Accessibility links

Атырау облысы ювеналды соты осы айда «экстремизмді насихаттаған» екі жас азаматты бес жылға соттауға үкім етті. Ал адвокат «жас баланы соттамай, түсіндіру жұмыстарымен шектелсе болар еді» дейді.

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Атырау қаласында орналасқан – ред.) ақпанның 2-сі күні «экстремизмді насихаттау» айыбы бойынша екі жас азаматты әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Олардың бірі - кәмелет жасқа толмаған жасөспірім. Заң бойынша, қылмыстық іс бойынша айыпталушының бірі кәмелет жасқа толмаса, істі ювеналды сот қарайды.

«СИРИЯҒА ШАҚЫРҒАН»

Атырау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимараты.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимараты.

1995 және 1998 жылдары туған, Атырау қаласында тұратын екі бозбалаға қылмыстық кодектің 233-1-бабы бойынша, «Терроризмді не экстремизмді насихаттады немесе терроризм не экстремизм актісін жасауға жария түрде шақырды» деген айып тағылған. Бұл бапта «экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату» туралы да айтылады. Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев Азаттық тілшісіне:

- Сотталғандар интернеттегі түрлі сайттардан «қарулы жиһадқа» және мұсылмандарды Сириядағы соғысқа шақыратын видеоларды көшіріп, қараған. Осы видеоларды олар мобильді телефондарына орнатып алып, құрбы-құрдастарына көрсетіп, мұжахедтерге (моджахедтер) қосылуға шақырған. Балалар ғой, бірін-бірі желіктіріп, арғы жағы не болатынын білмейді, неге соқтыратынын ойламайды, - деді.

Ақпанның 2-сі күні шыққан сот үкімі күшіне енген жоқ, сондықтан айыпталушы екі азаматтың аты-жөні аталмайды. Қорғаушылар сот үкіміне қарсы аппеляциялық шағым берген. Ол екі апта ішінде қаралуы тиіс.

«ӘЛСІЗ АЙҒАҚТАР»

Азаттық тілшісі айыпталушылардың бірінің адвокаты Әбілғазы Нагиевпен сөйлесті. Оның мәліметі бойынша, «айыпталушылар - Атырау қаласы тұрғындары, ата-аналары бар, толық отбасында өскен, екеуі де мектепте оқымайды, жұмыс істейді». Нагиевтің айтуынша, «Оларды полиция тамыздың 30-ы күні ұстаған».

Сот кезінде анықталған ақпараттарға қарағанда, «Ұстар алдында тиісті қызмет өкілдері күдіктілерді екі ай бақылаған». Ал Нагиев «соттағы айғақтардың күмәнді екенін» айтады.

- Қорғауымдағы баланы (1995 жылы туған) бір ғана эпизод үшін кінәлі деп тапты. Ол және жанындағы жауапқа тартылып отырған досы (1998 жылы туған) екеуі бір жігітке барып, «Сирияға кету керек - мұсылманның парызы, хижра жасайық (қоныс аудару – ред.), бауырларға көмектесу керек» деген. Ол жігіт үйіне барып, интернеттен Сирия, жиһад жөнінде материалдар қарайды. Насихаттау дегеніміз - бір адамның көзқарасын өзгерту, оған өз пікірін таңу. Алайда, тергеу барысында, дәл осы үшінші баланың бұрынан осы мазмұндағы видеоларды интернеттен көріп жүргені анықталды. Соған қарамастан, менің қорғауымдағы баланы соттап жіберді, - дейді адвокат.

Адвокат Әбілғазы Нагиев.

Адвокат Әбілғазы Нагиев.

Адвокат «балаларды соттаудың қажеті шамалы, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген жеткілікті» деген пікір айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Балалардың әрекеттерін «экстремизмді насихаттау» деп білу дұрыс емес. Олар өзара ғана сөйлескен, кейін кездеспеген».

- Бұл жерде насихаттау жоқ, тек өзара бірігіп әрекет етейік деген ой ғана айтылған. Сол күні кездескен, кейін әркім өз жөнімен кеткен, бірін-бірі көрмеген. Кейін менің қорғауымдағы жігіт интернеттен қарап, басқалардан сұрап-біліп, өзінікі қате екенін ұғып, ойынан айныған. Соған қарамастан, біршама уақыттан соң оларды ұстаған. Егер олар қағаз таратып, белгілі бір мақсатта әрекет етсе, насихаттады деп айыптауға болады. Ал мұнда түсініксіз әрі әлсіз айғақтар негізінде айып тағылып отыр, - дейді адвокат.

Адвокат Әбілғазы Нагиевтің пікірінше, «Балалар өте жас, бірі 20-ға, екіншісі 17-ге енді келеді. Оларды теолог немесе имаммен сөйлестіріп не комитетке (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) шақырып, көзқарастарының теріс екенін түсіндірсе болғаны». Кәмелет жасқа толмаған екінші айыпталушының авдокатымен я туыстармен хабарласу мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі жасөспірімдер арасында да экстремистік идеялар тарауының себептерін дінтанушы Артур Артемьевтен сұраған еді. Соттың айыпталушыларды бас бостандығынан айыру үкімін «жақсы емес» деп бағалаған ол «жасөспірімдермен басқаша жұмыс істеген абзал» дейді.

- Жастарға түсіндіруден жалықпау керек. Жастардың экстремалдық дүниелерге, тыйым салынған заттарға қызығатыны белгілі. Біз қазір жастармен жұмыс істеуді доғардық. Мұндай тақырыптардан мектеп неге екені белгісіз – қашқақтайды. Ата-аналар да қазір ақша табу қамымен жұмысбасты болып кетті, бала тәрбиесі екінші орында тұр. Жоғарғы оқу орындарында айтып, түсіндірген боламыз, бірақ ол мүлдем аз, - дейді сарапшы.

СИРИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

2014 жылы қараша айында Сирияда идеологиялық және әскери дайындықтан өтіп жатқан қазақ балалары туралы насихаттық мазмұндағы видео тарап, Қазақстан территориясында бұл видеоға тыйым салынған. «Жақсылыққа барар жол» деп айдар тағылған видео жұртшылықтың наразылығын туғызған еді.

«Жақсылыққа барар жол» деп айдар тағылған видеодан алынған скриншот.

«Жақсылыққа барар жол» деп айдар тағылған видеодан алынған скриншот.

2015 жылы қаңтар айында жарық көрген екінші видеода сол қазақ балалардың «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы «Ресей үшін тыңшылық жасады» деп айыптаған екі адамды өлтіргені бейнеленген. Қазақстанда бұл видеоға да тыйым салынды.

2014 жылы қарашада ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев «Сирияда 300-ге жуық адам жүргенін, оның жартысы әйелдер» екенін айтты. Бұл 2013 жылы қарашада жарық көрген видеоға қарап жасалған болжам болса керек. Себебі сол видеода Сирияда жүрміз деген 150-ге тарта қазақты көрсетеді. Олар онда әйел, бала-шағасымен барғанын мәлімдейді.

Сарапшылар мұндай насихаттық видеолардың «түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы тарайтынын, бірін жапса, екіншісі пайда болатынын» айтады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG