Accessibility links

Жұмыссыз жастарға - бюджет есебінен тәжірибе


Еңбек жәрмеңкесі кезінде кезекте тұрғандар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл. Көрнекі сурет.
Еңбек жәрмеңкесі кезінде кезекте тұрғандар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл. Көрнекі сурет.

Теміртау қаласы мен Ақтау ауылында өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастарды бюджет есебінен жарты жылдық тәжірибеден өтуге шақырады. Кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.

Теміртаулық 22 жасар Алексей Ли Қарағандыдағы «Болашақ» университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша саясаттанушы. Оқу кезінде қалалық әкімшілікте студенттік тәжірибеден өтіпті, бірақ, өзінің айтуынша, "алып кел, шауып кел бала" болып, мамандығына еш қатысы жоқ жұмыстар атқарған. Оқуын бітірген соң Алексей өздігінен мамандығы бойынша жұмысқа тұруға талпынды, бірақ тәжірибесі жоқ жас жігітті еш жерге жұмысқа алмады.

САЯСАТТАНУШЫ ҚАЙДА ОРНАЛАСАДЫ?

– Оқуымды аяқтаған соң қайда барарымды білмей сенделіп жүрдім. Әсіресе, мемлекеттік мекемелер тәжірибесіз алмайды. Саясаттану – батыс елдерінде жақсы дамыған, бізде айтарлықтай емес, - деді Азаттыққа Алексей Ли.

Шарасы таусылған ол Теміртау қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласады, онда колледж бен ЖОО түлектерін тәжірибеге алу жұмысы басталған болатын. Осындай жолмен жұмысқа орналасуға Алексей де келісті, енді ол «Теміртау жастар клубында» жарты жылдық тәжірибеден өтеді, еңбекақы алады.

Теміртаулық жас маман Алексей Ли. 17 шілде 2013 жыл.
Теміртаулық жас маман Алексей Ли. 17 шілде 2013 жыл.
– Бұл жерде өз мамандығыма қатысты жұмыстарды атқарамын, бұл мен үшін өте маңызды. Саясаттанушы – саяси әрекеттерді талдайтын адам. Оның үлкен саясат болуы міндетті емес. Қазір «Әлеуметтік төлқұжат» бағдарламасын дайындау туралы зерттеп жатырмын. Жастарды ел өміріне, саясатқа араластыру керек, азаматтық белсенділік қажет. Осы клубта сайтпен де айналысамын, жаңалықтар дайындап, мақалалар жазамын, болашақ саясаттанушы өз ойы мен ұстанымын дұрыс жеткізе білуге тиіс. Бұдан кейін қала әкімінің аппарат жиынына қатысамын, онда айтылған ойларды талдап, қаланың саяси өмірін зерделей бастаймын, - дейді Алексей.

Оған 22 мың теңге (шамамен 45 доллар) жалақың болады деп уәде еткен.

БЮДЖЕТТЕН БӨЛІНЕТІН ЖАЛАҚЫ

Қалалық бюджет есебінен төленетін жастар тәжірибесі үкіметтік «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған, жұмыссыздықты шешудің жаңа жолы ретінде қарастырылған шара. Жастар тәжірибесіне мамандығына сай қызметке орналаса алмаған, 29 жастан аспаған колледж, лицей, техникум, ЖОО түлектері қатыса алады. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда уақытша жұмыс орны құрылады. Машықкерлердің еңбегі мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Оларға шамамен 25 мың теңгеден төлемек.

– Мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген заңгерлер мен қаржыгерлер, программистер көп. Жастар тәжірибесі – оқу орнын бітірген жастардың мамандығы бойынша бастапқы білім тәжірибесін жинауына арналған еңбек әрекетінің түрі. Негізгі мақсат – тұрақты жұмысқа орналастыру, - деді Азаттыққа Теміртау қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры міндетін атқарушы Әсел Нәбиева.

Жұмыссыз жастар еңбек жәрмеңкесі өтіп жатқан мекеме алдында тұр. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.
Жұмыссыз жастар еңбек жәрмеңкесі өтіп жатқан мекеме алдында тұр. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.
Шілденің 1-інен бастап жұмыспен қамту орталығы жастар тәжірибесіне Теміртау қаласы мен қала маңындағы Ақтау ауылынан 40 адамды аттандырған. Екі адам тәжірибеден өтуден бас тартып, ұсыныстың ойларынан шықпағанын айтқан.

«Әдетте 20-25 жас арасындағы жастар келеді» дейді жұмыспен қамту орталығының өкілдері. Жастарды жарты жылдық тәжірибеге алуға бірнеше мемлекеттік және жеке ұйымдар келіскен. Олардың арасында «Асқар и К» компаниясы, «Теміртау жастар клубы» мен «Дзюдо, самбо және қазақша күрес федерациясы» қоғамдық бірлестігі, санэпидемстанция, аурухана, тұрғын үй инспекциясы мен қалалық сот бар.

Мысалы, сотқа екі заңгерді алған, олар сол жерде міндетті түрде аттестациядан өтулері керек, спорт федерациясына жаттықтырушыны, тұрғын үй инспекциясына қаржыгерді алған. Жастар тәжірибесі 6 айға созылады. Ол 2013 жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс. Жастар тәжірибесіне қатысуға құжаттар жинау жалғасып жатыр.

ЖҰМЫС БЕРУШІ

Теміртау қаласындағы жұмыс берушілердің кейбірі жастар тәжірибесінің өздеріне тиімді екенін айтады. Біріншіден, жұмыс беруші жұмыскерге ие болады, оның еңбегін өзі төлемейді, екіншіден, тәжірибе кезінде іскер екенін көрсеткен жас маманды таңдауға мүмкіндік бар.

Теміртаудың орталық көшелерінің бірі. 13 маусым 2013 года.
Теміртаудың орталық көшелерінің бірі. 13 маусым 2013 года.
«Теміртау жастар клубының» жетекшісі Алексей Ломакин үнемі жастарды тәжірибеге жіберуді сұрайтынын айтады.

– Біз өзімізді-өзіміз қаржыландырамыз. Жастардың ақыл-ойын қажет ететін әлеуметтік, жастарға арналған жобаларымыз көп. Жұмыс орнын тауып беруге болады. Жаңа жас адам келген сайын жобаны көбейту мүмкіндігі бар. Бізге үнемі қызметкерлер керек, әсіресі идеясы көп жастарға мұқтажбыз, - деді Азаттыққа Алексей Ломакин.

Оның айтуынша, кадрлер үнемі қалыптасып отырады.

– Біздің талабымыз - жауапкершілік, адалдық және ұқыптылық. Бұндағы жастар ортасына түскендердің бәрі бірдей қалыптаса алмайды. Тәжірибеден соң жұмыс істеуге көбі қала бермейді. Тек сынақтан өткендерді аламыз, - дейді Алексей Ломакин.

Қоғамдық бірлестікте жұмыс істеп, әртүрлі әлеуметтік жобаларды дайындап, жүзеге асыруға әркімнің қабілеті жете бермейді. Сондықтан кейбір үміткерлер қызметке қабылданбайды.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG