Accessibility links

Мұғалімдер экс-директордың «кегінен» қорқады


«Заңсыз әрекеті» үшін қызметінен кеткен мектеп директоры аудан әдіскері болып тағайындалғасын кезінде оның үстінен арызданған бір топ мұғалімнің қаупі күшейген. Білім бөлімі мен прокуратура бұған негіз жоғын айтады.

Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылындағы №20 орта мектептің бір топ мұғалімі «кезіндегі директорлары бір жарым жыл бойы өздеріне заңсыз жұмыс істеткен соң құқық қорғау органдарына арызданғандарын» айтады. Олардың сөзінше, «қызметінен кетсе де, бұрынғы мектеп директоры аудандық білім бөліміне технология саласы бойынша әдіскер болып қызметке орналасқан». Кезінде арызданған алты мұғалім енді бұрынғы директор «соңдарына түсе ме деп қауіптенетіндерін» айтады.

«ЦЕХТА ЖҰМЫС ІСТЕДІК»

Қазан айының 19-ы күні Алматы қаласының шетіндегі Түймебаев ауылында арнайы мәлімдеме жасаған мектеп мұғалімдері «директордың қызметтен кетуі мен әдіскер болып қайта оралуына» дейінгі аралықтағы өздері бастан кешкен оқиғаларды баяндады.

Өздерін №20 мектептегі технология пәнінің мұғалімдеріміз деп таныстырғандардың айтуынша, бұрынғы директор Гүлсая Байтоқова 2013-2014 жылдары мектеп ішінен тігін цехын ашып, оқушылар мен мұғалімдерге арналған арнайы форма тіккізген. Мектеп ішінен кеңсе тауарларын сатататын дүкен ашып, мектеп формаларын да сатқызған.

Алматы облысы Іле ауданының №20 орта мектеп мұғалімдері жолдаған, бұрынғы мектеп директоры ашты деген тігін цехының суреті.

Алматы облысы Іле ауданының №20 орта мектеп мұғалімдері жолдаған, бұрынғы мектеп директоры ашты деген тігін цехының суреті.

- «Цехта жұмыс істемесеңдер, мектептегі жұмыстарыңнан айырыласыңдар» деген соң амал болмады. Кейін цехты мектептен әкетіп, ауыл ішіне орналастырғанда да істедік, қосымша тағы да алты тігінші алды. Күн суытқан соң цехты мектепке қайта әкелді. Бізге жартымсыз ақша берді. Бір жарым жылдан кейін амалсыз құқық қорғау органдарына шағымдандық, - дейді Еркегүл Зейнелғабит есімді мұғалім.

Тілшіге «тігін цехының фотосуреттерін» көрсеткен Еркегүл Зейнелғабиттің сөзінше «мектептегі цех 600-ден асатын оқушы мен 150 мұғалімге қыстық және жаздық форма тіккен, басқа мектептерден де тапсырыс алған».

- Біздің сөзімізді оқушылар да, ата-аналар да растайды, - дейді тағы бір мұғалім Назым Тұрсынбаева. Ол үстіндегі формасын көрсетіп, тігін цехында өздері тіккенін айтады. Мұғалімдердің сөзінше, аудандық білім бөлімінен тексеріс келер қарсаңда тігін цехын тез арада жауып, директор өз еркімен қызметтен кеткен.

- Сөйтіп Гүлсая Байтоқоваға «үш жылға дейін мемлекетік қызметте істеуге болмайды» деген тәртіптік шара қолданды. Біздің ойымызша бұл лайықты шара болған жоқ. Бірақ соның өзінде 6 айдан кейін аудандық білім бөліміне технология пәні мұғалімдерінің әдіскері, яғни кезінде арыз жазған біздің әдіскеріміз болып қайта оралғанына налимыз. Қысым жасай алатынын кейбір әрекеттерінен қазірдің өзінде сездіртіп отыр. Іле ауданындағы 42 орта мектептің үстінен қарайтін әдіскер қалайша мемлекеттік қызметкер санатына жатпайды? - деп таңырқайды мұғалімдер.

«ӘДІСКЕР – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР ЕМЕС»

Мектеп мұғалімдерінің шағымынан кейін Азаттық тілшісі Іле ауданы білім бөлімі мен прокуратурасына барып мән-жайды анықтауға тырысты. Білім бөлімі бастығының орынбасары Гүлнәр Мақсұтованың айтуынша, мұғалімдер арызынан кейін қызметінен өз еркімен босап, үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салынған Гүлсая Байтоқованы жұмысқа алған – Алматы облыстық білім басқармасына қарасты «Әдістемелік кабинет» қазыналық кәсіпорыны. Қазыналық кәсіпорын әдіскерлері заң бойынша мемлекеттік қызметкер емес, азаматтық қызметкер санатына жатады.

Гүлнәр Мақсұтованың сөзіне қарағанда, «әдіскердің мектепті тексеруі мұғалімдерді жұмыстан босатуға негіз емес».

- Егер мұғалімдер қандай да бір қысым болады деп қауіптенсе, мектепке басқа әдіскер жіберуге болады, - дейді ол.

Мұғалімдер «бұрынғы мектеп директоры ашқан тігін цехы» деп берген бұл суретте мектеп оқушысы киім өлшеп жатыр.

Мұғалімдер «бұрынғы мектеп директоры ашқан тігін цехы» деп берген бұл суретте мектеп оқушысы киім өлшеп жатыр.

Аудандық әдістемелік кабинетте Гүлсая Байтоқованың өзі жоқ болып шықты. Өзге қызметкерлердің айтуына қарағанда ол «білім жетілдіру үшін бір айлық оқуға кеткен». Бұдан кейін де Азаттық тілшісінің бұрынғы директормен тілдеспек болған барлық әрекеті сәтсіз аяқталды. Аталған кабинетте жұмыс істейтін әдіскер Жанайдар Айдарқұлов та мұғалімдерді тексеру өз міндеттеріне жатпайтынын айтады. Оның сөзінше «әдіскер мұғалімдерге әдістемелік көмек қана көрсетеді».

- Егер кемшілігі болса ескертіп, түзеуге уақыт береміз, белгіленген уақытта сабақтарына қатысамыз, қайталанса мектеп директорына ескертеміз. Шешімді мектеп директоры қабылдайды, - деді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Іле ауданы прокурорының аға көмекшісі Ерлан Мұстафин Гүлсая Байтоқованың ісі 2015 жылдың бас кезінде тексерілгенін айтады.

- Мұғалімдер шағымында Гүлсая Байтоқованың мектеп ішінен тігін цехын ашқаны туралы айтылған. Бірақ тексеріс кезінде ол дәлелденбеді. Себебі арыз жазғанға дейін цехтың көзін құртқан. Тіккен киімдері де мектепте жоқ болып шықты, - дейді ол.

Ерлан Мұстафиннің сөзінше, мектеп директоры Гүлсая Байтоқованың басқа құқық бұзушылықтар жасағаны дәлелденген соң аудандық білім бөлімі «үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруына болмайды» деген тәртіптік шара қолданып, қызметтен босатқан. Ал оның қазіргі әдіскер қызметі мемлекеттік қызмет санатына қосылмайды.

Прокурордың аға көмекшісінің сөзінше, «тігін цехы мектепте аз ғана жұмыс істеп, кейін өзге орынға көшірілген, директор мен мұғалімдер арасында ауызша келісім болған, сондықтан мектеп мұғалімдерінің өздерінде де кінә бар».

СЫРТ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Гүлсая Байтоқованы әдіскер қызметіне тағайындаған Алматы облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Алуа Қабдоловамен сөйлесе алмады. Қатарынан екі күн телефон соққан Азаттық тілшісіне әдістемелік кабинет қызметкерлері «Алуа Қабдолова облыстық білім бөліміне кетті» деп жауап берді. Ал оның орынбасары Ғалия Жолтайқызының айтуынша, «әдіскерлер мұғалімдерге қысым жасай алмайды».

Аудандық әдіскерлер кабинетінің қызметкерлері білім бөлімінен кейінгі тікелей бастықтары болып саналады және мұғалімнің кемшіліктерін директорға айту арқылы жанама қысым жасай алады

«Әдіскер мектеп мұғаліміне қысым жасай ала ма?» деген сауалды Азаттық тілшісі әдіскерлермен күнделікті жұмыс барысында жиі кезігетін басқа облыстардағы мұғалімдерге қойып көрген еді. Батыс Қазақстан облысы Жанқала ауданы Маштексай ауылындағы орта мектепте сабақ беретін Абзал Әлмұқановтың пікірінше, «аудандық әдіскерлер кабинетінің қызметкерлері білім бөлімінен кейінгі тікелей бастықтары болып саналады және мұғалімнің кемшіліктерін директорға айту арқылы жанама қысым жасай алады».

Ал Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылындағы орта мектепте сабақ беретін Мейіржан Темірбектің сөзінше, «егер мұғалім өз жұмысын тап-тұйнақтай жасап, өз құқығын қорғай алса, әдіскер қысым жасай алмайды. Әдіскерлер орта мектептерге тек тексеру үшін емес, кеңес беру үшін де келеді».

Қазақстан Еңбек кодексінде қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақылы штаттық лауазымда істейтін және мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсететін адамның азаматтық қызметші болып саналатыны көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG