Accessibility links

Мұғалім, ҰБТ және «Нұр Отанға» мүше болу


Қаскелең кентіндегі «Алтын ауыл» мектебінің мұғалімі Дина Бердіқожа. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қаскелең кентіндегі «Алтын ауыл» мектебінің мұғалімі Дина Бердіқожа. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Қазан айының бірінші жексенбісі Қазақстанда Мұғалімдер күні мерекеленеді. Азаттық тілшісі мектепте сабақ беретін қатардағы мұғалімнің тыныс-тіршілігімен танысты.

Алматы облысы Қаскелең кентіндегі «Алтын ауыл» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Дина Бердіқожа 29 жаста. Қарасай ауданы Жандосов ауылында жұмысшы отбасында туып-өскен, төрт баланың бірі. Тұрмыста, кәмелетке толмаған екі қызы бар.

Дина Бердіқожа оқушыларды мектепке кіргізіп жатыр. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Дина Бердіқожа оқушыларды мектепке кіргізіп жатыр. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Дина Бердіқожаның бұл мектепте жұмыс істегеніне үшінші жыл болған. Алғашқы жылдары қиналып, кейде «мұғалім мамандығын неге таңдадым» деп өкініп, жылап алатынын еске алады.

- Қазір үйрендім, мектепте жұмыс істегеніме жеті жыл болды. «Алтын ауыл» мектебіне ашылған күннен бастап орналасқанмын, бір сыныбым бастауыш мектепті бітіріп кетті. Қазіргі сыныбымда 32 бала бар. Шаршаймын, әрине,- дейді Дина Бердіқожа Азаттыққа.

Дина жұмысының жақсы-жаман жақтары бар екенін айтады. Оған әсіресе қағазбен жұмыс, журнал мен түрлі қағаздар толтыру көп уақытын алатыны ұнамайды.

- Уақыттың көбін жеп қоятын қағаз толтыруды азайтса екен деп тілеймін. Бір бағдарламаны бірнеше форма бойынша дайындайсың, бұл жағынан талап қатал, - дейді Дина Бердіқожа.

АҚША ЖИНАУ, ҰБТ ЖӘНЕ «НҰР ОТАН»

Мектептердегі ақша жинау проблемасына Динаның өз пікірі бар. Оның айтуынша, ата-аналардан ауызсу, әжетхана қағазын, сұйық сабын сатып алу үшін ғана ақша жиналады.

Сыныптағы оқушылар. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Сыныптағы оқушылар. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

- Мұғалімдердің әлгі ақшаға өздеріне қажет зат сатып алғанын ешқашан естімеппін. Ақша балалардың қажетіне ғана жұмсалады, - дейді Дина Бердіқожа.

Мұғалім келіншек «Нұр Отан» партиясына мүше болу - Қазақстанның әр азаматының міндеті» дейді. Ол «егер еліңнің патриоты болсаң, партияға өтіп, еліңді қолдауға тиіссің. Мүшелік жарна көлемі мүлде аз» деп санайды.

Дина Бердіқожа мектепті елде ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру жүйесі енді ғана енгізілген жылдары бітірген. Ол бұрынғы түлектер мен қазір мектеп бітіретін балалардың арасында үлкен айырмашылық бар деп біледі. Дина «ол кезде бәрі адал тапсырып, әділ бағасын алатын, ата-аналар мен балалар қазіргідей уайымдамайтын» дейді. Ол ҰБТ жүйесіне қарсы екенін айтады әрі мектеп бітіретін кезде қыздары тест емес, кәдімгі емтихан тапсыратын шығар деп үміттенеді. Мұғалім келіншек қала мектебі оқушыларына қарағанда, ауыл балаларының білімі таяз дегенмен де келіспейді.

- Қазір ауыл балаларының қалалық оқушылардан еш айырмашылығы жоқ. Ал олардың аз ұпай алу себері - қала балаларының әке-шешелері пысықтау болады да, баласы көбірек балл алуы үшін жанталасады, ал ауыл мектебін бітірген балалардың әке-шешелері ондай емес, - деп түсіндіреді Дина Бердіқожа Азаттыққа.

Динаның күйеуі Қуанышпен, екі қызы Махаббат және Қымбатпен түскен суреті. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Динаның күйеуі Қуанышпен, екі қызы Махаббат және Қымбатпен түскен суреті. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Екінші біліктілік санатын биыл алған ауыл мұғалімінің жалақысы - 60 мың теңге жалақы. Дина Бердіқожа «бұл ақша өмір сүруге жетпейді, әрине» деп шағынады. Бірақ отбасын жүргізуші болып жұмыс істейтін күйеуі – Қуаныш Иманғалиев асырайды. Дина «ол мені ештеңеден тарықтырмайды, демалыс күндері бала-шағасын табиғат аясына шығарып, отбасы жанында көбірек болуға тырысады» дейді.

Мектеп 2012 жылы салынған және техникамен жабдықталған: компьютерлер, интерактивтік екі тақтасы бар. Оқушылардың 70 пайызы оқулықпен қамтылған. Ал ата-аналарды сатып алуға мәжбүрлейтін қосымша кітаптарға қатысты ауыл мұғалімі «Мұны әр мектеп өзі шешеді, әлгі кітаптарсыз да оқуға болады, бірақ олар оқушылардың ой-өрісін дамыту үшін керек. Мүмкін, келешекте білім беру мекемелері ондай оқулықтарды өздері сатып алатын шығар» деп түсіндіреді.

СҮЙІКТІ ОҚУШЫЛАР, АҚЫЛЫ ТАМАҚ

Мұғалім биыл үкіметтің шешіміне сәйкес бүкіл елде тоқтатылған тегін тамаққа байланысты аса қынжылмайтынын айтты. Дина Бердіқожа «ауылда бәрі - үйдікі, жеміс-көкөніс бақшасында өсетіндіктен, ауыл оқушыларын ешқашан тегін тамақтандырып көрген емес» дейді.

Динаның сыныбында да оқу үздіктері бар – Ілияс Дәулетхан және Ілияс Әнуаров. Сыныпта барлығы 10 оқу озаты, 10 оқу екпіндісі бар.

Дина Бердіқожа сабақ өтіп жатыр. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Дина Бердіқожа сабақ өтіп жатыр. Алматы облысы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

- Бір проблемамыз - сыныпта бала көп. Бір сыныпта 32-33 баладан оқиды, мектепте сегіз бірінші сынып - «Е» сыныбына дейін бар. Бала көп болса, оқыту қиын, - дейді Дина Бердіқожа.

«Мұғалімдерге баспана жағынан көмектесіп, жалақысын өсіру керек. Ұстаздық жолын енді бастаған жастар 30 мың теңге айлық алады, жесір қалған мұғалімдерге де мардымсыз жалақыға күн көру қиын. Жұрт мұғалім мамандығына сол себепті қызықпайды, ал білім беру саласында мамандар тапшы» дейді Дина.

Дина Бердіқожа келешекке жоспарланған 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді құптамайды. Мұғалімнің пікірінше, алты жасар балаға пәндерді меңгеру қиын болады.

Дина Бердіқожа бос уақытында балаларының тәрбиесімен айналысып, ұлттық тағамдар әзірлегенді жақсы көреді. Ол манты түйіп, шелпек пісіріп, туыстарды дәмге шақырғанды, қыс мезгіліне салат, тосап жасағанды ұнатады.

Мұғалімнің бір күні (Азаттық фотогалереясы):

- Мұғалім төзімді әрі еңбекқор болуы тиіс, бұл екі қасиет болмаса бұл мамандыққа жолап керегі жоқ. Қандай атағы болса да, ешбір мұғалімнің оқушыға қол көтеруге құқығы жоқ. Мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін білемін, бірақ өз тәжірибемде ондай болған емес, - дейді Дина Бердіқожа Азаттыққа.

Бастауыш сынып мұғалімі «мамандығымды оқушыларымның жетістігіне қатысым үшін және ата-аналардан алатын алғысым үшін жақсы көремін» дейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG