Accessibility links

Мұғалімдер «Нұр Отан» ғимаратына ақша жиналғанын айтады


"Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесі. (Көрнекі сурет)

"Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесі. (Көрнекі сурет)

Жетісай қаласы мектептерінің біріндегі мұғалімдер комиссия мен партия үшін «ақша жинау науқанынан шаршағандарын» айтады. Партия өкілі бұл сөзді жоққа шығарады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Жетісай қаласындағы 119-мектептің бір топ мұғалімі Азаттық тілшісіне «Нұр Отан» партиясының аудандағы филиалының жаңа ғимаратының құрылысына және тексеруші комиссияларға деп мектеп директоры Сәуле Ахметованың ай сайын ақша жинауына наразылық танытып шағымданды.

Олар бұл мәселеге қатысты Қазақстанның бас прокурорына, қаржы полициясының басшысына, еңбек және әлеуметтік қорғау министріне, білім және ғылым министріне жазбаша арыз жолдағандарын айтты.

«МОРАЛЬДЫҚ ШАРШАУ»

119-мектептің математика пәнінің мұғалімі Ораз Хайтжанов мектеп директоры бас болып мұғалімдерден айына екі-үш реттен ақша жинайтынын айтты. Оның сөзінше, аудандағы «Нұр Отан» партиясы ғимаратының құрылысына деп әрбір мұғалімнен айына 1 мың теңгеден жиналған.

Кейбір мұғалімдер ақша жинау туралы құзырлы орындарға арызданған соң қысым көріп, моральдық тұрғыдан шаршағандарын айтады.

«Әуелі қыркүйек айында сынып ашамын деп әрбір мұғалімнен 1500 теңге жинады. Қазақстандағы ауыл мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы ауыл мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Содан кейін «Шымкенттен комиссия келе жатыр» деп тағы 2 мың теңге сұрады. Бермесең, директор шақырта береді, шақырта береді. Директордың алдына кіргізуден бұрын қалтаңда не бар, бәрін тексереді. Бірде жағдайымды айтып «бере алмаймын» дедім. Директор маған: «Бере алмайсың ба, онда бермейтін мектебіңе барып жұмыс істе» деді» дейді осы мектептегі химия пәнінің мұғалимасы Балжан Омарбекова.

Биология және химия пәнінің мұғалімі Нұргүл Жорабекова әріптестерінің сөзін растап, оған қоса «ту сатып алуға» деп тағы 1300 теңгеден жиналғанын айтты.

Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ақмолда Байбосыновтың айтуынша, ақшаны мұғалімдердің құқығын қорғауға тиіс адам - директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әрі кәсіподақ ұйымының төрайымы Құралай Ағыбаева жинаған.

«Нұр Отан» партиясының ғимаратына деп 1 мың теңгеден жинағанда, Құралай апайға «Ұялмайсыздар ма?» десем, «Қауқарсызбын, директор айтты» деді. Жиналыс ашты, "шығынды әрбір мектепке, ондағы мұғалімдерге теңдей бөліп жатыр" деді. Оған қоса келмеген комиссияға деп 2 мың теңгеден жинады. Шыдамның да шегі бар ғой» дейді Ақмолда Байбосынов.

«БЫЛТЫР ШЫҚҚАН ӨТІРІК АҚПАРАТ»

Мұғалімдердің шағымы бойынша Азаттық тілшісінің мектеп директоры Сәуле Ахметовадан пікір алу әрекеті нәтижесіз аяқталды. Ал мектептің оқу ісі бойынша меңгерушісі, әрі кәсіподақ ұйымының төрағасы Құралай Ағыбаева өзіне қатысты айтылған арыз-шағымға қатысты:

«Ешқандай ақша жиналған жоқ. Жалпы ешнәрсе жинаған емеспін. Тексеру жұмыстары келді. Барлығына түсініктеме бердік. Еңбек министрлігіне де, қаржы полициясына да, облыстық білім департаментіне де, барлығына осы іс бойынша өз түсініктемемізді жазып бергенбіз. Түсініктемемде: «Мектебімізде ақша жинау мәселесі болған емес. Мұғалімдердің айтқандарының, жазғандарының барлығы - жала» деп жаздым» деді.

«Нұр Отан» партиясының Мақтарал ауданындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбдіманап Байдуллаев Азаттық тілшісіне «119-мектеп мұғалімдерінен партия ғимаратының құрылысы үшін деп ақша жиналды» деген ақпаратқа қатысты комментарий берді.

Шәкірт пен ұстаз сабақ кезінде. (Көрнекі сурет)

Шәкірт пен ұстаз сабақ кезінде. (Көрнекі сурет)

«Ғимарат құрылысының аяқталғанына 7 ай болды. Ақша жинады деген ақпарат - өтірік. Бұл сөз былтыр қыркүйек айында шыққан. Білім бөліміне хабарласып, қандай ақша екенін білуді сұрадық. Ақша жинау жайында ешқандай мәселе жоқ» деді Әбдіманап Байдуллаев.

Ал шағымданушы мұғалімдер «ақша жинау науқанына» қатысты жазған арыздарына құзырлы органдардың жауабын күтіп отыр. Егер өтініштерін ешкім құлағына ілмесе, Қазақстан президентіне шағымданатындарын айтады.

Мектептердегі мұғалімдер мен ата-аналардан ақша жинау науқаны туралы Азаттық бірнеше мәрте арнайы зерттеу жүргізіп, бұл тақырып бойынша жарияланған материалдар қызу пікірталас тудырған. Азаттық тілшісін арнайы шақырған Алматы облысындағы Қайназар ауылы мектебінің ата-аналары мен бірнеше мұғалімі осы мәселе бойынша шағымдарын ашық жеткізген.

2009 жылы Теміртау қалалық соты 27-мектептің директорына қатысты үкім шығарды. Заңсыз ақша жинау фактісі бойынша айыпталған мектеп директорына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қаржы полициясы төрт жыл бойы ата-аналардан 2 миллион теңгедей ақша жиналғанын анықтаған.

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын орта мектептердің шығындарына байланысты әкімшілік істер жиі қозғалады. Мысалы, былтыр сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ғана 18 мектеп директоры әкімшілік жауапқа тартылған.
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG