Accessibility links

Қараусыз құдықтармен күреске қала тұрғындарының өздері кірісті


Теміртау тұрғындары бала құлаған құдықтың қасында акция өткізіп тұр. Теміртау, 26 мамыр 2012 жыл.

Теміртау тұрғындары бала құлаған құдықтың қасында акция өткізіп тұр. Теміртау, 26 мамыр 2012 жыл.

Екі жасар бала ашық қалған кәріз құдығына құлап өлгеннен кейін Теміртауда қоғамдық ұйым құрылды. Белсенділер қаладағы барлық құдықтардың беті жабық тұратын күнге дейін күреспек.

Теміртауда қоғамдық ұйым құрылды. Атауы - «Ана мен бала қауіпсіздігі мен өмірін қорғаудың Теміртау одағы».

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІН ТУҒАН ИДЕЯ

- Ұйым қызметінің басты бағыттарының бірі - осы қазан айында басталған «Қауіпсіз құдық» жобасы, - деді одақ төрағасы Алексей Митрофанов.
Егор Хмильді жерлеуге жиылған халық. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.

Егор Хмильді жерлеуге жиылған халық. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.


2012 жылы мамыр айында екі жасар Егор Хмиль Теміртау қаласының орталығында жартылай ашық қалған құдыққа құлап, мерт болды. Баланың кәріз суы ағызып әкеткен денесі бірнеше күннен кейін табылды. Қалаларда жиындар мен наразылық акциялары өтіп, тұрғындар ашық жатқан құдықтарды жабуды талап етті.

Егор Хмильдің өлімінен кейін тоғыз күн өткенде, маусымның 1-і күні тағы бір бала құдыққа құлады. Жеңіл-желпі жарақат алғанымен, ол тірі қалды. Мұндай жазатайым жағдайлар қаланың ескі бөлігінде де болды. Бұл оқиғалар жайында кезінде жергілікті газеттер де жазған.

Қазақстанның ірілі-ұсақты қалаларында қараусыз құдықтар қоғамдық мәселеге айналды. Құдық қақпақтарын металл қабылдайтын орындарға өткізуді кәсіп еткендердің жасырын бизнесі осылай адам өліміне себеп болды.

ҚҰДЫҚ ТЕКСЕРУ

Қайғылы оқиғадан кейін Теміртау қаласының әкімдігі құдықтарды түгел жабуға уәде берген. Алайда жарты жыл өтті - ашық жатқан құдықтар әлі бар. Ұйым белсенділері «бұл мәселені тез арада шешу үшін осы одақты құрдық» дейді. Олар құдықтарға үнемі рейд жасап тұрады. Бұл қоғамдық ұйымның жұмысына өз еркімен қосылған белсенділер де бар. Ұйым мүшелері ерікті түрде жұмыс істейді, мүшелік жарна деген жоқ. «Қауіпсіз құдық» жобасының ұйымдастырушысы Алексей Митрофанов:
Үш-төрт адамнан тұратын топ фотоаппаратпен ашық құдықтарды іздеп шығады. Халықтың көмегі де тиіп жатыр. Ашық жатқан құдық болса, фотоға түсіреміз, тиісті хаттама толтырамыз.

– Үш-төрт адамнан тұратын топ фотоаппарат алып, ашық жатқан құдықтарды іздеп шығады. Халықтың көмегі де тиіп жатыр. Ашық жатқан құдық болса, фотоға түсіреміз, тиісті хаттама толтырамыз. Кейбір құдықтар мүлде жабылмайды. Пластик қақпақпен жабылғандары бекітілмеген. Қақпағы жылжып кетсе, өзіміз жабамыз. Ал құдықты жабу мүмкін болмаса, коммуналдық қызмет диспетчеріне хабарлаймыз. Ешкім құлақ аспаса, басшыларына барамыз, – дейді.

Алексей Митрофанов – жас кәсіпкер. Қоғамдық жұмыспен айналысуға мүмкіндігі де, уақыты да бар. «Кішкентай балам бар, оның да қауіпсіздігін ойлаймын» дейді ол.

ЖҮЗДЕН АСА ҚҰДЫҚ АШЫҚ ЖАТЫР

Қоғамдық ұйымның еріктілері Теміртаудан ашық жатқан жүзден аса құдық тапты. Ол құдықтардың фотосуреттері «Одноклассники» әлеуметтік желісіне жарияланды. Бала өлімінен кейін бұл желіде «Егорды еске алу» деген топ құрылды.
Алтыншы ықшам ауданда бірнеше жыл бойы ашық жатқан құдық. Теміртау, қазан 2012 жыл.

Алтыншы ықшам ауданда бірнеше жыл бойы ашық жатқан құдық. Теміртау, қазан 2012 жыл.


– Бұл проблемаға немкетті қарай алмаймын. Басқаларды да белсенділікке, рейдке шақырамын. Билік әрекет жасамады. Бізді «Оқжетпес» ЖШС қолдап отыр. Бас инженері Сергей Пугачевпен жолықтым, құптады. Шынына келсек, бұл – солардың міндеті, бірақ біздің көмекке риза. Ашық жатқан құдық туралы хабарласақ, бірден келеді. Бірақ олардың жұмысында кемшіліктер бар – құдықтардың бетін пластик қақпақтармен бекітпестен жаба салады. Іс аз да болсын алға жылжыды. Ал басқа қызметтер қозғалмай отыр. Бұл құдықтардың жай-күйін «Оқжетпес» қана емес, басқа да коммуналдық қызметтер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де қадағалауы тиіс, – дейді Алексей Митрофанов.

Ұйым төрағасы алтыншы ықшам аудандағы 2-үйдің жанындағы құдықтың ашық жатқанына бірнеше жыл болғанын айтты.

– Құдыққа таяу маңда балалар ойнайтын футбол алаңы болса да, ешкім селт еткен жоқ. Құдық қала иелігінде. Тұрғындар әкімдікке хабар беріпті, бірақ әлі үн жоқ. Ашық жатқанына қанша жыл болды. Ашық жатқан құдықтар туралы көбірек ақпар жинап алайық, сосын әкімдікке, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барып, көздеріне шұқып көрсетеміз. Қайғылы оқиға болған кезде биліктегілер барлық құдықты жабамыз, ақша бөлінді деп уәде берген. Міне жарты жыл өтті – уәделері сол күйі қалды, – деді ол.

«АҚША ЖЕТПЕЙДІ»

Теміртау шенеуніктері қалада ашық жатқан құдықтардың барын мойындағанымен, «Мәселені бірден шеше алмаймыз. Уақыт, ақша керек, қақпақтарды ұрлап әкетіп, сататын – адамдардың өздері, сондықтан алдымен жұрт санасын оятсын» дейді.

Ресми дерек бойынша, Теміртау қаласының коммуналдық меншігінде 3 мың 19 құдық бар. Олардың 1 мың 443-ін ауыстыру қажет.

Теміртау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің бас маманы Татьяна Акулова:
Қақпақтарды ұрлап әкетіп, сататын - адамдардың өздері, сондықтан алдымен жұрт санасын оятсын.

– Енді қақпақтар құлыппен жабылып, кілті қызмет көрсететін фирмада ғана болады. Жұмыс істеуге әзірміз, – деді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің деректері бойынша, биыл Теміртауда 700-ден аса құдықтың қақпағы ауыстырылыпты. «Бөлінген қаражатқа қосымша тағы 80-дей қақпақ сатып алдық» деп хабарлады тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіндегілер.

Ал тұрғындар «Біріншіден, билік металл қабылдайтындарға құдық қақпақтарын алуға тыйым салуы тиіс. Екіншіден, қақпақ ұрлап сататындардың жолын кесу үшін темір қақпақтардың басқа материалға ауыстырылғаны дұрыс. Үшіншіден, құдық орналасқан тұстарға рейд жасап тұру керек. Сол кезде ашық жататын құдықтар мәселесі шешіліп, қақпақ ұрлау тоқтайды» дейді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG