Accessibility links

«Бота» қоры жабылған соң балалар орталығының күнкөрісі қиындады


Балаларға арналған «Капитошка» даму орталығында ойнап отырған бүлдіршін. Теміртау, 26 наурыз 2015 жыл.

Балаларға арналған «Капитошка» даму орталығында ойнап отырған бүлдіршін. Теміртау, 26 наурыз 2015 жыл.

Теміртауда ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жастарға арналған тегін орталық қаржы тапшылығынан жұмысын тоқтатты. Орнына ақылы негізде басқа жоба іске қосылғанымен, оның да жабылып қалу қаупі бар.

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарға көмек көрсету орталығы «Бота» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен екі жылдай жұмыс істеді. Әлеуметтік және білім жобаларына бөлінген 12 миллиард теңгені толық игергенін мәлімдеген қор 2014 жылдың аяғында жабылған.

Орталықты қаржыландыру тоқтаған соң Теміртауда ондаған бала қолдаусыз қалды. Бұрын бұл орталықта екі жарым жастан 10 жасқа дейінгі ақыл-есі жетілмеген және интеллекті сау балалар мен 11-24 жастағы жасөспірімдер және жастар тегін оқыған. Кішкентайлар мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасы бойынша дайындықтан өтсе, қалғандары аптасына екі рет келіп, бос уақытын өткізетін.

– 45 балаға көмектестік. Ерекше көмекке зәру 15 баланың сегізі арнайы мектепке ауысты, - дейді орталық басшысы Ирина Тишкина Азаттық тілшісіне.

ЖАБЫЛҒАН ОРТАЛЫҚ

Орталық ұжымы демеуші іздеп, билік пен тұрғындардан көмек сұрай бастаған. Бірақ, жобаны жалғастыру үшін көп ақша қажет, ал оны табу өте қиынға түскен. Ақыры орталық өзін өзі қаржыландыруға көшуді ұйғарып, ақылы негізде «Капитошка» деген жаңа жоба пайда болған. Бұл жобаның мақсаты да науқас және дені сау балаларды бірге оқыту.

Ерекше жәрдемді қажет ететін балалар «Капитошка» орталығында ойнап отыр. Теміртау, 26 наурыз 2015 жыл.

Ерекше жәрдемді қажет ететін балалар «Капитошка» орталығында ойнап отыр. Теміртау, 26 наурыз 2015 жыл.

«Аутизм» диагнозы қойылған үш жасар Алисаның ақылы қызметке көшкен орталыққа келгеніне үш айдай болыпты. Баланың анасы «өзге амалым жоқ болғандықтан, орталық мамандарының қызметіне ақы төлеуге әзірмін» дейді.

– Ең бастысы – қызымның дамуында ілгерілеу байқалады. Қазір қызым көп нәрсені үйреніп қалды, - дейді әйел.

Қазір орталықта 2-16 жас аралығындағы 12 бала оқиды. Әдетте «аутизм», «Даун синдромы», «ақыл-есі жетілмеген» деген диагноз қойылған балалар медициналық комиссиядан өтеді, ал кейбір балалардың диагнозы әлі қойылмаған. Олардың арасында дені сау балалар да бар, бірақ әзірше балабақшаға алмағандықтан, олар инклюзивті даму орталығында шұғылданады.

Орталыққа келетін аса мұқтаж балаларға көмектесу үшін кейде демеуші табылып қалады. Бірақ, қызметкерлердің айтуынша, қазір демеушілер жоқ, сондықтан ата-аналар балаларының оқу ақысын өздері төлеуге мәжбүр.

Бірақ, мамандардың қызмет ақысын төлеуге елдің барлығының шамасы келе бермейді. Ата-аналар орталықтағы төрт және сегіз сағат сабаққа айына 11-20 мың теңге (60-110 доллар) төлейді. Сабақ сенбі, жексенбіден басқа күндері өтеді. Орталықта екі тәрбиеші, психолог, музыка пәні мұғалімі, тәрбиешінің көмекшісі жұмыс істейді. Қызметкерлердің айтуынша, қазақ тіліндегі сабаққа сұраныс болғанымен, қаржы тапшылығына байланысты оны енгізуге әзірше мүмкіндік болмай отыр.

Дамыту орталығы басшысы Ирина Тишкина «ақылы қызметті еріксіз енгіздік» деп түсіндіреді. Теміртау қаласында жүздеген мүгедек бала бар, бірақ, оларды оқытатын жөні түзу орын жоқ. Балалардың көбі амалсыз үйде отыруға мәжбүр. Мамандандырылған шағын орталықтың болуы әйелдерге баласын сонда қалдырып, жұмыс істеуге немесе өзге шаруаларымен айналысуға мүмкіндік береді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG