Accessibility links

Экобекет өнеркәсіп компанияларына деген сенімді күшейте ме?


«АрселорМиттал Темиртау» компаниясының орталық қақпасы.
«АрселорМиттал Темиртау» компаниясының орталық қақпасы.

Теміртау қаласында автоматтандырылған алғашқы экологиялық бекеттер орнатылды. Халық «зиянды қалдықтардың қаланы қаншалықты ластайтынын енді нақты білеміз» деп үміттенеді.

Теміртау тұрғындары мен экологтары талай жылдан бері экологиялық бекет орнатуды сұрап келген еді. Бірақ Теміртау қаласы ауасын өнеркәсіп қалдықтарымен ластап отырған ең ірі кәсіпорын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы түрлі сылтау тауып, экологиялық бекеттерді санитарлық қорғау аймағында орнатуға уәде беріп келген.

ГАЗДАР «САУСАҚ БЕДЕРІ» СИЯҚТЫ

Енді Теміртауда үш экологиялық бекет орнатылды. Бірінші станция республикалық тасжолға таяу маңдағы өнеркәсіптік аймақ - шұлық фабрикасы территориясына қойылды. Екінші бекет - қаланың шығыс бөлігіндегі «Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорны іргесінде, ал үшіншісі өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті территориясында орналасқан.

Швециядағы OPSIS компаниясының газдарды талдап көрсететін құрал-жабдығы негізінде құрастырылған бақылау жүйесі атмосфералық ауадағы шаң-тозаң, күкірт ангидриді, аммиак, фенол, күкірт сутегі, азот және көміртегі тотықтары сияқты зиянды заттар мөлшерін тәулік бойы өлшеуге арналған.

Санитарлық қорғау аумағында ауа атмосферасын тексеретін үш экологиялық бекеттің бірі. Теміртау, 31 наурыз 2015 жыл.
Санитарлық қорғау аумағында ауа атмосферасын тексеретін үш экологиялық бекеттің бірі. Теміртау, 31 наурыз 2015 жыл.

Газ талдау аспаптары бар экологиялық бекет немесе станция ішіндегі аспаптар атмосфералық ауадағы газдарды талдайды. Бекеттен шамамен 160 метр жерде сәуле таратқыш аспап та бар. Шатырында қабылдағыш тұр. «Гидромед ЛТД ақпараттық-өндірістік орталығы» компаниясы менеджері Айдын Аутанов:

- Жалғыз сәуленің көмегімен бір мезетте бірнеше газды өлшеуге болады. Оның үстіне, бұл - шығынды көп қажет етпейтін, көбінесе өздігінен жұмыс істейтін құрылғы. Оның көмегімен шаң-тозаң мөлшерін өлшеп қана қоймай, сынама алуға да болады. Кейін бұл сүзгілердің ішінде ауыр металл бар-жоғытексеріледі,- дейді.

Гидромет компаниясы қызметкерінің айтуынша, адамның «саусақ бедері» сияқты әр газдың өзіндік ерекшелігі бар. Ол жарық арқылы өткен кезде оның белгілі бір бөлігін өзіне жұтады. Талдағыш аспап сіңірілген жарық көлемін есептеп шығарып, оны концентрациялауға мүмкіндік береді. Жиналған деректердің бәрі мониторға көшіріледі. Кейін жиналған деректерді метеопараметрлермен салыстыру арқылы ауаны не ластайтынын анықтауға болады.

«СЕБЕБІН ТАУЫП, ЖОЯМЫЗ»

«АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясы бұл жобаға бір миллионға жуық доллар қаржы жұмсаған. Ресми ақпарат бойынша, Қарағанды облысында бүкіл зиянды қалдықтардың 70 пайызға жуығы ауаға «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынан бөлінеді. Металлургиялық комбинаттың қоршаған ортаға тигізетін техногенді әсері көп болғандықтан, жұрт бұл компаниядан экобекеттер орнатуды талап еткен.

Компания мамандарының айтуынша, экобекеттер өнеркәсіп қалдықтарының нормадан асып кетпеуін қадағалау және зиянды заттардың Теміртау тұрғындарына тигізетін әсерін барынша азайту үшін қажет.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының еңбекті қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және экология жөніндегі директоры Виктор Кобер Азаттық тілшісіне:

- Егер зиянды заттардың шамадан асып кеткені тіркелсе, төтенше бірдеңе болып қалды деген сөз. Біздің міндетіміз – зиянды заттардың жайылу себебін тауып, тиісті шара қолдану. Бұл қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін керек, - дейді.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының еңбекті қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және экология жөніндегі директоры Виктор Кобер. Теміртау, 31 наурыз 2015 жыл.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының еңбекті қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және экология жөніндегі директоры Виктор Кобер. Теміртау, 31 наурыз 2015 жыл.

Бұрын, яғни экобекеттер жоқ кезде санитарлық аймақ белдеуінде ауадағы газ деңгейін мамандар аптасына бір рет өлшейтін. Алынған мәліметтер жинақталып, өңделіп, ауадағы зиянды заттар құрамының орташа статистикасы шығарылатын.

Қарағанды облыстық экология департаменті басшысы Зулфухар Жолдасов:

- Кәсіпорынның механикалық жолмен жүргізген мониторинг нәтижелерінде субъективизм көп болатын да, жұрт бұл мәліметтерге сенбейтін, ал бұл шаруаны адамның араласуынсыз машина атқарған кезде мәліметтердің нақтылығы артады, - дейді.

Теміртауда орнатылған экобекеттерге арналған құрал-жабдықты әзірлеген OPSIS компаниясы мамандарының айтуынша, ауа құрамын сапалы бақылап, зиянды қалдықтың ерекшелігін дұрыс анықтау үшін бақылау нәтижелерін метеорологиялық деректермен салыстыра отырып зерттеген жөн. Олардың айтуынша, OPSIS компаниясы мұндай экологиялық станцияларды Орталық Азия елдері ішінде әзірше Қазақстанда ғана орнатқан.

Жуырда Теміртауда өткен баспасөз жиынында OPSIS компаниясы кеңесшісі Андрис Лейтас «Бізге Қазақстанда ұнағаны – елде қоршаған ортаны қорғау саласында озық заңдар қабылданған. Бірақ ең бастысы – 2014 жылы Қазақстан Республикасы жасыл экономикаға көшу туралы тұжырымдаманы бекіткен» деп мәлімдеген.

Оның айтуынша, Қазақстанда елдімекендер кәсіпорындарға тым таяу орналасқандықтан, экологиялық бекеттер орнату қажет.

ХАЛЫҚ СЕНІМІ МЕН АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК

Жергілікті эколог Елена Варганованың айтуынша, орнатылған бекеттер қаладағы экологиялық ахуалды бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ол мониторинг жүргізуге тұрғындар да қатысып, тиісті талаптар қоя алатынын айтады.

Эколог әрі Теміртау қаласындағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымы жетекшісі Елена Варганова Азаттыққа:

Теміртау қаласындағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымы жетекшісі Елена Варганова. Теміртау, 3 маусым 2010 жыл.
Теміртау қаласындағы «Отражение» қоғамдық экологиялық ұйымы жетекшісі Елена Варганова. Теміртау, 3 маусым 2010 жыл.

- Енді тұрғындардың азаматтық бесенділігі артуы мүмкін. Оның үстіне, зиянды заттардың тарағанын немесе олардың концентрациясы шекті нормадан асып кеткенін байқасақ, бірден әрекет етіп, апатты жағдай сияқты оқиғалардың зардаптарын жою шаралары басталады ғой. Тұрғындар бұл жағынан да ұтады. Егер тұрақты мониторинг жүргізілсе,зиянды заттардың ауаға таралуын азайтуға кәсіпорындар да күш салады ғой. Ең бастысы, енді зиянды қалдықтар мөлшері шекті нормадан асып кетсе, жұрттың бәріне бірден белгілі болады, - дейді.

Болжам бойынша, экологиялық бекеттер өнеркәсіп саласы компаниялары жұмысын ашық етіп, тұрғындардың оларға деген сенімі артуына көмектесуі тиіс. Өйткені бұрын жұрт «компания шекті нормадан асып кеткен цифрларды азайтып көрсетеді» деп, сынамалардың дұрыстығына көбінесе сенбейтін.

XS
SM
MD
LG