Accessibility links

Жас белсенділер халықтың құқығын қорғамақ


Қарағандыдағы «Единство» қоғамдық ұйымының төрағасы орынбасары Жан Ботанов. Теміртау, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Қарағандыдағы «Единство» қоғамдық ұйымының төрағасы орынбасары Жан Ботанов. Теміртау, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Жас жігіттер бизнестерін әлімжеттіктен қоримыз деп жүріп тәжірибе жинаған соң өз мүддесін қорғау үшін саясатпен айналысуға тура келетінін ұққан.

Қарағандыдағы «Единство» қоғамдық ұйымының қарапайым азаматтарға әлеуметтік және заңдық көмек көрсететін филиалы Теміртау қаласында бір айдай бұрын ашылды.

Жоба жетекшісі Жан Ботановтың айтуынша, белсенділер халықтың тұрмысы нашар топтарына әлеуметтік көмек көрсетіп, жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүрген жастарға көмектесу сияқты мәселелермен айналысады.

Жас кәсіпкер Жан Ботанов жаңадан ашылған қоғамдық ұйымның жұмысына өзімен қатарлас, ниеттес жастарды тартқан. Ұйымда жас волонтерлер де жұмыс істейді.

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТСЫЗДЫҚ

Бала кезінен екінші топ мүгедегі 35 жастағы Айнұр С. - «Единство» қоғамдық ұйымының филиалына алғаш келіп, көмек сұрағандардың бірі. Сотқа ажырасу туралы арыз берген күйеуі дүние-мүлікті бөлуді талап етіп, әйел қиын жағдайға тап болған. Күйеуі пәтердің жартысын беруді талап еткен. Сот мүлікті бөлу туралы шешім қабылдаған. Енді ортақ пәтерді сатып, екеуі ақшаны өзара бөлісуі тиіс. Білікті адвокат жалдауға ақшасы жоқ Айнұр кімнен көмек сұрарын білмеген.

"Единство" қоғамдық ұйымының Теміртаудағы филиалы. Қарағанды облысы, 4 қыркүйек 2013 жыл.
"Единство" қоғамдық ұйымының Теміртаудағы филиалы. Қарағанды облысы, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Екі баласымен бірге тұрып жатқан оның пәтері қазір сатуға қойылған. Сот шешімін орындаушылар отбасын пәтерден күшпен шығаруға тырысқан.

Айнұрдың айтуынша, заңды білмегендіктен және шарасыздықтан мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысының бір бөлігін күйеуінің пайдасына ұстап отыруға келісіп, арыз жазуға мәжбүр болған.

Енді «Единство» ұйымының белсенділері оған заңдық кеңес беріп, мүлікті бөліске салу заңға қайшы екенін, қолында екі баласы бар мүгедек ретінде оның құқығы бұл арада күйеуінен басым екенін түсіндіріп берген.

- Құқығы бұзылған әйелге ешкім заңдық кеңес бермеген. Ал пәтерді бөліске салу мәселесі - тіпті былық. Отбасында екі бала бар болғандықтан, заң бойынша күйеуі пәтердің жартысын талап ете алмайды. Бірақ бұл жерде екі баланы ешкім есепке алмаған. Әйелдің мемлекеттік жәрдемақысының бір бөлігін ұстауға да ешкімнің хақы жоқ. Бұған заң жүзінде тыйым салынған. Бұл шешімге қатысты қайта соттасамыз. Айнұрдың атынан сот шешімін орындауды тоқтату туралы арыз беріп қойдық. Бұл істі сотқа дейін жеткіземіз. Бұл мәселеде сот орындаушылары өз өкілеттілігін асырып жібергені анық, - дейді «Единство» ұйымының төрағасы Әбілда Әбдікәрімов.

ӨЗІНІҢ ДЕ, БАСҚАНЫҢ ДА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

Орталық Қазақстандағы шағын өнеркәсіп қаласы - Теміртаудағы жаңа қоғамдық ұйым жергілікті жас кәсіпкер Жан Ботанов пен тәжірибелі азаматтық белсенді Әбілда Әбдікәрімовтің күшімен құрылды. 28 жастағы Жан Ботанов қаладағы стоматологиялық емхана мен заң кеңсесін басқарады.

Қарапайым азамат, кәсіпкер ретінде Жан Ботановтың өзі де талай рет құқығы сорақылықпен бұзылған жағдайларға тап болғанын айтады. Қант диабеті дертіне шалдыққан ол да - мүгедек. Күн сайын тиісті медициналық процедура қабылдап, қатаң диета ұстайды. Жан Ботановтың стоматологиялық емханасы мемлекеттік тапсырыс алу үшін тендерге қатысып көріпті. Бірақ тендерде ұта алмай, жергілікті билікпен дауласуға дейін барған. Ол билік, полиция, дәрігерлердің бассыздығына шағымданып, талай рет хат жазып, кейбірімен соттасып, кейде жеңген кездері де болыпты. Басында жалғыз күрескен ол енді өзі сияқты алғыр жастардан команда жинап, басқалардың да құқығын қорғамақ.

Әбілда Әбдікәрімов, "Единство" қоғамдық ұйымының төрағасы. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.
Әбілда Әбдікәрімов, "Единство" қоғамдық ұйымының төрағасы. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.
​Белсенділер қоғамдық ұйымды Қарағандының 2005 жылдан бері жұмыс істейтін «Единство» ұйымының филиалы ретінде өз ақшасына ашқан. Ұйымның кеңсесін ашу үшін бөлме табу да қиын болмапты. Енді олар қоғамдық ұйымның жұмысын ары қарай дамыту үшін грант алудан үміттенеді.

Қарағандыдағы бас ұйымның төрағасы – Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан Әбілда Әбдікәрімов – екінші топ мүгедегі. «Единство» қоғамы филиалының құрылтайшыларының айтуынша, шағын Теміртауда адамдардың құқығы тым жиі, кейде арсыздықпен бұзылады. Әсіресе мүгедек жандардың құқықтары еленбейді. Сондықтан көбіне жастардан құралған белсенділер алдымен осындай жандарға көмектесуді ұйғарыпты. Қазірге дейін ұйымнан оншақты адам заңдық көмек сұрап келген. Олардың кейбірінің ісі сотқа жіберілген.

- Әдетте адамдар бізден сот арқылы өз мүлкін қорғауды, әлеуметтік жәрдемақы алуға көмектесуімізді сұрап немесе белгілі бір шенеуніктің үстінен сауатты шағым жазып беруді өтініп келеді. Ақыры мұндай жандарға билік көмектесудің орнына, қолбайлау болады екен, енді бұл шаруамен біз айналысамыз. Көмек сұраған жанның барлығына тегін көмектесеміз. Сондықтан халықты ештеңеден қорықпай, құқығын заң жүзінде сауатты қорғауға шақырамыз. Өйткені адамдардың көбі заңды, құқығын білмейді де, ірілі-ұсақ шенеуніктер мен алаяқтар жұрттың осы сауатсыздығын пайдаланады, - дейді Жан Ботанов.

Ұйымның Теміртаудағы филиал жақында ашылғандықтан, жұмысы әлі бір жүйеге түспеген. Ұйымға заң саласының мамандары керек. Бұл ұйымның тегін заңдық көмек көрсететінін, сотта мүддесін тегін қорғайтынын тұрғындардың көбі әлі білмейді.

ЖАСТАРДЫ ТАРТУ

Бұрын қала кәсіпорындарының бірінде жұмыс істеген бірнеше мүгедек «Единство» қоғамдық ұйымының Теміртаудағы филиалы қызметкерлерінен тегін заңдық кеңес алыпты. Өндірісте жарақаттанған олар денсаулығына зиян келгені үшін бұрынғы жұмыс берушісінен тиісті өтемақы ала алмай жүр.

Теміртау қаласында балабақша кезегінде тұрған халық. (Көрнекі сурет)
Теміртау қаласында балабақша кезегінде тұрған халық. (Көрнекі сурет)
- Бір істі сотқа жолдауға әзірлеп қойдық. Өндірісте болған жазатайым оқиға жайында құжаттарды алу үшін талап-арыз бердік. Бұрын әлгі кәсіпорында жұмыс істеген мына мүгедектердің құқықтары бұзылғаны анық. Енді күресеміз, - дейді «Единство» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Жан Ботанов.

Теміртау қаласының 18 жастағы тұрғыны Вера Вернигораның «Единство» ұйымында жұмыс істегеніне бір айдан сәл асыпты. Қаладағы политехникалық колледжді «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген бойжеткен мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрген.

- Жұмыс берушілер мамандығым бойынша тәжірибе талап етті. «Қоғамдық ұйымға жас маман керек» деген хабарландыруды газеттен көріп, қуанып кеттім. Әңгімелесуден өттім де, мені жұмысқа алды. Жұмысым өзіме ұнайды. Әзірше жұмыс аз, бірақ адамдарға көмектескен жақсы екен. Мұнда көбінесе мүгедек жандар келеді, - дейді Вера Вернигора Азаттық тілшісіне.

Ұзақ мерзімге жоспарланған жоба бойынша қазір 10 адам жұмыс істейді, оның төртеуі тұрақты түрде кеңседе отырады. Қазір белсенділер құқықтық және әлеуметтік қорғауға зәру Теміртау тұрғындарына көбірек көмектесу үшін жас мамандарды шақырып, қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Белсенділер коррупцияға қарсы қоғамдық тексерулер де жүргізбекші.
XS
SM
MD
LG