Accessibility links

Миттал металлургтерді «қауіпсіз еңбекке» шақырды


«АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатындағы қорғаныс және арнайы киімдер көрмесі. 28 сәуір 2015 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатындағы қорғаныс және арнайы киімдер көрмесі. 28 сәуір 2015 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тең қожайыны Лакшми Миттал қызметкерлерін еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды. Менеджерлер өндірісте жазатайым оқиғаның жиілеуіне жұмысшыларды кінәласа, белсенділер «компания еңбек жағдайын жақсартуы тиіс» дейді.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында орналасқан елдің ең ірі «АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатында өндірістегі қауіпсіздік ережелерін қатаң орындау қажеттігі туралы сөз бекер қозғалған жоқ. Былтыр «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында жұмыс үстінде төрт адам мерт болған. Биылғы 1-тоқсанда тағы бір адам қаза тапты. Компания әкімшілігі қайғылы жағдайлар көбінесе «қауіпсіздікті ойламай, салғырттық жасаған жұмысшылар кінәсінен болған» деген қорытындыға келген. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеван:

- Бәрінен де жаныңа бататыны - қаза тапқан адамдар жалғыз болмаған, олардың жанында мүмкіндігі бола тұра қауіпті ескертпеген әріптестері болған, - деп мәлімдеді.

Бас директор металлургия комбинаты жұмысшылары мен мердігер мекеме қызметкерлеріне қайғылы оқиғаларға жол бермес үшін жұмысқа кірісер алдында барлық қауіп-қатерді таразылап, ескеруге кеңес берді. «АрселорМиттал» компаниясында адамдар көбінесе биіктен құлап немесе ауыр заттардың астында жаншылып опат болады. Компания мамандарының пікірінше, «жазатайым оқиғалар әдетте біреудің енжарлығынан, немесе бірер минут үнемдеймін деп қауіпті елемеуден, немесе қауіпсіздік шараларын орындауды артық санаудан, бейқамдықтан болады» деп санайды.

ҚОҒАМДЫҚ ИНСПЕКТОРДЫҢ ШАҒЫМЫ

Бірақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының кейбір қызметкерлері керісінше компания кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін толық жағдай жасалмаған деп санайды әрі еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды. Мысалы, көмір цехының қоғамдық инспекторы Артем Сарамудов ұжым атынан «Жақтау» кәсіподағына хат жазған. Цех жұмысшысы мұндай хатты еңбек инспекциясына да жолдаған.

Металлургия комбинатының жұмысшысы дәрігерге қаралып жатыр. Теміртау, 28 сәуір 2015 жыл.

Металлургия комбинатының жұмысшысы дәрігерге қаралып жатыр. Теміртау, 28 сәуір 2015 жыл.

Жұмыс орнында желдеткіш және шаң-тозаңнан тазартатын аспирациялық жүйенің жоқтығын Артем Сарамудов негізгі проблема ретінде көрсеткен. Кәсіподақтың «Магнитка плюс» газетіне берген сұхбатында Сарамудов «жарық түсіретін шамдарды қалың шаң басып қалатындықтан, үнемі қара көлеңкеде жұмыс істеуге тура келеді» дейді. Ол «конвейердің жанында тыныстай алмай, тұншығасың, шаңға бөккен кейбір тұстарда қол созым жерді көре алмайсың» деп жазған. Қоғамдық инспектордың айтуынша, мұндай жағдайда жұмыс істеу қауіпті болса да, бұл проблемамен ешкім күреспейді.

Кәсіподаққа жолдаған хатында Сарамудов «еңбек жағдайы әзірше өзгеретін түрі жоқ, ал бастықтар техника қауіпсіздігі ережелерін бұзып жұмыс істеуге мәжбүрлеуге тырысады. Олар ашық отты қолданып атқарылатын жұмыстарға, жан-жағы бітеу кеңістікте, биікте жұмыс істеуге рұқсат беретін қағаз жазып бермейді». Сарамудов «мұның бәрі бақылаудың жоқтығынан» дейді.

Кейбір қызметкерлер бастықтарға айтқан өтініш-тілектеріміз «жоғарыға» жетпейді деп шағымданады.

«ЖҰМЫСШЫЛАР ОЙЫН АШЫҚ АЙТУДАН ҚОРЫҚПАУЫ ТИІС»

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының тең қожайыны, Ұлыбританияда тұратын миллиардер Лакшми Миттал компания қызметкерлеріне жолдаған жуырдағы үндеуінде жазатайым оқиғаларға жол бермес үшін «цехтар мен өндіріс учаскелеріндегі жұмысшылар мен басшылардың арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту қажет» деп мәлімдеген. Оның үстіне, цех аудиты сапасын жақсартатын, арнайы оқыту-үйрету арқылы жұмысшыларды қауіпсіздік біліктілігін арттыратын әрі жазатайым жағдайлардан кейін тексеру жүргізіп, есеп беруді енгізетін кез жеткен. «АрселорМиттал» тобының түрлі елдердегі кәсіпорындарында былтыр 25 адам мерт болған.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының 1-цехы. 28 сәуір 2015 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының 1-цехы. 28 сәуір 2015 жыл.

Компания мамандары «белгілі бір проблемаларды шешу жөніндегі қосымша шаралар қолдану өкілеттігін жүктеп, басшылықтың жауапкершілігін күшейту қажет, ал қауіпсіздік ережелері бұзылып, қауіпті жағдай туғанын байқаған қызметкерлер ойларын ашық айтудан қорықпауы тиіс» деп санайды.

Лакшми Митталдың мәлімдеуінше, «АрселорМиттал» тобының әлемдегі кейбір кәсіпорындарында адам өліміне әкелген жазатайым оқиғалар мүлде болмаған, ал кейбірінде тіпті жұмысшылардың жарақат алып, еңбекке уақытша жарамсыз болып қалған оқиғалары талай жылдан бері тіркелмеген. Лакшми Миттал бірнеше елде орналасқан бизнес орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерді техника қауіпсіздігі ережелерін орындауға шақырады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG