Accessibility links

Қаржы дағдарысы меценаттардың «Тарлан» сыйлығын да тығырыққа тіреді


"Тарлан" меценаттар клубының эмблемасы. Алматы
"Тарлан" меценаттар клубының эмблемасы. Алматы

Қазақстан меценаттары клубының тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан» сыйлығы биыл қаржы дағдарысына байланысты тапсырылмайтын болды. Меценаттар ақылдаса келе биылғы жылдың тарландарын келесі жылы анықтайтын болып шешті.

Болат Әбіловтың айтуынша, жеті жыл бойы қатарынан өз лауреаттарын тауып келген «Тарлан» сыйлығының биыл тапсырылмауына әлемдік қаржы дағдарысы себеп болып отыр.

- Меценаттар ақылдаса келе осындай шешімге келді. Біріншіден, қаржы дағдарысы, екіншіден – моральдық жағы да бар.. Келесі жылы «Тарлан» сыйлығының 10 жылдығын атап өтеміз, - деді Болат Мұқышұлы.

Тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан» сыйлығын тағайындайтын меценат Клубының жеті мүшесі бар: Болат Әбілов – клуб төрағасы, Мұхтар Әблязов, Райымбек Баталов, Еркін Қалиев, Марғұлан Сейсембаев, Нұрлан Смағұлов, Нұржан Субханбердин.
"Тарлан" платина сыйлығы. Алматы


«Тарланның» жалпы сыйлық қоры – 120 мың АҚШ доллары. Соның ішінде «Платина Тарланы» үшін 10 мың АҚШ доллары белгіленген. Сыйлық жеті сала бойынша тағайындалады - әдебиет, музыка, театр, бейнелеу өнері, кино, ғылым және ағартушылық.

- Осы жолы сыйлық тапсырылмайтын болды. Неге екендігін меценаттар ғана біледі, бізге олар түсіндіріп айтқан жоқ. Жалпы биылғы сыйлыққа 152 өтініш тапсырылды, - деді Клубтың құжаттарды қабылдау бойынша хатшысы Естай Кешілбаев.
Меценаттар клубының төрағасы Болат Әбіловтың айтуынша, сыйлықтан үміткерлердің өтініші қараусыз қалмайды.

- Біз үміткерлермен келістік. Тапсырылған құжаттардың барлығы да келесі жылы қаралатын болады, - деді ол.

«Тарлан» сыйлығынан үміткерлердің бірі ақын Ғалым Жайлыбай. Қаламгер өзінің соңғы шығармасы «Арда күрең» кітабын осы сыйлыққа ұсынған.

- Меценаттардың сыйлығы болғандықтан оны беру-бермеу мәселесін де солар шешеді. Келесі жылы жалғасатын шығар... Осы уақытқа дейін сыйлық тағайындап келгені үшін оларға рахмет айтайық. Қиыншылық әркімнің басында кездеседі, қаржы дағдарысына байланысты кейінге қалдырылған шығар..., - деді ақын Ғалым Жайлыбай.
Меценаттардың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы әр жылдары Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және басқа да танымал қайраткерлерге тапсырылған.
XS
SM
MD
LG