Accessibility links

Теміртаудағы ерекше зообақ


Зообақтағы түйені тамақтандырып тұрған бала. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Зообақтағы түйені тамақтандырып тұрған бала. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Теміртау маңында ауылда жерде ерекше хайуанаттар бағы ашылды. Келген кісілер жануарларды қолға алып, сипай алады, оларға тамақ беруге де, мінуге де рұқсат берілген.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Теміртау қаласының тұрғыны Надежда Брюхова аң-құсқа үйір жан. Ол балаларға арнап шағын хайуанаттар бағын ашуды бұрыннан армандап жүргенін айтады. Әуелгіде тауық, қоян асыраудан бастаған ол бірте-бірте сүйікті ісін шағын бизнеске айналдырып, әуес ісі оған табыс әкеле бастаған. Соның арқасында Надежданың өзіне ұнайтын ісі қала тұрғындарының өміріне де өзгеріс енгізді, олар енді бос уақытында аң-құстармен жақын таныса алады, ал қасындағы көмекшілері осы кәсіптен нәпақасын айырады.

– Арманымды орындауға жетерлік ақшаны ұзақ жылдар жинауға тура келер еді, – дейді Надежда.

Надежда Брюхова өзі ашқан зообақта тұр. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Надежда Брюхова өзі ашқан зообақта тұр. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Біраз уақыт бойы жиған-тергені – 500 мың теңге, бұл қаржы, әрине, шағын зообақ ашуға жетпейді. Сондықтан ол моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында кәсібін жаңа бастағандарға берілетін мемлекеттік грантқа өтініш беруді ұйғарды.

Жеңетініне сенбесе де әлеуметтік жобаны жазып шықты. Ұзақ іріктеуден соң оның жобасы үздік шығып, үкімет Надежда Брюховаға 2,5 миллион теңге грант бөлді.

– Ақшаның бөлінуін күтіп жүргенімде менің жобам жиі ауызға іліге бастады, Қазақстанның басқа қалаларында да осыған ұқсас жобалар жасалды. Алғашқы идея бәрібір менікі! Дегенмен, біздің жобаның өз ерекшелігі бар, біз төрт түлік малмен етене жақын болуға, оларға қамқорлық жасауға, оларды балаларға таныстыруға көбірек көңіл бөлеміз. Оның үстіне, біз қазір кеңейіп жатырмыз, – деді Азаттықа берген сұхбатында шілде айында ашылған ауылдағы хайуанаттар бағының директоры Надежда Брюхова.

Қазір бақта жануар мен құстың ондаған түрі бар, қолтырауын, шиншилла, хамелеон, опоссум сияқты экзотикалық жануарлар да бар. Оппосум – кішкене тиінге ұқсайтын аң, ашуланған кезде біртүрлі дыбыс шығарады. Бұл аң-құстың барлығын мал дәрігері бақылайды.

Зообақтағы қолтырауын. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Зообақтағы қолтырауын. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Жақын арада бір жұмыртқасына бірнеше адам тоятын түйеқұстарды да әкелу жоспарда бар. Болашақта зообаққа келген кісілер үйрек жұмыртқасынан әзірленген құймақ жеп, бөдене жұмыртқасын, жаңа сауылған сиыр сүтін сатып ала алады.

Бұл зообақта жануарларға жаны құмар бірнеше адам еңбек етеді. Солардың бірі – Теміртау қаласының тұрғыны Ольга Лебедева бала күнінен зообақта ветеринар болып жұмыс істеуді армандағанымен, ата-анасы оған қарсы болыпты.

– Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы металлургия комбинатында еңбек еттім. Арманыма енді қолым жетті. Маған жануарлармен жұмыс істеген қатты ұнайды, – дейді Ольга Азаттыққа.

Шағын зообақта жазғы демалыстарын мағыналы өткізгісі келген оқушылар да ерікті ретінде еңбек етіп, шаруаға көмектесіп жүр.

Теміртаудағы ауылды жердегі зообақ:

ҚАЛА БАЛАСЫНА ҚАЖЕТ ДҮНИЕ

Бұрындары «Ракета» пионер лагерінің бір шеті бос жататын. Қазір мұнда ауыл зообағы орын тепкен. Оған күнделікті ондаған кісі келеді. Көбі – жас балаларын ерткен отбасылар. Тіпті, Қарағанды облысының басқа қалаларынан арнайы келетіндері бар. Кейбіреулері үлкен зообақ көреміз деп келіп, көңілдері құлазып қайтып жатады. Дегенмен, көпшілігі риза болып қайтады, тіпті аң-құстарға жем-шөп беріп, көмектесіп кетеді.

Бақ аумағы әлі толық жабдықталып бітпеген. Кісілер кіргізіліп жатқанымен, торларды тазалау, жабдықтау жұмыстары қатар жүре береді. Үш жасқа дейінгі балалар зообаққа тегін кіретін болса, 14 жасқа дейінгі балалар – 300 теңге, ересектер – 500 теңге төлейді.

Зообақтағы есекке мініп отырған бала. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

Зообақтағы есекке мініп отырған бала. Теміртау, 26 шілде 2015 жыл.

– Мұнда үйрекпен ойнап, үндіктің әрекеттерін тамашалайсың. Маған лақтарға, түйеге шөп берген ұнады. Есекке де міндім, – дейді баққа келген Влад есімді бала.

Келушілердің өтініші бойынша Надежда Брюхова ауыл зообағының ішінен жаздық кафе ашқан. Онда далада отқа пісірілген табиғи таза тағамдардан дәм татып, шай ішуге болады. Зообаққа қажет жерді бір меценат Надеждаға тегін пайдалануға беріпті.

Теміртаудағы ауыл зообағы жыл он екі ай жұмыс істемек. Қысқа қарай жануарларға арнап үлкен қора салынбақшы. Жақында мұнда жаңа аңдар келеді. Зообақ қызметкерлері мектептермен, балабақшалармен, аула клубтарымен келісіп, оларды осында экскурсияға шақырып отыр.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG