Accessibility links

Кеншілер жұмыс беруші мен сақтандырушыны сотқа берді


«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Теміртау, 2010 жыл.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Теміртау, 2010 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының мүгедек шахтерлері Теміртау сотына арыз түсірді. Денсаулығын жоғалтқаны үшін өтемақы алу мақсатында олар жұмыс беруші мен сақтандырушыны сотқа берді.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада жараланып, мүгедек болған бұрынғы шахтер Евгений Архипов үш миллион теңгедей өтемақы алуы тиіс.

СОТТЫ КҮТУ

Евгений Архипов 2012 жылы үшінші топ мүгедегі деп танылды. Өндірісте кәсіби дертке шалдыққаны үшін төленетін өтемақыны ол сол кезден-ақ ала бастауы тиіс еді. Бірақ «АрселорМиттал Теміртау» мен «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы арасындағы «Өтемақыны кім төлеуі тиіс?» деген даудың кесірінен тиісті қаражатты әлі ала алмай жүр.

- Жер астында 28 жыл істеп, ақыры мүгедек болдым. Оның үстіне, тиісті ақшамды бермей қойғаны қынжылтады. Жұмыстан шыққан кезде «жеңіл» деп шахтаның үстінен жұмыс ұсынған, бірақ оған денсаулығым жарамайды. Ол жердің іші – сыз, желдің өті. Қалған денсаулығыңды құртасың. Онда істеуге шахтерлердің ешқайсысы келіспей қойды, - дейді Азаттық тілшісіне регрессник Евгений Архипов.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Евгений Архипов сотқа бірден екі талап-арыз берді. Бұрынғы жұмыс берушісі – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір департаментінің үстінен берген бірінші арызында ол денсаулығына келген зиянға төленетін өтемақы мен жоғалтқан жалақысы бойынша қарызды өндіруді талап етеді. Мүгедек шахтер сот арқылы бұрынғы жұмыс берушіге өтемақыны ай сайын төлетуді міндеттемек.
Ол екінші талап-арызын сақтандыру өтемақысын төлеуі тиіс «Альянс Полис» сақтандыру компаниясының үстінен берді.

Евгений Архипов қазір жұмыс істемейді. Бұрынғы шахтер «Жасы 50-ден асқан, әрі мүгедек адамды кім жұмысқа алады? Отбасым әйелімнің жалақысына күн көріп отыр» дейді.

ОНДАҒАН ТАЛАП-АРЫЗ

Қарағанды облысында Евгений Архипов сияқты үш жүзге жуық бұрынғы шахтер бар. Олардың мүгедектігі және басқа кәсіби дертке шалдыққаны үшін тағайындалған сақтандыру өтемақысын алмағанына бір жылдан асқанын Азаттық бірнеше мәрте жазған.

Қазір Теміртау қалалық сотында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы көмір департаментінің үстінен мүгедек шахтерлер түсірген талап-арыздар бойынша азаматтық істер қаралып жатыр. Енді 50-ден аса мүгедек шахтер «Альянс Полис» сақтандыру компаниясын да қоса жауапқа тарту туралы талап-арыз берді.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшылары. Теміртау, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшылары. Теміртау, 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сот материалдары бойынша, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген талапкерлер өндірісте кәсіби дертке шалдығып, мүгедек болған. Өндірістегі жазатайым оқиғалар жөніндегі актілерге сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді міндеттерін орындау барысында туындайтын жазатайым оқиғалардан сақтандыруы тиіс. Бірақ «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемдерін тоқтатқаны туралы былтыр «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына ескерткен.

Сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуді тоқтату себебі ретінде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны бізге жазатайым оқиғалар мен кәсіби дертке шалдыққандар туралы дұрыс мәлімет бермегендіктен сақтандыру жағдайларының саны мен сақтандыру төлемдерінің көлемі дұрыс болжанбай, болуы мүмкін шығын мен сақтандыру сыйақысының мөлшері дұрыс белгіленбеді» деген уәж айтады. Бұл уәжбен келіспеген «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы өтемақыны сақтандыру компаниясы төлеуі тиіс деп отыр.
Әзірше Теміртау қалалық сотында өтемақы өндіру жөніндегі бірде-бір іс аяқталған жоқ. Сот отырыстары түрлі себеппен кейінге қалдырылып келеді.

Жауапкерлер соттан жағдайдың анық-қанығын анықтауға мұрсат беруді сұрады. Бұған жуырда Астанада «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшыларының премьер-министрмен кездесуі ықпал етті. Кездесуде мүгедек шахтерлерге өтемақы төлеу мәселесі талқыланды. Сақтандыру компаниялары қызметін қадағалаушы орган - Қазақстан ұлттық банкіне бұл мәселені желтоқсанның 1-іне дейін шешу тапсырылды.

Жүздеген мүгедек шахтер өтемақы күтіп отыр.
XS
SM
MD
LG