Accessibility links

«Математикалық амалды тапқан» таксист


Математик Есенбек Үштенов Сарыағашта такси болып нәпақа табады. 10 қаңтар 2013 жыл.
Математик Есенбек Үштенов Сарыағашта такси болып нәпақа табады. 10 қаңтар 2013 жыл.

Бірнеше мың жылдан бері шешілмей келе жатқан есептің жауабын тапқан адамға АҚШ-тағы математика институты бір миллион доллар сыйақы тіккен. Қазақстандық таксист есепті шешкенін айтады.

Жеке көлігімен такси болып күн көретін Сарыағаш тұрғыны Есенбек Үштенов бір миллион доллар сыйақы тігілген есептің шешімін тапқанын айтады.

«МЕН ӘДІС ОЙЛАП ТАПТЫМ»

55 жастағы Есенбек Үштенов Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш қаласының маңында тұрады. Ташкент политехникалық институтының түлегі Есенбек Үштеновтің кәсібі - такси жүргізушісі. Мүгедек ретінде алатын зейнетақысы - 14 800 теңге (жүз долларға жуық).

Есенбек Үштенов жай сандар туралы жаңа теореманы дәлелдеп шыққанын айтады. Оның ойынша, бұл теорема мыңдаған жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан есептердің бірі - Риман гипотезасын шешуге көмектесуі тиіс. Бірнеше мың жылдан бері шешілмей келе жатқан жеті есептің әрқайсысын шешкен адамға АҚШ-тағы Клэй математика институты бір миллион доллардан сыйлық тағайындап отыр.

- Мен қандай сан екенін жүз пайыз анықтауға көмектесетін әдіс ойлап таптым. Егер компьютерге салсаң, ол мұны жылдам есептеуі мүмкін. Ал мен өз әдісімнің тиімділігін доцент, профессорлардың алдында екі сағат ішінде дәлелдеп шықтым, - дейді Есенбек Үштенов.

ЕСЕПТІҢ 2300 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР

1859 жылы тұжырымдалған Риман гипотезасы жай сандармен тікелей байланысты. Жай сандар деп бір санына немесе сол санның өзіне ғана бөлінетін сандарды атайды. Мысалы, 11, 107, 8191 және сол сияқты сандар. Жай сандардың қатары шексіз. Бұл сандардың қатары артқан сайын олардың жай сан екенін тексеру де қиындай түседі.

Есенбек Үштеновтің айтуынша, жай сандардың 2300 жылдық тарихы сонау Евклид дәуірінен басталады. Бірақ жай сандардың натурал сандардың арасында алатын орнын анықтайтын заңдылық ( яғни, 1, 2, 3, 4... қатарындағы) осы күнге дейін табылмаған.

- Жоғары білімі бар кез-келген адамды «есеп бар да, оның жауабы жоқ» деген мәселе қызықтыруы тиіс, - дейді Есенбек Үштенов. Ол бұл есептің шешімін тапқанына сенімді.
Есенбек Үштеновтің мақаласы жарияланған Ұлыбританияның "Физика, математика, техника ғылымдарының теориясы мен практикасы" атты журналының мұқабасы.
Есенбек Үштеновтің мақаласы жарияланған Ұлыбританияның "Физика, математика, техника ғылымдарының теориясы мен практикасы" атты журналының мұқабасы.

Ол жай санның өлшемі туралы теореманы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті Мұхидин Мамараимовпен бірлесіп жасапты. Математиктерің айтуынша, олардың бұл еңбегінің жаңалығы көп. Алайда оны Қазақстанда жариялаудың сәті түспепті. Мұхидин Мамараимовтың айтуынша, білім және ғылым министрлігі бұл теоремаға көңіл бөлмей отыр. Өйткені оның дұрыс-бұрыстығын дәлелдеу өте қиын. «Сондықтан олар бұл іске мойын бұрмай отыр» дейді Мұхидин Мамараимов.

Қазақстандық математиктер өз еңбегін Ұлыбританияда шығатын ғылыми журналдардың бірінде жарияланған. Екі адам бірігіп жазған мақала математика бойынша жазылған басқа еңбектердің арасынан ерекшеленіп, арнайы диплом алған.

«МИЛЛИОН ДОЛЛАР ОНДАЙ КӨП АҚША ЕМЕС»

Есенбек Үштеновтің айтуынша, ол бұл есепті шығаруға жеке қызығушылығымен кіріскен. 2008 жылдың қаңтарында, 50 жасқа толар қарсаңда оның қолына мыңдаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан жеті есептің бірі - Пуанкер гипотезасын дәлелдеп шыққан ресейлік математик Григорий Перельман туралы мақала түседі. Григорий Перельман бір миллион доллар сыйлықтан бас тартқан.

- Бүкіл әлем бойынша Риман гипотезасын шешу үшін кеткен ақшамен салыстырғанда, бір миллион доллар көп ақша емес. Бұл жерде жеке адамның емес, елдің беделі маңызды, - дейді ол.

Есенбек Үштеновтің айтуынша, бюрократиялық тосқауылдардың кесірінен Қазақстанда кәсіби деңгейде ғылыммен айналысуға мүмкіндік жоқ.

- Ғылыми жұмыс жүргізуге аккредитациялық куәлік алу үшін құжаттарымды жеке тұлға ретінде өткізіп едім, «магистр дипломың, ғылыми дәрежең мен ғылыми атағың жоқ» деп қабылдамай қойды. Қолымда жоғары білім туралы диплом ғана бар. Өз басым бұл талап дұрыс емес деп есептеймін. Мамандығым инженер-механик болса да, шетелдік басылымдар мақалаларымды жариялап жатыр ғой, - дейді ол.

Есенбек Үштенов мамематика саласындағы зерттеулерін бос уақытында жалғастырып жүр.

- Мәселенің шешімін іздеуде ешкім бірге жұмыс істегісі келмейді. Егер біріксек, бұл есепті шығаруға болар еді. Таяудағы он жылдықтар көлемінде әлгі есептердің көбі шешілетін болады. Ал әзірше бұл жұмыспен жекелеген ғалымдар ғана айналысып жатыр, - дейді Есенбек Үштенов.

Есенбек Үштеновтің есепті қалай шығарғанын түсіндіргені:
Математик Есенбек Үштенов
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00
XS
SM
MD
LG