Accessibility links

Компания мен кеншілер дауы сотқа жетті


«АрселорМиттал» шахтерлері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал» шахтерлері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өндірістік жарақаттар өтемақысын қайта есептеу туралы кеншілер талабына қарсы шағымы облыстық сотқа жетті.

Шахтерлар компаниядан өндірістік жарақат үшін берілетін өтемақыны қайта есептеуді талап еткен.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өтемақыны қайта қарау туралы әлеуметтік қорғау органдарының шешімін де негізсіз деп, Қарағанды облыстық сотына шағым түсірді.

Бұл дау «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын ондаған миллион теңге шығынға ұшыратуы мүмкін регресті төлемдерге байланысты шыққан.

Бірнеше күн бұрын «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында мүгедек болған регресші кеншілер жиналыс өткізіп, төленуі тиіс өтемақыларын талап етіп, қарар қабылдады.

КЕНШІЛЕР ТАЛАБЫ

Регресшілердің айтуынша, өтемақылар жарақат алған жұмыс орнына, мамандық пен біліктілікке қатыссыз төленуі қажет. «Компания регресті төлемдерді бүкіл департаменттің орташа жалақысымен есептеп, әділдікті бұзды» дейді белсенділер.

Мүгедек шахтерлардың пайымдауынша, жұмыс беруші қызметкерлердің есебінен ақша үнемдеу үшін түрлі қадамдарға барып отыр. Бүгінде регресші шахтерлардың «Уақыт» қоғамдық ұйымында екі жарым мыңнан астам мүше бар екен.

Ұйымының төрағасы Владимир Грачев Азаттық тілшісіне:
"АрселорМиттал" компаниясының бас директоры Лакшми Миттал журналистерге сұқбат беріп тұр. Қарағанды облысы, Абай қаласы, 14 қаңтар 2008 жыл.

"АрселорМиттал" компаниясының бас директоры Лакшми Миттал журналистерге сұқбат беріп тұр. Қарағанды облысы, Абай қаласы, 14 қаңтар 2008 жыл.


- Екі жарым жылдан бері, жалақының өсуіне байланысты жұмыс берушіге еңбекақының жалпы сомасын, көбейген жалақының орташа пайыздық мөлшерін қайта есептету үшін күресіп келеміз. Бір жылдық жалақының он екіге бөлінгендегі орташа көлемін анықтап, жұмыс берушінің регресті төлемдерді өтеу барысында осыны пайдалануын талап етеміз, - деді.

Бірнеше күн бұрын регресші кеншілер Қарағандыда жиналыс өткізді. Онда шахтерлардың талап-тілектері жазылған қарар қабылданды. Енді оны кеншілер «АрселорМиттал Теміртаудың» көмір департаментінің бас директорына тапсырмақ.

- Біз қосымша пункт бойынша төлемдерді қайта есептеуді, яғни мөлшері өскен орташа айлық жалақыны есепке алуды талап етеміз. Орташа айлықты есептегенде 12 күнтізбелік айды түгел ескеру керек. Олар 12 айды түгел есептемей, алғашқы үш айлық жалақының ғана орташа мөлшерін есептейді. Ал осы жылы көмір департаменті бізді мүлде таң-тамаша қалдырып, айлық жалақы мөлшерін 2012 жылдың қаңтар айы бойынша ғана алып отыр, - деді Грачев.
"АрселорМиттал Темиртау" кеншілерінің ереуілі. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл.

"АрселорМиттал Темиртау" кеншілерінің ереуілі. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл.


Оның айтуынша, «Уақыт» бірлестігінің регресші шахтерлары бұдан былай қайта есептеу кезінде 2011 жылғы сәуірдің 1-і мен 2012 жылғы наурыздың 30-ы аралығын алуды талап етіп отыр.

- Созылып кеткен сот машақатын да тоқтатуды сұраймыз. Өйткені сот отырыстары жалғаса береді - бізге пайда жоқ. Мұны көмір департаменті жақсы пайдаланып отыр. Бұлай бола берсе, біз ештеңе ала алмаймыз. Компанияның жауабы жалғыз: сот не шешеді - сол бойынша әрекет етеміз. Егер алғашқы пунктті алып тастайтын болса, біз құралақан қаламыз, - деді Владимир Грачев.

ТОҒЫЗ ПАЙЫЗ

Ал регресші Иван Штрек «Тек бұны ғана талап етпеу керек» дейді. Айтуынша, өзі және жүздеген мүгедек шахтерлар зардап шеккен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы заңның өзін елемей отыр. Регресті төлемақы туралы толықтырулар мен өзгерістер заңға 2010 жылы енгізілген. Бұл өзгеріске де регресшілер ұзақ уақыт арпалысып қол жеткізген еді» дейді мүгедек шахтер Иван Штрек.

- Жұмысшы жарақат алса, өтемақыны барлық шахтадағы орташа айлықпен есептейді. Осының кесірінен өтемақы азайып шыға келеді. Компанияның көп қаржы үнемдейтіні белгілі. Қазір бізге өтемақы орташа мөлшермен есептеледі. Жұмысшының біліктілігі ескерілмейді. Алайда заңда «жұмысшының мамандығы мен біліктілігін есептегенде» деп анық жазылған. Мәселен, комбайншының орташа жалақысы қарапайым шахтер айлығынан аз. Бірақ комбайншының біліктілігі жоғары, - деді ол.
Кеншілер Распадский шахтасында құтқару операциясына дайындалып жатыр. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Кеншілер Распадский шахтасында құтқару операциясына дайындалып жатыр. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Иван Штректің ойынша, Қазақстанның азаматтық кодексінің 943-бабы жүзеге аспаса, регресшілер үлкен шығынға батады.

- Азаматтық кодекстің 943-бабын да ескермей отыр. Онда мемлекет жұмысшыны жұмыс берушінің өктемдігінен қорғайтыны айтылған. Мен мұны неге айтып тұрмын? Себебі ең төменгі жалақы - әр азаматты жұмыс берушінің өктемдігінен қорғаудың тетігі. Онда қымбатшылыққа байланысты мемлекет тарапынан берілетін арнайы өтемақы қарастырылған. 943-бап жұмыс берушінің тасаға тығылуына, біздің төлемақыны азайтуына жол бермейді. Жұмысшыны инфляциядан қорғауға жағдай жасайды, - дейді Штрек.

Айтуынша, «егер 943-бап қолданылса, жыл басынан бері әр мүгедектің төлемақысына тоғыз пайыздық үстеме қосылады».

- Ең төменгі айлық жалақыны көтерген жағдайда біздің төлемақымыз да өсуі керек еді. Осы жылы ең төменгі айлық тоғыз пайызға көбейді. Егер өз төлемақымды есептейтін болсам, алты айда 50 мың теңге жоғалттым. Әрбір регресші қанша ақша жоғалтқанын оп-оңай есептеп шығарады. Төлемақыға тоғыз пайыз қосса болды. Мен және Сергей Бажанов есімді тағы бір регресші облыстық прокуратураға шағымданып, жеңіп шықтық. Олар заңды қолдану туралы бақылау мен әлеуметтік қорғау департаментіне ұйғарым шығарды, ал әлеуметтік қорғау ол ұйғарымды көмір департаментіне берді. Осы ұйғарым негізінде «АрселорМиттал Теміртауды» сотқа бердік, - дейді Штрек.

ЕНДІГІ КЕЗЕК - ОБЛЫСТЫҚ СОТТА

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір депатаменті кеншілер талабымен келіспей отыр.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі жергілікті басылым арқылы «Көмір департаментінде өтемақыны есептеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін, жұмыс істемейтін мүгедектерге берілетін өтемақы орта есеппен айына 54-тен 174 миллионға көбейді. Компания азаматтық кодекс ережелерін сақтап отыр. Кейбір регресшілер облыстық прокуратураға шағым түсіргеннен кейін, өтемақыны қайта есептеу туралы Қарағанды облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінен ұйғарым алдық. Бірақ біздің компания заң талаптарын түгел орындады деген ойдамыз. Компания ұйғарымның заңды не заңсыз екенін білу үшін сотқа жүгінді» деп мәлімдеді.
Біздің компания заң талаптарын түгел орындады деген ойдамыз. Компания ұйғарымның заңды не заңсыз екенін білу үшін сотқа жүгінді.

Бірінші сот (аудандық экономикалық сот) инстанциясы регресшілердің алғашқы пункттегі өтемақыларды қайта есептеу туралы талаптарымен келісті. Бірақ екінші пункттегі ең төменгі айлық мөлшеріне қарай төлемақының да өсуі туралы талапты қабылдамай тастады.

Алайда компания аудандық экономикалық соттың бұл шешімімен де келіспей, істі қайта қарау үшін Қарағанды облыстық сотына шағымданды. Тергеу жалғасып жатыр.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG