректордың айтуынша, «университет басшылығы студенттерді ауыстыру бойынша өзге оқу орындарымен келісім жүргізіп жатыр, 25 тамызға дейін күндізгі бөлім студенттерінің барлық мәселелері шешілуі тиіс».

МИНИСТРЛІК: «ЖГТУ ЗАҢ БҰЗҒАН»

Ал білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Әсел Шарбекова министрліктің студенттерді Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «ауыстырып жатқанын» хабарлады.

– Студенттер ел қатарлы оқуларын бастау үшін министрлік талпынып жатыр, – дейді Әсел Шарбекова.

Министрліктің баспасөз қызметі ЖГТУ студенттерін өзге оқу орнына ауыстыру бойынша арнайы комиссия құрғандарын, «бірақ оқу орны басшылығының кедергі жасауына байланысты комиссия тамыздың 4-інде емес, тек 6-сы күні кешке жұмысын бастауға мәжбүр болғанын» мәлімдеді.

Білім және ғылым министрлігі ЖГТУ-дың заң талаптарын орындамауына байланысты шамамен 200 студент дипломсыз қалуы мүмкін екенін де ескертеді.

Заңсыз қабылданған студенттер бірінші семестрде АКТ тапсырған жағдайда ғана оларды басқа оқу орнына ауыстыру жағы қарастырылып жатыр.

«Комиссия құжаттарды тексеру кезінде жалған құжаттарды (қалпына келтіру туралы бұйрық наурыз айында рәсімделсе, ал қалпына келтіру туралы өтініш сәуір айында жазылған), сонымен бірге жоғары оқу орнына заңсыз қабылдау (ұлттық бірыңғай тестілеу, абитуриенттерді кешенді тестілеу - АКТ тапсырғаны туралы сертификаттардың болмауы, сертификаттарда көрсетілген балдардың өту балына жетпеуі) жағдайларын анықтады. Заңсыз қабылданған студенттер бірінші семестрде АКТ тапсырған жағдайда ғана басқа оқу орнына ауыстыру жағы қарастырылып жатыр» делінген министрлік жіберген хабарламада.

ЖГТУ сәуір айында «жеті мамандық бойынша білім алып жатқан студенттерінің тиісті нәтиже көрсете алмауына байланысты» лицензиясынан айырылып, 1 шілдеден бастап жұмысы тоқтатылған. Оқу орнын жабуды талап еткен – білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті. Комитет ЖГТУ-де «оқытушылардың дәрежелері төмен, ғылыми дәрежелер бойынша дипломдары сенімсіз, білім алушылардың оқу тілі бойынша кітап қоры аз, күндізгі және сырттай оқудағы студент саны сәйкессіз» екенін де айтқан.

2007 жылы оқу орындарын оңтайландыру науқаны нәтижесінде «Әулие-Ата» және «Тараз» институттарының бірігуінен құрылған, 2014 жылы лицензиясынан айрылған ЖГТУ сот шешімімен келіспеген. Апелляциялық шағым бергенмен жеңіліп қалған ЖГТУ басшылығы өткен аптада бас прокуратураға шағымданған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG