Accessibility links

Теміртау тұрғындары Назарбаевқа хат жазса да, «буржуйкадан» құтыла алмады


Жергілікті тұрғын Анна Слободенюк пен сәбиі. Teміртау. Мамыр, 2011 жыл.

Жергілікті тұрғын Анна Слободенюк пен сәбиі. Teміртау. Мамыр, 2011 жыл.

Теміртау қаласының ескі бөлігіндегі көпқабатты үй тұрғындары «шенеуніктердің әрекетсіздігінен қаланың қирағанына» налып қойып, «буржуйка» деп атап кеткен темір пештерін жағып отыр.


Оң жағалау деп аталатын аудан – Қарағанды облысының Теміртау қаласының аумағындағы, сегіз мыңға жуық халқы бар өзінше бір ауыл. Демалыс орындарынан қалғаны – қирағалы тұрған үйлер мен ғимараттар, қоқыс үйінділері, керексіз болып қалған газ құрылғылары.

– 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында Оң жағалаудағы үйлердің де, дәріханалар мен бала бақшалар, орталықтанған жылу жүйесінің де жағдайы жақсы болды. Ал қазір оның бірі де жоқ, – дейді тұрғындар.

Теміртау – британдық мультимиллиардер Лакшми Митталдың меншігіндегі металллургия алыбы Карметпен әйгілі, оған қоса Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жұлдызды партиялық мансабын бастаған қала.

«БИЛІКТІҢ КІНӘСІ»

Теміртау халқы бірнеше жыл күресіп жүріп, жалғыз-ақ әлеуметтік жағдайды – ауыз су мәселесін ғана шешті. Бірақ оған да көп күш жұмсады: тұрғындар талай мекемеге хат жазды, парламент депутаттарына дейін барды. Бұл мәселе ақпарат құралдарына да аз арқау болмады. Тек бірнеше жыл өткеннен кейін ғана теміртаулықтардың құбырларынан суық су ақты. «Бірақ басқа мәселелер әлі шешілген жоқ» дейді қалалықтар.
Темір пеш тұтынатын көпқабатты тұрғын үйдің бірі. Tеміртау. Mамыр, 2011 жыл.


Бастамашы топ мүшесі, жергілікті тұрғын Анатолий Еремеевтің айтуынша, «не емхана, не дәріхана, не пошта, не полиция бөлімі, не балалар алаңқайы жоқ – бұрын солардың бәрі болған».

– Неге қоқыс үйіндісінен арылтып, мұнда контейнер қоймасқа? Ақы төлеуге дайынбыз, бірақ бізге назар аударса екен. Көпқабатты үйлердің жағдайы мәз емес, шатырдан су тамшылайды, сылағы үгітіліп жатыр. Бізде жол да жоқ. Ең болмағанда қиыршық тас төгуге болады ғой, – дейді Анатолий Еремеев.

Теміртау қаласының бұл бөлігінде бір кездері бала бақша да болған екен, қазір қирап жатыр.

– Көшеде жарық та жоқ, – дейді Оң жағалау тұрғыны Анна Слободенюк. – Кешқұрым жүру қауіпті. Бұрынырақ әдемі бақ болған, ал қазір тек ағаштың түбірі ғана қалды. Отын мен көмір алатын ақшасы жоқ жұрт кесіп әкетті. Бұл жерде де биліктің кінәсі бар.

«БУРЖУЙКА» БАР, БАҒДАРШАМ МЕН ПОЛИЦЕЙ ЖОҚ

Теміртау тұрғындары ХХІ ғасырда «буржуйка» пешке жылынып отыр. Қолдан жасалған пештер тек жеке үйлерде ғана емес, көпқабатты пәтерлерде де тұр. Бірнеше жыл бұрын №1 ҚарГРЭС-те болған ірі апаттан кейін орталық жылу жүйесі бұзылған.

– Дәл сол кезде қазандық істен шықты, – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Александр Сотирияди Азаттық радиосы тілшісіне – Әркім темір «буржуйка» орнатып алды. Негізі мұндай пеш пәтерде тұрмауы тиіс, кез-келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Ондай оқиға да болған.

Тұрғындардың айтуынша, олар осы мәселеге байланысты Теміртау басшылығына жүгінген, тіпті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да тікелей сұрақ қойған. Назарбаев бұл мәселені жергілікті шенеуніктерге тапсырған, бірақ әлі күнге дейін өзгерген ештеңе жоқ.
Қоқыс алаңы. Teміртау. Maмыр 2011 жыл.

– Әкім мен оның маңындағыларға «карантин» аяқталды. Олар қаланың орталығында ғана емес, шеттерінде де не болып жатқанын өз көздерімен көруі керек. Әкім деген қаланың қожайыны ғой. Әкім немесе депутаттар нақты шаралар жасасын. Қала орталығында су бұрқақтарын жасауға келгенде ақша табылады, ал Оң жағалау тұрғындарының шешімін күткен мәселелеріне келгенде ылғи қаржы жоқ, – дейді белсенді зейнеткер Анатолий Еремеев.

Оң жағалау тұрғындары аудандарында бағдаршам мен участкелік полицейдің де жоқтығын айтып шағымданды.

«НАЗАРБАЕВҚА ТЕККЕ ДАУЫС БЕРГЕН ЖОҚПЫЗ»

Азаттық радиосының тілшісі қала тұрғындарымен әңгімелескен соң мән-жайды білу үшін Теміртау қаласының әкімі Нұркен Сұлтановқа жолықты.

– Қала қазір кеңейіп келеді. Бірақ №1 ГРЭС үш жыл бойына кеңейтілмейді, әзірше №2 ЖЭС-те қаржы болғанның өзінде қуаттылығы жоқ. Қала бойынша көптеген нысандар қазір жылытылмайды. Себебі қала басшылығы, тіпті президенттің өзі қаласа да, оларды жылумен қамтамасыз ететін жағдай жоқ. Айып етпеңіздер, бірақ әзірше қаланың ескі бөлігінде орталықтанған жылу жүйесін жасай алмаймыз, – деді қала әкімі.

Бірақ теміртаулықтар бекер отырған жоқ. Тұрғындардың бастамашы тобы «ауданның мәселелері мен жергілікті басшылардың әрекетсіздігін» айтып, Қазақстан президенті мен парламент депутаттарына хат жазды.

– Егер осыдан кейін де өзгерістер болмаса, Астанаға барып, президент әкімшілігі алдында митинг өткіземіз. Неге Астананы салуға мол қаражат табады, ал Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мансабы басталған жер – Теміртауда ең керекті нәрселерге қаржы табуға болмайды? Билік «Нұрсұлтан Әбішұлын қайта сайлай отырып, біз лайықты өмірді таңдадық» деп уәде беріп еді ғой. Міне, енді өз уәделерін орындасын. Біз оған текке дауыс берген жоқпыз. Қанша дегенмен жақсылық болар деп, ең алдымен әлеуметтік мәселелер шешілер деп үміт арттық, – дейді Оң жағалау тұрғындары.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG