Accessibility links

Блогшылар «Тәжин тізімі» деген тіркес шығарды


Қазақстанның қазіргі мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин. Хельсинкі, 4 желтоқсан, 2008 жыл

Қазақстанның қазіргі мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин. Хельсинкі, 4 желтоқсан, 2008 жыл

Мемлекеттік хатшының "ақпараттық саясатты жетілдіру" ұсынысы интернеттегі пікірталасқа түрткі болды. Бұл әрекетті "медиа нарықты жете түсінбеген биліктің кезекті қателігі болуы мүмкін" дейтіндер де бар.

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин ақпанның 22-сі күні Астана қаласында ресми бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) өкілдерімен кездесу кезінде мемлекеттік БАҚ-тың жұмысын сынап, жаңа бағытқа бұрылу қажет екенін айтқан. Ол сөз арасында «екі ай ішінде Қазақстан мен шетелде танымал сарапшылар, блогерлер мен әлеуметтік желі модераторларының базасын жасау» туралы тапсырма берген.

«Еліміздегі қоғамдық-саяси өнімдерді шығарумен айналысатын барлық мемлекеттік ұйымдардың, ең танымал, әрі ықпалды сарапшылардың, блогшылардың, әлеуметтік желілердегі модераторлардың біртұтас мәліметтер базасын құру керек. Бұл жұмыс екі ай уақыт ішінде аяқталу керек. Бізде мәліметтер базасы болуы керек, шамамен сәуір айынан бастап осы бағыттағы жұмысты жандандыруға тиіспіз» деген еді Тәжин.

"ТӘЖИН ТІЗІМІ"

Мемлекеттік хатшының дәл осы «тапсырмасы» интернетте қызу талқыланып, тіпті Twitter-де #Список Тажина атты хэштегпен қолданушылар әзіл-шыны аралас жазбалар, кекесін сипатындағы қалжыңдар жариялай бастады.

Блогшы Бағлан Айдашев Twitter-де былай деп жазады:

Блогшы Әлішер Елікбаев «Тәжиннің қарамағында істейтін адамдардың жұмысын жеңілдетейін» деп, өзін "№13 блогшы" ретінде белгілеп, суретін Facebook-қа іліп қойды.

Facebook-тан алынған скриншот

Facebook-тан алынған скриншот



Қазақстанда "үкіметтік блогшылар" ұғымы Жаңаөзен оқиғасынан кейін пайда болған еді. 2011 жылдың аяғында үкіметтен шақыру алған бір топ блогшы Маңғыстау өңірін аралап, олардың кейбірі "жергілікті қоғамдық ахуалдың жақсарғаны туралы" блогтар жариялаған. Жұрт арасында кей кезде «қандықол» (кровавые) атанған кейбір блогшылардың Жаңаөзен жайлы жазбалары қоғамда қарама-қайшы реакция тудырған.

«ОЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨҢІЛ-КҮЙДІ ӨЗГЕРТЕ АЛСА, МЕН ЕСІЛДІҢ СУЫН КЕРІ АҒЫЗАР ЕДІМ»

Журналист Гүлнар Бажкенова ақпан айының соңында жарияланған «Щербет Тажина для блогеров» атты жазбасында «интернетті екінші мемлекеттік арнаға айналдырмақ боп отырған» биліктің талпынысын қатаң сынға алады.

Ол «таңдауы шектеулі көрерменін теледидарға бұрғыза алмаған биліктің енді тұңғиық интернетке құрсау салмақ болған мақсатын» тым «утопиялық», «керітартпа» деп атайды.

Ол депрессия жайлаған қоғамдағы көңіл-күйді сейілтуге тырыспай, керісінше жасырмақ болған биліктің әрекеті "мәселені ушықтырып жіберуі мүмкін" деген қауіп айтады.

«Қазнеттегі блогшыларды тізімге алып, сатып алу қиын шаруа емес – кейбірі өзі келер, өзінің пікірін ғана емес, тіпті туған анасын да сата салар. Басқа мәселе - мемлекетке мұндай блогшылардың керегі қанша? Егер де олар депрессия жайлаған селқос қоғамдық көңіл-күйді өзгерте алса, онда мен Есілдің суын кері ағызар едім. Бұл метафора емес: табиғат пен нарық заңдарының ішкі механизмдері бір. Оларды қайта-қайта жоққа шығару арқылы сіз өз жағдайыңызды және жалпы жағдайды ушықтырып аласыз, апаттан құтыла алмайтын күйге душар боласыз» деп жазады Гүлнар Бажкенова.

"ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРГЕ ҚАТТЫ ӘСЕР ЕТЕТІН БЛОГШЫ ЖОҚ"

Voxpopuli.kz сайтының жетекшісі, блогшы Әлішер Елікбаев "Тәжин тізімін" - биліктің «өзі жақсы білмейтін мәселені шешу талпынысы» ретінде бағалайды.

Ол «егер Тәжин тізімі күлкі туғызса - бұл қалыпты нәрсе, ал егер одан қандай да бір астар іздеу - ақылға сыйымсыз" екенін айтады.
Facebook-тегі қауымдастықта 6000 адам тіркелгенмен, митингіге тек 15 адам ғана келген.

- Біз Тәжин тізіміне тым қатты көңіл бөліп отырған сияқтымыз. Менің ойымша, Қазақстанда қоғамдық пікірге қатты әсер ететін блогшы жоқ. Нарыққа шешуші түрде әсер ететін бірде-бір блогшыны білмеймін. Мыңдаған адамды жинап көшеге алып шығатын блогшы жоқ қой. Оған өткен аптадағы жиын да дәлел - Facebook-тегі қауымдастықта 6000 адам тіркелгенмен, митингіге тек 15 адам ғана келген. Яғни бізде нақты әрекет жайлы сөз қозғалғанда ешкім ешқайда бармайды. Олар үшін интернетте өз пікірін жазғаны ғана маңызды, - дейді Әлішер Елікбаев.

«Тәжин айтқан сарапшылар мен блогшылар базасына қосылғыңыз келе ме?» деген сұраққа:

- "Тәжиннің тізіміне" енсе, не болатынын білмеймін. Оған енген блогшылар үшін жыл сайын Монте Карлоға сапар қарастырылса немесе шамамен 50 мың долларлық жалақы төленсе, ойланып көремін. Ал былайша тізімге енем бе, жоқ па - бәрібір, - деп жауап берді Әлішер Елікбаев.

Журналист, блогшы Қанат Тілеухан.

Журналист, блогшы Қанат Тілеухан.

Журналист, блогшы Қанат Тілеуханның ойынша, биліктің қазақстандық интернеттің мазмұнын модернизациялау мен блогшыларды бақылауға тырысып бағуы бос әурешілік.

​- Билік интернетті өз құрсауында ұстағысы келеді. Оның басты себебі – елдегі сөз бостандығын тежеу. Бірақ бұл әрекетті Дон Кихоттың мінезі деп есептеймін. "Суға кеткен тал қармайдының" кебі. Өйткені интернетті қадалағау мүмкін емес. Бір ғана әлеуметтік желілерде қаншама адам шығып жатыр. Олардың аузын кім бағады, - дейді Қанат Тілеухан.

"ТАҢ ҚАЛАТЫН ТҮГІ ЖОҚ"

Ал Қазақстанның интернет қауымдастығының атқарушы директоры Әсет Нұрпейісов блогшылардың өзіндік цензурасына әсер етпесе, интернеттегі сөз бостандығы үшін "Тәжин тізімі" аса қауіпті бола қояды деп есептемейді.

Vlast интернет-журналының бас редакторы Вячеслав Абрамов Тәжин тізімінің қоғамда соншалықты қызу талқыланғанына таң қалады.

- Бұл - кәдімгі қарапайым практика. Егер сіз журналистермен жұмыс жасасаңыз, олардың тізімін құрастырасыз. Менің ойымша, бұл да сол сияқты нәрсе, - дейді ол.

Оның ойынша, «билік осылайша жекелеген сарапшылар мен блогшылардың, модераторлардың пікірі өздері үшін маңызды екенін көрсеткісі келген.

- Осылайша олар (блогшылар, сарапшылар - ред.) белгілі бір дәрежеде ықпалға ие болады. Ақпаратты халыққа жеткізу арнасына айналады, - дейді Вячеслав Абрамов.

Ол "мұндай техникалық шаралардың" интернеттегі сөз бостандығына да ықпалы жоқ деп біледі.

Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.

Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.

Мемлекеттік БАҚ-қа деген сенімнің азайып кеткенін айтқан саясаттанушы Расул Жұмалы мемлекет халық алдындағы беделін «қоғамның сеніміне кірген сарапшылар мен блогшылар» арқылы қайтарғысы келеді деп ойлайды.

- Елімізде сапалы сарапшылар, саясаттанушылар, блогшылар жоқ емес - бар. Бірақ олар мемлекеттік ойындарға белсенді араласа бермейді. Менің түсінігімше, билік халық әжептәуір сенетін, әсіресе жастар алдында сенімге ие блогшыларды ортаға тарту арқылы, соларға жауапкершілікті мүмкіндігінше жүктеу арқылы халықты жақындатқысы келеді. Бұрынғы совет заманындағы штамптармен жұмыс істеуге үйреніп қалған журналистер емес, сөзі өтімді, сарапшы мамандарды ортаға шақыру арқылы мақсатын жүзеге асырғысы келеді, - дейді ол.

Ақпанның 22-сі күнгі кездесуде Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін сынай келе, "қазақстандық интернеттің медиа бөлігін жүйелі түрде дамытудың үш жолын" ұсынған. Ол KZ домендік зонасының мазмұнын модернизациялауға, әлеуметтік желілер мен блогтарға "ерекше назар аударуға", әсіресе қазақтілді сайттардың құрылтайшыларымен тығыз қарым-қатынас жасауға және интернет-телевидение мен интернет-радионы дамытуға шақырған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG