Accessibility links

Техфорумда әлеуметтік желілер де талқыланды


Facebook-тің қоғамдық саясат бөлімі тобының жетекшісі Элизабет Линдер. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.

Facebook-тің қоғамдық саясат бөлімі тобының жетекшісі Элизабет Линдер. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.

Алматыда 14 маусымда Орталық Азия техфорумы басталды. Жиын ҚМЭБИ-де өтіп жатыр. Спикерлер интернет технологиясының маңызы мен даму барысын талқылады.

Facebook компаниясының қоғамдық саясат бөлімінің жетекшісі Элизабет Линдер саясаткерлер үшін қоғамдық пікірталастан сырт қалмаудың маңызын айтты.

- «Ұлттық брендтер рейтингін» (Nation Brands Index) құрушы Саймон Анхольттың «Халықаралық қоғамдық пікір – супердержава» деген сөзі бар. Менің ойымша, бұл - өте тегеурінді мәлімдеме. Бұл рас. Себебі халықаралық қоғамдық пікірді қазір көзге ілмеу мүмкін емес. Ол бар және ықпалды күш. Қоғамдық пікір - үлкен күш. Ендеше, құрметті саясаткерлер, бұл маңызды пікірталасқа қосылмасаңыздар, онда сізді қоғам шеттетеді, сізді ешкім де көзге ілмейтін болады. Сондықтан бұл диалогқа араласу өте маңызды, - деді Элизабет Линдер.

Бұл ойларын жиын соңында болған журналистермен әңгімеде әрі қарай өрбіткен Элизабет Линдер «егер саясаткерлер қоғам пікірінен неғұрлым көбірек хабардар болып отырса, бұл оларға дұрысырақ шешім қабылдауға көмектесететінін» айтты.

«FACEBOOK АККАУНТТАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ»

Бұған дейін Қазақстанда бірқатар оппозиция белсенділері белгісіз біреулердің Facebook-тағы аккаунттарын бұзып, өздерінің атынан жалған ақпарат таратқаны туралы шағымданған еді. Азаттық тілшісі Элизабет Линдерден Facebook-тағы аккаунттардың қауіпсіздік деңгейі туралы сұрады.
Facebook-тың бас директоры Марк Цукерберг (ортада) Nasdaq биржасына әлеуметтік желінің акциясын шығарды. (Көрнекі сурет)

Facebook-тың бас директоры Марк Цукерберг (ортада) Nasdaq биржасына әлеуметтік желінің акциясын шығарды. (Көрнекі сурет)


- Бұл - Facebook-ты қолданып жүрген кез келген адам үшін өте маңызды. Сіз facebook.com/security яғни, біздің қауіпсіздік ресурстар орталығының бетін ашып, аккаунтыңызды максималды түрде қауіпсіз етудің барлық амалдарымен таныса аласыз. Бұл - аккаунтыңызды қауіпсіз етудің маңызды қадамы. Сонымен бірге адамдарды достар қатарына қосқанда да дұрыс шешім қабылдау керек. Сіз ол адамды білесіз бе? Мысалы, сіз кез келген таныс емес адамға есік ашпайсыз ғой. Бұл да сол сияқты. Көптеген саясаткерлер Facebook-ты өте белсенді қолданады. Кей кезде олар өздерінің шынайы аттарымен шығып, пікірлерімен бөліседі. Ал кей кезде олар жұртты біріктіру үшін өзіне ыңғайлы басқа платформа іздейді. Бәрі де адамның әлеуметтік желіде қандай жағдайда өзін қолайлы сезінуіне байланысты, - дейді Элизабет Линдер.

Техфорумның ресми ашылуында сөйлеген қазақстандық Your vision блог-платформасы жобасының авторы Станислав Игнатов Қазақстанда wordpress.com, livejournal.com, blogspot.com сияқты әлемдік платформалардың жабылуынан тек зиян ғана емес, сонымен бірге пайда да болды дейді. Оның айтуынша, «соның арқасында отандық блог-тұғырлар қолданушылар жинап алған».

- Бәрі де прокси-серверлерді қолдануды біледі деп айта алмаймыз. Оларда басқа амал қалмағандықтан, бізге келіп, бізден блог ашты. Бұл бізге көмектесті. Бірақ бұл блог-тұғырлардың жабылғаны дұрыс болмады. Осылайша біз ауқымды білім қорынан да айрылдық, - дейді ол.

«БЛОГТАР ЖЕДЕЛ АҚПАРАТ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫ»

Станислав Игнатов сөз арасында Қазақстанда уақыт озған сайын блогтар мен әлеуметтік желінің ықпалы артып бара жатқанын, «блог жедел ақпарат алу құралына» айналғанын айтты. Оған көптеген мысалдар да айтты.
Your Vision блог-платформасының негізін қалаушы Станислав Игнатов. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.

Your Vision блог-платформасының негізін қалаушы Станислав Игнатов. Алматы, 14 маусым 2012 жыл.


- Өткен жылы Таразда террорлық акт болғанын білесіздер. Көптеген ақпарат құралдары оған қатысты шынайы ақпарат тарата алмады. Ал ғаламтор әртүрлі сыбыстарға, алып-қашпа әңгімелерге толып кетті. Тіпті ақыры «Таразда соғыс басталыпты, атып-қырып жатыр» дегенге дейін барды. Біз осы өсек-аяңдарды сейілтпек болып, тараздық блогшымыз Анатолий Ремневқа хабарластық. Ол оқиға орнына барып, суретке түсіріп, сол суреттері мен шолу жасап, блогына жазды. Біз оны басты бетке шығардық. Осыдан кейін сыбыстар бәсеңдеді. Ресми ақпараттың да бізден екі-үш сағатқа кешіккенін де айта кетейін, - дейді Станислав Игнатов.

Бүгіннен бастап Орталық Азия техфорумында жүз шақты адамға арналған семинар басталады. Орталық Азияның бес мемлекеті, сонымен бірге Пәкістан, Ауғанстан, Үндістаннан келген блогшылар, қарапайым интернет қолданушылар тегін немесе арзан интернет технологияларды қоғам игілігі үшін пайдаланудың тәсілдерін меңгереді.

Бұл амал-тәсілдерді Intel, Cisco, Facebook, yVision, KCell, HTC сынды интернет технологиясы саласында танымал компаниялардың өкілдері үйретеді.

Бұл форумды Қазақстанның азаматтық альянсы және АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырып отыр. Форум маусымның 16-сында аяқталады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG