Accessibility links

Күніне бес мың теңге жоспар орындайтын кәсіп иелері


"Алматы-2" теміржол вокзалы маңында тұрған таксистер. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

"Алматы-2" теміржол вокзалы маңында тұрған таксистер. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

Таксопарктен жалға машина алған таксистер көліктерінің бағасын білмеді. Тек кореялық жеңіл көлік үшін төрт жыл бойы аптаның әр күнінде 5 мың 400 теңгеден өткізіп отыратындарын айтты.

Қайрат Ілиясовтың таксист болғанына бір жарым жыл болған екен. Оған дейін 12 жыл жедел жәрдем көлігін жүргізген.

Қайрат алғашқы таныстықтан кейінгі сөзін «Өзім осы алматылықпын. Қаланың қай түкпіріне апар десе де адаспай жеткіземін» деп «кәсіби білігін» әңгімелеуден бастады.

«КЕЙ КҮНІ ТАПҚАНЫҢ ПЛАННАН АСПАЙДЫ»

Қайрат Ілиясов Алматыдағы такси паркіне тиесілі жеңіл көлігімен қала тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Таксист Қайрат Ілиясов. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

Таксист Қайрат Ілиясов. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

– Біздің күндік планымыз - 5 мың 400 тенге. Соңғы екі айдан бері жұмыс дұрыс жүрмей тұр. Тіпті кей күндері тапқанымыз планнан аспай қалады, - дейді таксист.

Қайрат Ілиясов Алматыдағы екінші теміржол вокзалының алдында тұрады.

– Біз өзіміз баға белгілемейміз. Рациямен қай жерге дейін екенін диспетчерге хабарлаймыз. Орталық бағаны өздері айтады, - деген Қайрат «бәсекенің көп екенін» де жасырмады.

– Әне, өзіңіз көріп тұрсыз, пойыздан түскен жүргіншіні «жабайы» таксистер қолынан ұстап сүйрелей жөнеледі. Ал бізге олай істеуге рұқсат жоқ. Жолаушы өзі келсе - жүреміз, келмесе - отырамыз. Сондықтан көп жағдайда артық пайда таппақ түгілі планға жеткізе алмай қаламыз, - деді ол.

«ЗООТЕХНИК ӘКІМ» МЕН «ВЕТВРАЧ ТАКСИСТ»

Осы кезде елуді еңсеріп қалған ер адам сөзге араласып, "Қайтесің, зоотехник әкім болды, ветврач таксист болды" деді мақалдатып. "Неге олай дейсіз?" деген Азаттық тілшісіне:

- Қазіргі қала әкімдерің - зоотехник. Ал мына мен - «зооветті» бес жыл оқыған ветврачпын. Бірақ екі жылдан бері таксист болып жүрмін, - деп түсіндірген ол кісінің аты-жөні Оразбай Жақаев екен.

Таксист Оразбай Жақаев. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

Таксист Оразбай Жақаев. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әртүрлі салада істегенін айтқан Оразбай Жақаевтың таксист болғанына екі жыл толыпты.

– Осы вокзалдың алдында заңдысы бар, заңсызы бар - 150 таксист күнде пойыздың келуін асыға күтеміз. Ары кетсе 30 такси заңды түрде қызмет жасайды. Ал қалғандары - заңсыз. Бәрімізге бірдей жолаушы жетпегендіктен, көп уақыт машинада қаңтарылып отырамыз. Сол кезде шығарған шумақтарым еді, - деп қолына қойын дәптерін алды.

- «Алматы-Такси» – ұраным,
Жеті мың екі жүз – планым.
Халыққа қызмет қыламын,
Аэропорт, вокзалда тұрамын, - деп басталатын өлеңін оқыды.

«ЕКІ МЫҢ ҚАЛТАМДА ҚАЛАДЫ»

Азаттық тілшісімен тілдескен үшінші таксист Алматыда бірнеше такси парктері бар екенін айтты.

– Алматыдағы ең үлкен таксопаркте 350 машина бар. Онан кейінгі бізде - 180 машина. Қалғандарында аз, әрі кеткенде 50 ғана машинадан, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген таксист жігіт.

Ол қасында тұрған, такси паркіне тиесілі жеңіл көлігін көрсетіп:

– Аптасына алты күн план орындаймыз. Күніне түсетіні - 10 мың теңге. Жартысы - планға, үш мыңы - бензинге, екі мыңын үйге апарам. Жексенбі күнгі табысымыз ғана өзімізде түгел қалады. Ал мына машинаның құны қанша екенін білмейміз. Бізге тек төрт жылға береді. Енді екі жыл шыдасам, машина өзімде қалады, сол үшін ғана жұмыс істеп жүрмін, - деді.

"Алматы-2" темір жолы вокзалы маңында тұрған таксистер. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

"Алматы-2" темір жолы вокзалы маңында тұрған таксистер. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.

Таксистердің сөзінен туындаған сауалдардың жауабын алмақ болып Алматыдағы бір такси паркіне қоңырау шалған едік.

Ақбота есімді мекеме өкілінің айтуынша, «Жүргізушілерді жұмысқа қабылдау үшін ең алдымен олардың тәжірибесі және қаланы қаншалықты меңгергені, жол полициясына ереже бұзып тіркелген-тіркелмегені басты назарға алынады».

– Үш жарым жыл мөлшерінде көлікті жалға береміз. Олардың алған көліктеріне байланысты бекітілген тарифтері бар. Соны уақтылы өткізіп отырса, келісім-шарт біткеннен кейін машина өздерінде қалады. Келісім-шарт біткенге дейін машиналарды жөндеу, техникалық байқаудан өткізу, салығын төлеу парктің мойнында, - деді такси паркінің өкілі.

«СОҢЫМЫЗҒА ТҮСІП ЖҮРСІҢДЕР»

Вокзал маңында жекеменшік машиналарымен кісі тасып, күнелтіп жүрген жігіттермен де тілдескен едік. Суретке түсу түгілі аты-жөндерін атаудың өзін құп көрмеген жігіттер «Назарбаев жабайы таксистерді құрт дегеннен кейін біздің соңымызға түсіп жүрсіңдер» деп реніштерін де айтып жатты.

Арадағы бірер әңгімеден кейін ғана тілге келген таксист жігіттердің бірі:

- Өткендегі Назарбаевтың сөзінен кейін қазір бәрі біздің соңымызға түсіп алды. Ал шын мәнінде біз ешкімге салмағымызды салмай, өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз ғой. Егер налог төле десе, онысын да төлейміз. Тек тиіспесінші, - деді.

Алматыдағы такси. 4 қазан 2011 жыл.

Алматыдағы такси. 4 қазан 2011 жыл.

Азаттық тілшісі «Арнайы қызметтік такси шақырту тиімді ме, әлде жол бойынан қол көтеріп, тоқтаған көлікке отырған ыңғайлы ма?» деген сауалды қала тұрғындарына қойған еді.

Жауап берген әр он адамның жетеуі «Көшеден қол көтеріп отыру тиімді» десе, үшеуі «арнайы қызметтік такси шақыратындарын» айтты.

«Жабайы таксиді» қолдағандардың айтуынша, «қызметтік таксиді күтуге кем дегенде 15 минут кетеді және бағалары да қымбат».

Ал қызметтік таксимен жүретін тұрғындардың көбі «Арнайы шақыртылған такси сенімді, техникалық байқаудан тұрақты өтеді. Баратын жеріңе толық жеткізеді» деген мағынада жауаптар айтты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG